Ақша тапқысы келген 46 жасөспірім рейд барысында ұсталды

423

Шымкентте «Қауіпсіз қала» шарасы жүргізіліп жатыр. Құқық қорғаушылар қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында көше күзетін мықтап қолға алған. Бір айта кетерлігі, осы шараға балалардың құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері де белсенді қатысып жатыр. Таяуда тәртіп сақшылары мен департамент қызметкері бірлесе рейдке шықты.

Рейд барысында көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген жеткіншектерден бөлек кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңсыз жұмысқа салу фактілері анықталды. Мына жастар көлік жуып, нәпақа тауып жүр. Ең өкініштісі сол — жұмыс істеуге ешқандай жағдай жасалмаған. Ал жұмыс берушіге жеткіншектердің денсаулығы емес, өз қалтасы маңызды.

Жеткіншектердің бар айтары — жазғы демалыс кезінде ақша табу. Расында, біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді деген сөз мына жағдайда тура айталғандай.

Рейд нәтижесінде полиция бекетіне 46 жасөспірім жеткізілді. Ата-ана бақылауынсыз жүрген олардың 14-і бейімдеу орталығына орналастырылды. Тәртіп сақшылары жеткіншектерді заңсыз жұмысқа салғандар тисті жазасын алады дейді.

Сондай-ақ, тізімге ілінген 23 жеткіншектің ата-анасы ӘҚБК-нің 336-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондықтан, өз перзентіңізге абай болыңыз, ағайын.