Оңтүстіктің палуандары маусымды қорытындылады

558
№10 күрес түрлері мектебі маусымды қорытындылады

Биылғы маусымның басты жаңалығының бірі Шымкенттің ашық кубогі үшін дзюдо күресінен жарыс болды. Халықаралық дода жоғары дәрежеде өткенін шет елдік мамандар бір ауыздан растап, қазақ палуандарынан тәжірибе де жинақтап қайтты.

Мұрат Қыпшақбаев бастаған күрес түрлері мектебі бүгін биылғы маусымды қорытындылады. Басты жетістік қазақ күресінен Иранда өткен әлем чемпионатынан бас жүлдемен оралған Әсет Ыстыбаев болды.

Мұрат Қыпшақбаев, №10 күрес түрлері мектебінің директоры: «Биылғы маусым біз үшін сәтті өтті. Бапкерлер жақсы жұмыс жасады. Мектептің ашылғанына бір жыл тола қойған жоқ. Десек те жетістігіміз жаман емес. Қазақ күресінен Әлем чемпионы бар. Сонымен қатар құрлық біріншілігінде де топ жарып жатыр. Ендігі мақсат грек-рим және еркін күрестен де шеберлер дайындау».

Спорт мектебінің бапкерлері де құр алақан отырған жоқ. Спорттың бес түрінен ел чемпиондарын тәрбиелеуден бөлек Құрал Орынбасаров самбо күресінен спорт шеберлері арасында ел кубогін жеңіп алды. СОндай-ақ оның шәкірттері Азия чемпионатында топ жарды.

Сондай-ақ, Ресейде өткен халықаралық жарыста Шермағанбет Мақсат жүлделі үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, самбо күресінен екі палуан Әлем кубогі үшін таласта жүлделі болса, тағы он бір жерлесіміз республикалық турнирдің жеңімпазы атанды. Олардың арасында бойжеткендер де бар.

Ашылғанына бір жылда әлі тола қоймаған спорт ордасында бүгінде 33 бапкер жұмыс жасайды. 800-ден астам палуан спорттың бес түрімен шұғылдануға мүмкіндік алған. Олардың шеберлігін арттыру үшін екі бірдей спорттық залдың есігі 24 сағат бойы ашық. Ендігі мақсат Олимпиадаға шәкірт дайындап, спорт шеберлерінің қатарын арттыру.