Бүгінде Әзімбаевтар отбасы көкжәшіктен көзалмай, Мөлдірдің жеңісін тілеп отыр. Қарапайым ғана қазақ отбасынан шыққан
Мөлдір Әзімбай спорттық гимнастиканы меңгеріп, Лондон олимпиадасына жол жүргеніне де апта толды. Ата-анасының кенжесі болып өскен ару бүгінде әлемді мойындату үшін бар жігерін жұмсап жүргені жасырын емес. Айта өтейік, Мөлдір Әзімбай — Лондон олимпиадасына жол жүрген қазақстандық ең жас спортшы. Сондықтан, бүкіл ел Мөлдірге алаңдап, тілеуін тілеп отырғаны дұрыс-ақ.
Тастанкүл Махатова, Мөлдір Әзімбайдың анасы: “Жұрттың қызы ұйықтап, демалып, қыдырып жүргенде менің Мөлдірім спорт залдан шықпай тер төкті. Тілейтінім де сол адал терінің жемісін көрсе игі. Біле білсеңіздер, тамақтан, тіпті бос уақытынан да қағылды. Ендеше, осы бір өмірінің мәнін өзгертер қызымның еңбегі жанса деймін. Қанша дегенімен қанша жылын спортқа арнады ғой қызым. Қақыған аяз қыста да дайындығын үзіп немесе ұйықтап қалған ем ес. Осы бір спорт дегенде жауапкершілікті мойнымен көтерді. Алдына мақсат қоя білді. Болшақтағы жоспарларын да тізіп, маған келіп айтып отырады. Спортық гимнастиканы меңгеріп, өз алдына мектеп ашсам дейді. Таңданатыным сол – Мөлдірім кішкентайынан діттеген мақсатына жетпей қоймайтын. Көп еңбектеніп, әрбір жеңісін көпшілікпен бөліскенді қалайды. Осылайша спорттық гимнастикадан тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада жолдамасын жеңіп алған тұңғыш қыз – Мөлдірім болып отыр. Алла Тағала тіл-көзден сақтасын деп тілеймін. Ең бастысы, мен қызымның еліміздің туын көкке желбірететініне сенемін!”.
Спорттық бағдарламаларды жібермей көретін Жаңабай Қалдаров қызы Мөлдірдің спорт саласына бет бұрғанына қарсы болмағанын айтады. Қайта әрдайым жанынан табылып, демеу болып отырмыз дейді ол. Сондықтан бүгінде Лондон олимпиадасының тікелей эфирден беріліп жатқан көрсетілімінен көз алмай, жанкүйер болып отырған жайы бар.
Жаңабай Қалдаров, Мөлдір Әзімбайдың әкесі: “Мөлдірім – менің ең кенже, ерке қызым екенін айтқым келеді. Сонда да ол ел
алдында еркелік танытпай, өзіне артылған жауапкершіліктің жүгін мойымай көтерді. Ендеше, мен Мөлдірімді мақтамаймын, мен Мөлдіріммен мақтанамын! Кім баласына жамандық тілесін, мен де Мөлдірді бұдан биік белестерді бағындырғанын қалар едім. Бүгінде әлем көз тіккен байрақты додада Мөлдір халықтың үкілеген үміті болып отыр. Қазақстанның үмітін арқалап кеткен Мөлдір ел алдында маңдайы жарқырап, алтын жүлдені қанжығасына байлап келеді деген сенім мол, әрине. Бірақ менің қызымды жарақат сынды ауырлықтар айналып өтіп, аман-есен үйге келгенін қалаймын. Ең бастысы осы. Қызымның аман-есен, денсаулығы зор болып көз алдымда жүргені. Бауыреті баламының амандығы – менің өмірімнің мәні. Қасиетті, қайырымды Рамазан айында жол жүрді. Бұл да тектен-текке емес болар?! Сондықтан, Мөлдірді Бір Алла қолдап, Қазақстанның жалауын желбіретсін деген тілегім бар менің”.
Мөлдірдің бағындырған белестері мен алған жүлделерін мақтан тұтатын әпкесі Динара Әзімбай сіңлісінінің қылықтарын еске алып, сағынғанын айтады. Дәл қазіргі уақытта сіңлісін уайымдап, қайта-қайта суреттеріне қарап тілеуін тілеген Динара қобалжуын жасырмады. Арнайы Мөлдірдің бөлмесмен таныстырған ол, алған жүлделерінің де қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Және соңғы әкелген жеңістерінің арасындағы бриллиант көзді медальін де ерекше атап өтті. Сөз соңында еріксіз көзіне жас алған Динара сіңлісінің күні-түні жеңісін тілеп отырғанын да тілге тиек етті.
Динара Әзімбай, Мөлдір Әзімбайдың әпкесі: “Сіңілімнің кеткеніне 1 айдай болып қалды. Барлығымыз сағынып, фотосуреттерін ақтарып, жолын тосып жүрміз. Ата-анам да теледидардан көз алмайды. Әрине, Мөлдір облыстың емес, күллі Алаштың аманатын арқалап кетті ғой. Мөлдірге де оңай емес. Кішкентайынан спорттық гинастикаға бет бұрып, ешкімнің қарсылығына қарамай қатысты. Тіпті кішкентай кезінде, қыстыгүні таңертең спорт залға кетіп қалатын. Ал біз 11-шағынауданды шыр айналып іздеп таппай қалған кездеріміз де болған. Нәтижесінде, спорт залдан дайындық үстінен тауып алатынбыз. Мәселен, менде бұл спортқа қатыстым. Бірақ, дене жарақаттары сынды ауырлықтар көп кездеседі. Авъл Мөлдір бұл қиындықтарға мән бермей, шыдады. Алдына қойған межелі мақсатқа жету үшін ешқашан шаршаған емес. Айта кетейін, Мөлдір — өте жігерлі және қайратты қыз. Себебі, мен Мөлдірдің әпкесі әрі құрбысымын. Сырын да, шынын да менімен келіп кеңесіп, содан кейін ғана жоспар құрады. Себебі, сенімді адамы ретінде мені қатты құрметтейтінін айтқым келеді. Енді, міне сіңілім Мөлдірге Алла жар болып, Қазақстанға жеңіс сыйласын, біздің ғана емес, елінің мақатанышы болсын деймін”.
Мөлдірдің алған жүлделерін отбасы мақтан тұтады. Бүгінде Лондон олимпиадасына аттанған 17 жасар ару ІІ Еуразия ойындарында сырық жаттығуы бойынша 3 орынға ие болған. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері. Котбус қаласында өткен Әлем Кубогы үшін жарыстың қатысушысы, Қазақстан халықтары ІІІ Спартакиадасының жеңімпазы. Лондондағы байрақты олимпиадаға жол жүрер алдын “Ең басты мақсатым – қазақтың әнұранын әлемдік додада әуелеткім келеді» деген Мөлдірдің жүрек жарды сөзі қабыл болғай. Ендеше өнердің ең нәзік әрі қиын саласын таңдаған Мөлдір Лондон олимпиядасын бағындырып, елдің мақтанышы болады деген сенім мол.