Қараусыз қалған бүлдіршін облыстық жасы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын паналауда. Кезекті тастанды сәби ата-анасын іздейді. 4 жасар Әмірді көшеде жүрген жерінен полицейлер тауып алған. Ордабасы ауданынан жеткізілген жас баланың жайы бізді де бей-жай қалдырмады.
Даладан табылған бала, мекен-жайын білмесе де руын жақсы біледі. Бірақ бұл әзірге тастанды атанған бүлдіршіннің ата-анасын табуға көмек болмай тұр.
«Менің атым- Әмір. Анамның аты -Тома. Әкем бар, бірақ атын білмеймін. Руым-қоңырат. Анам мені ертең келемін деп көшеге тастап кетті. Сосын ол жерде мен жылап қалдым», -дейді Әмір.
4 жасар баланың аты-жөні Оразбай Әмір екені анықталды. Жергілікті жердегі іздеу әрекеті нәтиже бермегенге ұқсайды.
«Баланы бізге әкеліп тапсырғаннан бері осында тұрып жатыр. Анасы табылғанға дейін орталықта болады. Денсаулығы жақсы, ақыл-есі дұрыс. Ертегі, тақтап айтып бергеніне қарағанда, балабақшада болған»,-деді қамқоршысына айналған бейімдеу орталығының тәрбиешісі Ұлтуған Жанболатова.
Оразбай түнін ұйқысыз өткізіп жатса керек. Анасын сағынғанын айтады. Бірақ әзірге бауырына басар анасы табылмай жатыр. Байқұс бала анам келіп қалар деп әр минут сайын есікке жәутеңдеуде. Егер түсін түстеп, танығандар болса, «Отырар» телеарнасына немесе 95-69-60 хабарласуға болады.
Айта өтейік, соңғы кезде тастанды балалардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады мамандарды. 4 жасар Әмір Оразбай жыл басынан бері бейімдеу орталығына жеткізілген 31-ші бүлдіршін.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0CBT71njZ5o[/youtube]