Шымкенттің балалары «Доктор Айболитті» тамашалады

Өңірімізде 1 мамыр – балаларды қорғау күніне арналған шаралар басталып кетті. Бүгін облыстық опера және балет театрының әртістері бүлдіршіндерге Игорь Морозовтың «Доктор Айболит» балетін тарту етті. Корней Чуковскийдің тамаша ертегісін сахналауда ұжым мүшелері түптұсқадан ауытқымады.

Оқиға желісі аңдардың қамқоршысы Доктор Айболит пен достары – Танечка, Қарлығаш пен түлкінің іс-әрекеттері арқылы өрбіп отырады. Варвара, Капитолий есімді қарақшылардың оларға қарсы жасаған қастығы балет қойылымын одан әрі шиеленістіре түседі.

Алғаш рет 2009 жылы премьерасы өткен «Доктор Айболиттегі » басты рөльді Қазақстанның Жастар одағы сыйлығының лауреаты – Мұхтар Әшірбаев сомдаса, қоюшы балетмейстер – театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Рита Хайрушева. Сахналаған – мемлекеттік сыйлықтардың лауретаы  Қуанышбек Сыдықов. Балеттегі кейіпкерлердің денін кішкентай балдырғандар сомдаған.

Мұхтар Әшірбаев, Айболит дәрігердің рөлін сомдаушы: «Бұл – өте қызық ертегі. Бүлдіршіндерді адал болуға, жақсылыққа, мейірімді болуға шақырады. Және бұл балетті театрдағы студиямызға қатысатын балалардың қатысуымен сахналадық. Тіпті арасында сахнаға алғаш шыққан кішкентай балериндеріміз де бар. Бұл – олар үлкен тәжірибе. Көремендерге ұнады деп ойлаймыз».