Қоршаған ортаны ластаған мекемеден айыппұл өндірілді

Сурет, "Отырар ТВ" сайтынан алынды
Сурет, «Отырар ТВ» сайтынан алынды

Мемлекет пайдасына қоршаған ортаны ластаудан келген 725 718 теңге залал өндірілді.

Мұны Таукент мамандандырылған прокуратурасы анықтап, өндіріп беріп отыр. Мамандандырылған прокуратураның қызметкерлері «Таукент-Энергосервис» ЖШС-нде табиғат қорғау заңнамаларына тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтаған.

Еске салған жөн, ҚР Экологиялық кодексінің 69 бабы 1-тармағына сәйкес, қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға міндетті.

Алайда, «Таукент-Энергосервис» ЖШС-гі қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты 2011 жылдың 06 мамырынан 2011 жылдың 09 мамыры аралығында алғандығы, оған дейін қоршаған ортаны ластаушы заттарды қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алмай тастағаны анықталған.

Осының салдарынан «Шу-Талас» экология Департаменті Оңтүстік Қазақстан филиалы мамандарының экономикалық бағалаудың есептеулері бойынша, қоршаған ортаға 725 718 теңге көлемінде залал келген.

ҚР Экологиялық Кодексінің 321 бабының талаптарына сай экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар келтірген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті.

Тексеру нәтижесімен, «Таукент-Энергосервис» ЖШС-не және экология департаментіне заң бұзушылықтардың орын алу жағдайлары мен себептерін жойып, қоршаған ортаға келтірілген залалды мемлекет пайдасына өндіру үшін тиісті шаралар қолдану жөнінде ұсыныс енгізіліп, оны қараудың нәтижесімен келтірілген залал соммасы мемлекет пайдасына толығымен өндірілді.

«Кен байыту кәсіпорынындағы табиғат қорғау заңнамаларының сақталуы мамандандырылған прокуратураның үнемі қадағалауында»,-дейді Таукент мамандандырылған прокуроры Орал Монтаев.