Оңтүстіктің 13 саңлағы Лондонға аттанды

Енді екі күннен кейін күллі әлем халқы асыға күткен бәсірелі бәсеке байрағын түреді. Тұманды Альбионда дүниежүзінің 10 мыңға тарта сақа спортшысы 302 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстандық спортшылардың дені Олимпиадаға аттанып кетті.

Әлемге әйгілі Лондон 2 апта бойы спортпен тыныстайды. Небір майталман спортшылардың ерлігіне куә боламыз. Олимпиада ойындары спорт бәсекелерінің төресі болғандықтан спортшылар бар шеберліктерін көрсетпек. Күні кеше Лондон қаласының мэрі әйгілі шаһар олимпиаданы бастауға дайын екендігін мәлім етті.
Лондон ойындарының біз үшін орны бөлек. Спортшыларымыздың дайындығына Үкіметтен 700 млн. теңге бөлінген. Жоталы жұмыс жасалып, бапкерлер мен спортшылар тынымсыз тер төкті. Төрт жыл бойы маңдай терін төккен спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар шапса, біз күткен 13 жүлдені қоржынға салуға мүмкіндігіміз бар. Қайткен күнде де отандық спортшылар кемі 3 алтын олжалап, бұған дейінгі олимпиада ойындарындағы нәтижемізді жақсартуы тиіс.

Жуырда, Ақордада олимпиадашылардың басын қосқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев жерлестерімізден жоғары нәтиже күтетінін айтты. Елбасы отандастарымызға қолдау көрсету үшін Лондонға баратындығын да жасырған жоқ.

Ғаламдық сайыста кімдерден үміт күтеміз? Сұрыпталған 115 спортшы жерге қаратпайтынына сенгіміз келеді. Қазақ елі, әсіресе, ауыр атлетика, бокс және күрес спортының өкілдерінен бағалы жүлде дәметеді. Атап айтқанда, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, сонымен қоса, Нұрмахан Тіналиев, Алмат Кебісбаев әнұранымызды шарықтатуы тиіс. Бәлки, біз елемеген, ешкім күтпеген спортшының да жарқ ете қалуы мүмкін. Бұл – сиқырға толы спорт.

Дүбірлі бәсекеге Оңтүстіктен 13 саңлағымыз аттанды. Құрама сапындағы ұл-қыздарымыздың әлеуеті зор. Тек өздеріне сенімділік керек. Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгинадан саф алтын күтеміз. Біржан Жақыповтың да өткен олимпиададағы есесін қайтаруына үлкен мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, зілтемірші Арли Чонтей, еркін күрес шебері Ермек Байдуашев пен даян шеберлері Нұрсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешовадан жүлде күтеміз.

Спорт жанкүйерлері биылғы доданы «Хабар» және «Еларна» арнасынан тамашалай алады. Құрметті отандастар, шама-шарқымызша сүйікті спортшыларымызға қолдау көрсетіп, демеп отырайық. Олимпиадада сайыпқырандарымызға сәттілік серік болғай!

Лондоннан жүлдемен оралғандар мынадай сыйақыларға ие болады:

Алтын – 250 000 АҚШ доллары
Күміс – 150 000 АҚШ доллары
Қола – 75 000 АҚШ доллары
4-орын — 30 000 АҚШ доллары
5-орын –10 000 АҚШ доллары
6-орын – 5000 АҚШ доллары