Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін биыл 800-дей түлек тәмамдап отыр. Оларға салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі білім ордасының өз қабырғасында өтті. Жас мамандарды қуанышты сәттерімен құттықтауға ұстаздарымен бірге туған-туыстары да жиналған.
Ұстаздардың ақ тілегін арқалай ұшқан жас маман бұл сәтті ғұмыр бойы жадында сақтары сөзсіз. Қолына диплом алған олардың ендігі мақсаты — жақсы маман болып, еліне мүлтіксіз қызмет ету. Атаулы оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, заңгер мамандығын алып шыққан Гүлмира Қасымханқызы білімін өмір жолында тиімді пайдалануды діттейді.
Гүлмира Қасымханқызы, бітіруші түлек:» Өзіміздің түйгеніміз бен ұстаздардың берген білімі өмірлік серік болады деп ойлаймын. Жақсы жұмысқа тұрып, ата-ана аманатын ақтасақ деймін. Еліміздің еңсесін көтерерлік жас боламыз. Диплом жерге қаратпасы анық, қоғамға керекті маман болатыныма сенімдімін.»
Оңтүстіктің ордалы жоғары оқу орнын биыл 800-ге жуық түлек тәмамдап отыр. Түрлі мамандықта жолдама алған олар Мардан Сапарбаев атындағы гуманитарлық институтында оқығандарын мақтан етеді. Араларында 9-ы ерек шығып, қызыл дипломға ие болды.
Гүлшара Сапарбаева, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ ректоры: «Біздің түлектер болашақтың нағыз иелері. Біз оларға сенеміз. Ертеңіміздің есті ұрпағы біздің институтты бітірді. Ақ жол тілеймін. Мемлекетіміздің туын биік желбірететін нағыз маман болады. »
Жас мамандар жұмыссыз қалмайды. Елбасының «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы оларға жол сілтеуге дайын. Тек жұмыс істеуге ниеті болса, болғаны.
Мақсат Жолдасбеков, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары:«Бұл түлектердің барлығын «Жастар практикасы» арқылы тәжірибе жинауға шақырып жатырмыз. Олар бітіріп шыққан мамандықтар бізге сұраныс берген 300 компанияның барлығында бар. Сондықтан да жұмыссыз қалмайтындықтарына сенімдімін.»
Жоғары білім алып, жас маман атанып отырған түлектер еліміздің ертеңі саналады. Олардың армандары орындала берсін деп тілейміз.