Бүгін 10-шілде күні ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта атышулы іске нүкте қойылды. Мұндай іс қылмыстық сотта алғаш рет қаралып отыр. Айыпталушылардың саны — 13 адам. Ұйымдасқан қылмыстық топ қарақшылық шабуылдары үшін айыпталып отыр. Анықталғандай, олар өткен жылдың бірнеше айында кәсіпкерлердің үйлеріне басып кіріп, қорқыту арқылы ірі көлемдегі ақшаларын алып қойған. Алғашқы үкім топтың жетекшісі Еламан Нұреддиновке қатысты оқылды.
Әбсаттар Шахидинов, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың судьясы: «Сот Еламан Нұрединов қарақшылық әрекеті, қаруды заңсыз сақтағаны, қаруды өзімен бірге алып жүргені, бопсалау, ұрлық әрекеттері үшін айыпталып отыр. Оның мүлкі тәркіленіп, айтыпталушыға 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалды».
«Дәнікеннен құныққан жаман». Суыққолдылар ірілі-ұсақты ұрлықтармен бірге автокөлік ұрлығымен де айналысқан. Қылмыстық топқа жалпы 16 іс бойынша айып тағылып отыр. Оның біреуі адам өліміне қатысты. Сайрам ауданында тұратын кәсіпкерге қарсылық көрсеткені үшін оқ атылған.
Топтың құрамында құқық қорғау қызметкері де бар болып шықты. Ол Шымкент қалалық Еңбекші аудандық полиция бөлімінің шұғыл уәкілетті өкілі Дәулет Жасұзақов. Қылмыскерлермен күресудің орнына ол ұрыларға Жетісайлық кәсіпкерді тонаудың бағытын көрсеткен. Оған 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, полиция капитаны шенінен айрылды.
Қылмыстық топтың өзге мүшелері 12-ден 18 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Сот үкімі әзірге заңды түрде күшіне енген жоқ. Айыпталушылардың жақындары үкімге қатысты 15 күн ішінде шағымдануына болады.