«Жау жүрек мың баланың» құны — 100 теңге

364
ретсіз және заңсыз саудаға жол жоқ

Шымкенттің көшелеріндегі ретсіз сауда қатарларында тұсауы енді ғана кесілген «Жау жүрек, Мың бала» фильмі 100 теңгеден заңсыз сатылып жатыр. Бұған әділет департаментінің зияткерлік меншік және авторлық құқық бөлімінің мамандары араласып, заңсыз сауда қатарларының көзін құртуға білек сыбана кірісті.

Қалада ретсіз саудамен күрес басталды. Онкүндік барысында әсіресе, заңсыз диск сатушылар қатаң бақыланбақ. Олардың көпшілікке ұсынып отырған өнімдерінің дені заңсыз көшіріліп басылған. Саудагерлердің тайраңдап кеткені соншалықты, тіпті заңда бұған арнайы бап бар екендігіне пысқырмайды да. Салдарынан авторлық құқық тапталуда. Облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік бөлімі аудандық әкімдіктермен бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Аялдама маңын ретсіз сауда орнына айналдырып алғандардың бірі 16 жасар мына бозбала. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол тауарларын әділет департаментінің мамандары жинап алып жатқанда қарсылық көрсеткен жоқ, тек қашып үлгерді.

Қорап-қорап дискілерді тәркілеген департамент мамандары сатушыларды іздеп әлек болмады. Иесіз деп хаттама толтырып, істі сотқа жолдайтынын айтады. Ал жерлестеріміз заңсыз сауда жасап отырғанын түсінеді, бірақ біле тұра, білмегеннің кейпін танытады.

Салтанат Нұрымбетова, облыстық әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бастығы:«Тауарларын тастай салып қашады. Түптеп келгенде олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бірдей бабын бұзып отыр. Біріншісі, 165-бап, яғни ретсіз сауда орындарында сауда жасасағ екіншіден авторлық және сабақтастық құқықтарын бұзып отыр.»

Өтімді тауардың бағасы да арзан. Бар болғаны – 200 теңге. Ал ескіріп қалғандарының өзін 100 теңгеге береді. Десек те, көпшілік арзанның сорпасы татымайтынын жақсы біледі.

Нұрлан: «Көшеде сатылатын дисккеттер сапасыз. Дауысы да нашар. Көшіріле берген соң, оңа ма?»

Олжас: «Әрине, лицензияланған дискіге еш нарсе жетпейді.Бірақ, халықтың қалтасы көтере бермейді, қымбат. Сондықтан да сапасыз болса да, арзанын алады.»

Байғали:«Мен, бір фильмге бола, арнайы дүкенге бармаймын. Арзан, әр аялдамада сатылып жатқанын аламыз да, сапасының төмендігіне күйіп отырамыз.»

Бүгінде шоу бизнесті дөңгелетіп жүргендер аудио, бейне таспалар арқылы табыс табу мүмкін еместігін әлдеқашан мойындап қойған. Таспа шығысымен-ақ оның көшірмелері қаптап кетеді. Авторлық құқық туралы заңның аяққа тапталғанының бір көрінісі осы.

Салтанат Нұрымбетова, облыстық әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бастығы:«Қазір, танымал болып жатқан жаңа фильидер: «Жау жүрек мың бала», «Қара киімділер» атты туындылар үлкен экранға шықпай жатып, контрафактілі өнімдердің арасында тым арзан бағада сатылуда. Яғни, құқық иелерінің құқығы өрескел бұзылуда.»

Алдағы он күнге жоспарланып отырған рейд барысында ретсіз сауда орындарының жолын кесеміз дейді әкімдік өкілдері. Сөйтіп, жақын күндері заңсыз кәсіппен айналысқандардың жолы кесіледі дейді ұйымдастырушылар. Ұзағынан сүйіндірсін.