27 — шілде мен 12 — тамыз аралығында Лондонда өтетін жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақтың көк байрағын балуан Нұрмахан Тінәлиев ұстап шығады. Рас, туды ұстап шығушы қай спортшы болмасын өзіне тапсырылған ұлттың рухы екенін жадында ұстауы тиіс. Жалпы, айтулы аламанда жауапкершілік жүгін кімге артқанымыз жөн?
Биылғы додада Нұрмаханға артылар жүктің салмағы тым ауыр. Грек-рим күресінің балуаны Тәуелсіздік тарихында қазақстандық спортшылардың олимпиадада көк туды желбірететін бесінші спортшы болмақ. Ол талай дүрмектерде ысылған білекті балуан. Әрісі әйгілі Әбілсейіт, берісі Георгий Цурцумия сынды алыптардың орнын басқан жампоз. Бұған дейін жеткен жетістіктері жан сүйсінерліктей-ақ.. 2010 жылы Мәскеуде, 2011 жылы Стамбул төрінде өткен әлемдік сайыстардың қола жүлдегері. Осы бәсекеде әлемге әйгілі, ресейліктер Александр Карелиннің ізбасары деп санайтын Афина олимпиадасының чемпионы Хасан Бароевтың жауырынын жерге тигізіп, дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленген еді. Одан бөлек, сары құрлықтың олимпиадасына баланатын Азия ойындарының алтын жүлдесін иемденген. Гуанжоу төрінде Қытай алыбы Дю Лейді жерлестері алдында зар жылатқаны ерекше атап өтерлік жәйт. Расында, елімізде Нұрмаханға тең келер балуан жоқ. Жуырда журналистерге берген сұхбатында ол: «Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Ермахан ағам сияқты елге алтын медаль сыйлауға бар күш-жігерімді саламын», — деді. Міне, нар тұлғалы жігіт осылай кесіп айтты.
Тарихқа үңілсек, ең алғаш Тәуелсіз ел ретінде 1996 жылы АҚШ топырағында дүбірлеп өткен ғаламдық ойындардың додасына қосылдық. Ол кезде туды ұстап шығу бақыты шойынжұдырық Ермахан Ыбырайымовқа бұйырыпты. Ермахан да нағыз жігіт қой, тұңғыш рет олимпиадаға қатысып тұрып, қола жүлдені мойнына ілді. Көзқуаныш көрсеткіш. Кейіннен араға төрт жыл салып, жасыл құрлыққа аттанар алдында Елбасы жуан жұдырық боксшыға тағы да туды сеніп тапсырады. Ермахан ер екен, Сидней төрінде қарсы келгенді тоқпақтап, алтын жүлдені қоржынға салып қайтты. Міне, намыстан жаралған өршіл азамат! Атағынан ат үркетін апайтөс боксшылар кубалық Хуан Эрнандес, румын Марион Симионды бұрыштан — бұрышқа қуғанын күллі әлем көрді. Осылайша Ермахан екі олимпиадада туды желбіретіп барып, елге құралақан қайтқан жоқ. Өкініштісі, Ермаханның ерлігінен кейін өз сүрлеуімізді жоғалтып алдық. Шымбайға батса да, мұны мойындауға тиіспіз. Күллі әлем елдерінің алдында қазақ спортшыларын бастап шыққан саңлақтарымыз жанкештілік таныта алмады. Жер шұқып қайтқанын несіне жасырамыз. Сенген серкелеріміз жүлденің жалынан ұстай алған жоқ. 2004 жылы Афинада дзюдошы Асхат Жіткеевтің тауы шағылса, Қытай астанасында зілтемірші Бақыт Ахметовтің бағы жанбады.
Десек те, соңғы кездері жауапты сәт хақында түрлі әңгімелер айтылып жүр. Бірі спортшылардың бойында намыс оты сөнген десе, енді біреуі тұғырлы тудың қолдан-қолға өткендігін айтып қынжылады. Шынында, ел делегациясының Бейжіңге дайындық алдында Елбасының қолынан көк байрақты әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев алған еді. Кейіннен сын сағат жақындағанда Сәпиев байраққа желімдей жабысып қалмай, ауыр атлет Б. Ахметовке ұстата салған. Басшылар мұны Серік шаршы алаңға ерте шығатындықтан, 6-7 сағаттық ашылу салтанатында оның жүйкесі сыр беретіндігін айтып сылтауратады. Осының кесірінен Тудың рухы сынып, Серік пен Бахыттың жолы жабылғандығын жақаурататындар да бар. Қалай болғанда да, кеудесінде намысы бар, ұлтым деп тер төгетін спортшылардың жүлдесіз қайтпайтыны мәлім. Бұл өзгермейтін аксиома. » Сидней олимпиадасында Елбасының тапсырған туын құлатуға хақым жоқ еді. Халқыма уәде бергенімнен кейін қиындықтың бәріне мойымай шыдауға мәжбүр болдым. Сондықтан, мен еліме қалайша қиянат жасаймын, қалай мен жеңілемін, мен жеңілсем ту жығылмай ма? Сол сындарлы сағаттарда «Қайткен күнде де, туды құлатпай, төменге қарай еңкейтпеуім керек. Кезінде Ұлы Отан соғысында «Шегінерге жол жоқ, артымызда Мәскеу» деген ұран болған. Сол секілді менің жүрегімде «Шегінерге жол жоқ, артымызда Қазақстан» деген ой ұялай берді. Сол кезде тек қана алға деп атой салдым»,- деген еді ер Ермахан бір сұхбатында. Міне, Ермахан батыр жеріне жеткізіп айтты. Арқасүйер батырың осындай болсын. Елдің иесі болса, тудың киесі болатынын естен шығармайық. Бір кездері Ресейдің атақты балуаны, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Сеул (1988), Барселона (1992) және Атланта (1996) олимпиадаларының чемпионы Александр Карелин Сидней олимпиадасында күмісті қанағат тұтуының себебін ту ұстап шықпауынан көреді екен. Өйткені, ол оған дейін екі рет олимпиада салтанаты кезінде әлем жұртшылығына Ресей спортшыларының мызғымас ту ұстаушысы ретінде танылған еді.
Ендеше, Нұрмахан бауырымыздың жолына тілекші болайық, ағайын! Құдай қуат берсе, халқына берген антын абыроймен ақтайтынына шүбәсіз сенейік!
Қанат ОРАҚБАЕВ, танымал боксшы: «Нұрмаханға тапсырғаны құптарлық. Көптеген жарыстардан құрқол қайтып жүрген жоқ. Намысты, талапты балуан. Соңғы жетістіктерін ескерер болсақ, Лондонда кемі қола жүлде алуы тиіс. Өкінішке қарай, Ермахан ағамыздың жеңісті жолын жалғастыру бұйырмай тұр расында. Нұрмахан осы олқылықтың орнын толтырады деп сенемін».
Біржан ЖАҚЫПОВ, әлем біріншілігінің қола, жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері: «Туды ұстап шығу екінің біріне бұйыра бермейді. Меніңше, кімге ұсынылса да жауапкершілікті сезінетін спортшы болуы керек. Рас, Бейжіңдегі жағдайдан ілік іздейтіндер көп. Осындай жағдай болмас үшін «Жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн».