ОҚО ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен «Шымкентцемент» АҚ-ы мемлекетке 43 млн. теңге төлеуі тиіс. Өткен жылдың қыркүйегінде мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының қоршаған ортаға тигізген шығынды өндіру туралы түсірген талап-арызы қанағаттандырылған болатын. Экологтар шамадан тыс азот оксиді шығарындыларын тіркеген . Ал Кәсіпорын сот шешіміне қатысты алдымен аппеляциялық, кейіннен кассациялық алқаға шағымданды. Бірақ облыстық соттың кассациялық алқасы сот шешімін бұзбастан, өзгеріссіз қалдырды. Енді «Шымкентцемент» зауыты облыстық соттың шешіміне қатысты Жоғары Сотқа шағымданбақшы.
Зауыт құбырлары мөлдір көкпен таласып тұр. Ешқандай шаң мен түтін байқалмайды. Тіпті зауыт жұмыс істемей тұр деп те қалғандайсыз. Бірақ, кәсіпорын өндірісті қыздырып жатыр. Зауытты «Итальчементи» компаниясы қолға алғалы бері мұнда қоршаған ортаны қорғау мәселесіне оң көзқарас бар.
Зауытты қатаң ережелер қалыптасқан. Мұнда бас сұққандар — бас директор болсын, қонақ болсын, бәрі де арнайы киім мен бас киім киіп алулары керек. Құны 8 миллион АҚШ долларына сатып алынған электрлң фильтрлерді орнатқалы бері мұнда цемент шаңы байқалмайды.
Атилла Йылдыз, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры: «Біз тағы да 500 мың долларға үздіксіз мониторинг жасау жүйесін сатып алдық. Ауаға газ және шаң шығаруды бақылап тұру мақсатында өзіміз осындай бастаманы қолға алдық.»
Үздіксі мониторинг жүйесі зауытта орналасқан, ал мәліметтер газанықтағыштарға келіп түседі. Аталған жүйе Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынып отыр.
Рызаметов Фуркат, автоматтандыру жүйесінің инженері: «Барлық мәліметтер компьютерлерге жазылады. Әр жарты сағат сайын пештердегі көрсеткіштер секундына 0,08 грамм болып тіркеліп жатыр. Ешқандай шектен аспайды. Біз экологиялық талаптарды бұлжытпай орындаудамыз».
Пештің де еш ақаусыз жұмыс істеп, электрлі фильтрдің анық жұмыс істеп жатқанын айналып жатқан барабаннан көруге болады.
Атилла Йылдыз, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры: «Цемент өндірісі — экологиялық таза өндіріс. «Шымкентцемент» компаниясы барлық экологиялық талаптарды сақтап, жұмыс атқаруда».
Осындай қадағалаушы жүйеге ие болып тұрып, не себепті тиісті орындар айыптауда деген сауалға компания басшысының айтары мынау: «Әлі де сот процесі аяқталған жоқ деп айтамын. Біздің ойымызша, соттың шешімі дұрыс емес. Біз жоғары орындарда өз құқығымызды қорғайтын боламыз. Біздің есігіміз әрдайым ащық, өзіміз қызмет етіп жатқан елге адал жұмыс атқарамыз деп сендіре аламыз».