Бірер жылда Шымкенттің өз орманы болады

284

Шымкентте «Жасыл аймақ» құру идеясы іске асты ма? Облыс орталығымен Ордабасы, Сайрам аудандарының шекараларын жалғастырып, қаланы шаң мен желден қорғайтын, қалдық судың жағымсыз иісінен арылтатын «жасыл желек» алқабында бүгінде 500 мыңнан астам ағаш өсіп тұр. Жоспар қандай еді. Аумақтың қазіргі жәйі қалай. Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Жасыл желекке айналады деп жоспарланған бұл аумақтың көлемі 1000 гектар. Қазір оның 800 гектар жеріне егілген ағаштар өніп, жайқала бастаған.

Шаған, үйеңкі, қарағаш осы жерге бейімді болып шыққан. Ағаштың басқа түрлері де егілгенімен, жерсінбеген. Бадам орман шаруашылығының агрономы Дінмұхамед Чулибаевтың осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар. Маманның сөзіне сенсек, 5 жылда бұл жер нағыз орманға айналады.

Жасыл орманның өздігінен жайқалмасы анық. Екі аудан мен қаланы біріктіріп жатқан жасыл алқаптағы тал-дарақтар мен ағаштарды күтіп-баптау, жерін қопсытып, суғару жүйесін реттеу қаланың коммуналды шаруашылық бөлімінің еншісінде. Биылғы жылы жұмыстарды орындауды жеке кәсіпкер Ахметова міндетіне алыпты. Оған қомақты қаржы да бөлінген.

Ұңғымалар іске қосылғанша, сушылар тіршілік көзін Шымкенттен шығатын сасық көлден тазартып алып жатыр. Алайда көл суы қазірдің өзінде тартылып қалған. Бұрынғысынша, егістікке жіберіледі. Тазартылған суды атыздарға жіберуге бірнеше бригада жұмылдырылған.

3 жылға арналған бірегей бағдарлама Шымкентті шаң мен иістен тазартып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Қазынадан бөлінетін қаржы қысқартылмаса, болашақта бұл орында аң мен құстың мекен ететініне де таңданбауға болады.