Күллі әлем халқы асыға күткен Рамазан айының алғашқы аптасы артта қалды. Сауаптан үміт етіп ауыз бекіткен ағайынның көңілінде қуаныш, жүзінде мейірім. Жер-жерде ауызашар беріліп, ұлық мейрам аста-төк тойланып жатыр. Әрине, бұл тойдың жөні бөлек. Адамзатқа мейірімін төгетін қасиетті айды қадірлеп өткізуді естен шығармайық.
Рамазан — иісі мұсылманды татуластыратын, табыстыратын бейбітшілік айы. Жаратқан ие пенделерінің тәубесін қабыл алып, күнәларды кешіреді. Біліп білмей жасаған күнә-кемшіліктерімізді жуып-шаюға мүмкіндік беретін сәт. Қасиетті айдың әрбір күні мен түні ерекше мән-мағынаға ие. Әр күннің шарапаты мен шапағаты мол. Тәубе-истиғфарды шын ниет-пиғылмен жасауға ұмтылып қалуымыз ләзім. Бұл айда бүліншілік, содырлық жасауға ешбір орын жоқ. Бұған мүлде тыйым салынған. Тәубеге асығудың орнына дау-жанжал, содырлық іс-әрекетке бейімдердің Құдай бетін аулақ қылсын. Дегенмен, қазіргі күні батыстағы кейбір елдердің топалаңы шығып жатқанын несіне жасырайық. Әсіресе, оразаны жиыстырып қойып, бүліншілікке салынған Сириядағы ахуал шиеленісіп барады. Расында, жау шеттен келмейді деген тәмсіл Сирияға тиесілі болса керек. Тыныш жатқан елдің құтын қашырып, ел ішін ала тайдай бүлдірген жергілікті жанкешті тұрғындардың өзі. Бір-біріне көз алартып, елді іштен ірітпек болғысы келетін дін фанаттары мен әсіреұлтшылдардың жосықсыз әрекетін ешкім тоқтата алар емес.
Рамазанмен қоса-қабат қолға қару алып, тайраңдайтындардың қылығы расында сорақы жағдай. Ынтымаққа, бірлікке үгіттейтін қайырымды мейрамда сауапқа ұмтылуымыз абзал емес пе? Жалпы, адамзат баласының бей-берекет соғысып, бүліншілік жасауын Ислам құп көрмейді. Ол тек Рамазанға ғана қатысты емес. Бұл туралы Қасиетті Құран Кәрімде: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә де. Ал адамдарды Құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару – құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс («Бақара», 2/217), делінген.
Облыстық Абдул Хамид Қаттани мешітінің имамы Қазыбек Сарыбаев та жер жүзі халқы тек ораза кезінде ғана емес, әр кез ынтымақта, ауызбіршілікте болуы тиіс деген пікір білдірді. Сондықтан, құрметті мұсылман бауырлар, ораза кезінде ұрыс-керістен аулақ болайық. Бір-бірімізге дем беріп, сауап амал жасауға ұмтылайық. Рамазанды шынайы құлшылықпен өткізіп, өзгеге көмек қолымызды соза білсек, үміт еткен жақсылыққа жетейік.