Аудандарда ретсіз саудамен күрес жалғасуда

55

 

Шымкент қаласындағы Тұран ауданында заңсыз дүңгіршектер мен ретсіз сауда орындарымен күрес жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда мамандар тарапынан 10 сауда орны анықталды.

Атап айтқанда, ретсіз сауда орындары «Жабық базар» аумағында 1 май көшесі, «Автонұр базары» бойындағы Мақталы көшесі, «1000 ұсақ түйек» базары маңындағы Зерделі көшесі бойында орналасқан. Сонымен қатар алты көшеде және Алматы тас жолы бойында жабайы сауда жасау орны жұмыс істеген. Тұран ауданы әкімдігі мамандарының мәліметінше, есепті кезеңге 38 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде, 28 жеке тұлғаға ескерту беріліп, 10 жеке тұлғаға айыппұл салынған.

Қаратау ауданында да ретсіз сауда бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері мамандар тарапынан 184 хаттама түзіліп, айыппұл салынған.

Ал, Әл-Фараби ауданында заңсыз сауда қатарларымен күрес жұмыстары күнделікті жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған. Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері аудандық полиция басқармасымен бірлесе «Орталық Қырғы базар», Әлімқұлов, Төле би, Тәшенов көшелерінің бойына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, белгіленбеген орындарда сауда жасаушы тұлғаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері Шымкент ҚПД Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес белгіленбеген орындарда ретсіз сауда жасаған тұлғаларға 327 әкімшілік хаттама толтырылған.

Сондай-ақ Абай ауданында да сауда нысанынан тыс, қоғамдық орындарда, жаяу жүргіншілер жолында, автотұрақтарға арналған орындарда сауда жасаған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес әкімшілік айыппұлдар салынып, хаттамалар түзілді.

Қазіргі таңда бес ауданның тұрғындарына ретсіз орындарға сауда жасауға болмайтыны және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың негізгі баптары түсіндіріліп, қала аумағындағы базарлар мен жәрмеңкелердегі орындарда сауда жасау керек екендігі түсіндірілді.