Сапасыз жасалған жұмыстың зардабын қарапайым халық көріп отыр

280

Әрбір жауапты азамат өз жұмысын сапалы жасаса жағдайымыз жақсы болар еді. Бірнеше жыл бойы электр жарығының зардабын көрген Солтүстік-батыс шағынаудар тұрғындарының жан айқайы осы. Арыздарын алып қақпаған есігі қалмаған 500 үйдің тұрғыны біздің арнаға хабарласты.

Бұл электр желілерін шағынаудандағы мүмкіндігі бар тұрғындар өздері тартып алған. Бір бағанаға ілінген бірнеше желі салмақтың ауырлығынан тіпті жерде жатыр. Көше бойындағы бағаналар да, оған тартылған желі де стандартқа сай емес, адам өміріне аса қауіпті. Жарығы жиі сөнетін қалалықтардың арызы тиісті орындарға талай рет берілген.

Солтүстік батыс шағынауданы тұрғындарының тілегімен қалалық бөлім, басқармалар етене таныс. Өткен жылы осы шағынауданға электр жарығын жеткізу үшін ЖСҚ дайындалып құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 248 млн. теңге республикалық бюджеттен бөлініп те қойған. Шенеуніктердің айтуынша, енді тек мердігер мекемені анықтау ғана қалды.

Сөйтіп, осындағы 500-ден астам үйдің бәрі жарықпен қамтылады, ең бастысы, мұнда соңғы үлгідегі желілер жүргізілетін болды. Кезінде коммуникациясы жүргізілмей таратылған жер учаскелерінің барлығына тән қиындықтар бас жоспар бекітілсе, азаяр деген үміт бар.