27-шілде күні әлемнің түкпір-түкпірінен спортшыларды жинаған байрақты дода басталады. Спорттың 39 түрінен өтетін Олимпияда ойындарында 10 мыңнан астам спортшы бақ сынайды. 4 жылда бір келетін сол дүбірлі сайысқа оннан астам жерлесіміз жолдама алғаны белгілі. Олардың арасында дзюдошы Александра Подрядова да бар. Бүгін палуанды өзінің оқу орны құттықтап, ақ жол тіледі.
Дзюдодан Әлем Чемпионатында қоланы қанжығасына байлаған Александра Подрядова Қазақстан Халықтар Достығы университетінің студенті. Лондон Олимпиадасына жолдама ұтып алған палуан қызды бүгін оқу ордасының профессорлары мен оқытушылары құттықтады.
Рабиға Қуатбекова, Қазақстан халықтар достығы уинверситетінің ректоры: «Біздің университет жас болса да, өзін әлемге танытып үлгерді. Осындай еліміз ғана емес, дүние жүзіне мықтылығын танытып жүрген Александра Подрядова секілді шәкірттерімізді мақтан тұтамыз».
Александра дзюдодан халықаралық дәрежедегі спортшы, жеңіл салмақта еліміздің 11 дүркін жеңімпазы, Азияның бірнеше мәрте жүлдегері. Қазақстан халықтар достығы университетіне Подрярова 2011 жылы оқуға түскен. Қазір бойжеткен мұнда заңгер мамандығын оқуда.
Александра Подрядова: «Университет президенті Қуатбеков Әбдімұса Мұратұлына, ғылым академигі, ректорымыз Рабиға Әбдімұсақызына алғыс айтқым келеді. Мені әрдайым қолдап, тегін оқуға мүмкіндік берді».
Александра бүгін Алматыға аттанбақ. Палуан қыз онда 15-шілдеге дейін оқу-жаттығу жиынында болады. Ал ай соңында бүкіл елдің үкілеген үмітін арқалап, тұманды Альбионға жол тартады.