«Кармен», «Шебер мен Маргарита», «Евгений Онегин». Бұл қойылымдардың барлығы да қаламыздағы облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасында тамашаланды. Жоғарғы дәрежеде өткен «Отаным — бақыт мекенім» атты кешке келушілер де көп болды. Қазақстан Республикасының халық әртісі, балет өнерінің өрлеуіне сүбелі үлесін қосқан, саналы ғұмырының 45 жылын сахнаға сарп еткен аптал азамат Болат Аюхановтың шығармашалақ кеші жоғарғы дәрежеде өтті. Жиналған жұртшылық сахнадан көз алмай, қиялмен қалықтаған ойына тұсау бола алмады. Әрине, жалған дүниенің жалт еткен арнасын өнердің ең нәзік те батыл түрімен сабақтаған өнерпазға тәнті болғанын жасырмады.
Майра Алпысқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ия, расында да бұл ағамыздың ел алдында еңбегі ерен. Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, өз өнерін паш еткен Болат Аюхановтың талантына таңбыз. 45 жыл өмірін сахнада өткізген ағамыздың кеші Шымқалада да болады деген хабарландыруды естігеннен, жарғақ құлағымыз жастыққа тимеді. Асыға күткен атаулы күн де келіп жетіп, бүгін рухани ләззат алудамыз. Ең бастысы өнердің шыңына шыққан азаматты Қазақстан ғана емес, әлем мойындады ғой. Басқа-басқа балет өнернің қыр-сырын жетік меңгерген өнер майталманы алдында бас имеске лажымыз жоқ. «Өнер жолы – ауыр жол» десек те, осы ауырлыққа жанымен төзген Болатқа қандай құрмет көрсетілсе де ләзім».
Марат Бауыржанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің тұңғышым Кәмила балет мектебінде оқиды. Сондықтан, «Отаным — бақыт мекенім» атты кешті асыға күттік отбасымызбен. Бүгінде осы кешке келіп отырмыз. Бала арманының орындалғаны деп білемін бұл кешті. Себебі, қызымның арманы да осы еді. Болат ағасының сарабдал жолын қуу. Десе де алғашында қыз баласының өнер жолына түсуіне қарсылық таныттым. Кейінірек, анасының ақылына құлақ асып, перзентімнің асқақ арманына тосқауыл болғым келмеді. Болат Аюхановтай әлемді мойындатар өнер иесі болады деп сенемін. Себебі, өнерпаздар әрдайым сезімтал да табанды, қажырлы болып келеді емес пе?! Ал бұл мінездің барлығы да менің Кәмиламның бойында бар. Келер күннен күтерім көп. Сол себепті қызымды Болат ағасымен кеңінен таныссын, осындай елге еңбегі сіңген қайраткер болсын деген ниетпен келдік.
- Болат АЮХАНОВ, Қазақстан Республиксының халық әртісі: «45 жылымды сахнаға арнағаныма немесе сахнамен өткеніне еш өкінбеймін. Осы жылдар аралығында қаншама ел мен жерді аралап, осы бір тамаша өнерді танытып қайттым. Бүгінде Шымкентке табан тіреп отырмыз. «Балеттің үлкен кеші» я болмаса «Отаным — бақыт мекенім» деген маңызы мол тақырыпты да өзім таңдадым. Сөздің өзі айтып тұрғандай-ақ Отанымда жүргенімнің өзі мен үшін үлкен қуаныш, бақыт. Туған өлкемнің топырағы мен үшін қымбат. Халық әртісі атағын алғанда да мен халқым үшін еңбек етемін деп уәде еткенмін. Сондықтан, бұл жасаған жұмысымның барлығын да халқыма арнаймын. Ал маған құрмет көрсетіп, бағалаған халқыма дән ризамын. Мың алғысымды білдіремін!
Сәні мен көркі келіскен костюмдермен ерекшеленіп, биімен жанданған сахна өзіндік сырға толы. Балет биін нақышына келтіре орындағандарын көрген көпшілік аң-таң болысты. Бір сөбен айтқанда, балет әлемнің тұңғиығына үңілді. Осындай әдемі үйлесімнің сұлу көрініс тапқаны сондай сахнада көбелектер ғана самғап ұшып жүргендей әсерге қалдырды. Жұлдызды труппа өзінің 45 жылдық өнердегі жолында елімізді ғана емес, әлемнің түкпір түкпірінде өнер көрсетіп келе жатқандықтан, «бұл сахна – бізгеқорқыныш сыйламады, дегенмен тебіреніс болғанын жасырмаймыз» деп мәлімдеді өнерпаздар.