Отанды сүю-рәміздерді құрметтеуден басталады

374
"Отанды сүю - отбасынан басталады" атты байқау мәресіне жетті

Шымкентте 2 аптаға созылған байқау мәресіне жетті. Анығырақ айтсақ, қаламыздағы 30-дан астам жоғарғы оқу орны атсалысқан «Отанды сүю — рәміздерді құрметтеуден басталады » атты сайыстан жүзден жүйрік мыңнан тұлпар болып танылған өнерпаздар анықталды. Республикамыздың мемлекеттік нышаны күніне орай, жастардың арасында қанатты сөздер мен фото көрме бойынша сайыс жарияланған болатын.

«Шымкент жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйытқы болуымен өткен атаулы сайыстың облысымызда орны ерекше. Сол себепті, қаламыздағы «Шәмші аллеясы» гүлзарында өткен марапттау рәсіміне қала тұрғындары көп жиналды. Айта өтейік, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін ұлықтау турасында өткен байқауға қаламыздың жастары мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қуана қатысты.

Ерлан Тұрсынбекұлы, қазылар алқасының мүшесі: «Жасыратыны жоқ, қазылар алқасына жүзден жүйрікті анықтау оңайға түспеді. Талантты жастардың топ жарғандарын айтқым келеді. Десе де келіп түскен туындыларға тәнті болдық. Қанатты сөздері тарихта қайталанбайтын еңбектер. Сол себепті бұлардың барлығының авторларын жеңімпаз деп білемін. «Жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар» деген емес пе?! Сондықтан бүгін өзге туындылардан оқ бойы озық тұрған, қазақтың тектілігін ту еткен өнер туындыларын таңдап отырмыз. Бұл таңдаулы еңбектер осы байқаудың үздіктерін анықтап берді бізге.

Индира Бекмұрзаева өнерпаз студенттерімен мақтанды

Индира Бекмұрзаева, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі жастар комитетнің төрайымы: «Біз сеніммен қатыстық. Үлкен үміт арттық туындыларымызға. Себебі жыл бойы дайындалған қанатты сөздерден жинақ жасауға саяды. Ең бастысы, бұл қанатты сөздерді ақылмен айтылған. Сондай-ақ еш жерден таба алмайсыз. Бұл біздің колледж студенттерінің санасының нәтижесі. Ойлау қабілетінің жемісі және жетістігі деп білемін. Айта өтейін, қазіргі қоғамда «жастар жалқау, жастар жауапкершіліктен жұрдай, өзінің орнын білмейді я болмаса алдына қойған мақсаты бұлыңғыр» деп санайтындар баршылық. Ал мен бұл пікірге мүлдем қосылмаймын. Себебі, жастар қауымының атқарып жүрген жұмыстары мен түйінді мәселелері көп. Соның барлығын ақылмен жеңіп жүрген жастолқынның қоғамда орны ерек. Сондықтан, көпшілікке айтарым да жастар өз міндетін артығымен атқарып жүр дегім келеді.

Сонымен, байқаудың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып танылған өнер иелеріне мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды. «Жастардың қанатты сөздері» аталымы бойынша бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі иемденді. Ал фото көрме бойынша гран-при Шымкент көлік және коммуникациялар колледжінің студенттеріне бұйырды. «Шәмші аллеясыа» гүлзарында кең көлемде өткен марапаттау рәсімі осылайша концерттік кешке ұласты. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін ұлықтап-дәріптеу ел ертеңін елестете алатын жастарға жүктелген. Сондықтан жастолқынның жарқын өмірдің жаршысы болуы маңызды.