ОҚМПИ алғашқы түлектеріне диплом табыстады

509
ОҚМПИ алғашқы түлектеріне диплом табыстады

Алғашқы түлектеріне диплом табыстады. Анығырақ айтсақ, Оңтүстік өңіріндегі тек ұстаздар даярлайтын жалғыз жоғарғы оқу орны — Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты алғашқы түлектеріне диплом табыстады. Жылдар бойы ғимараты мен есімінен айырылған жоғарғы оқу орнында бүгінгі күні 3000-ға тарта студенттері бар. Ауқымы кең оқу орнын 400 студент бітірді. Оның 40 түлегі қызыл диплом иеленді.

«Ең бастысы біз абыройлы институттың дипломын алдық, енді аянбай абыроймен  елге қызмет етеміз» деген түлектер сөзі нық.

Айгерім Қалдарбекова, ОҚМПИ-дің түлегі: «Мен бүгін қызыл диплом алып отырмын. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді бұл қызыл диплом — 4 жыл бойы алған білімімінің жемісі деп білемін. Сондықтан алдағы уақытта елімнің ертеңі, болашағы үшін аянбай еңбек етемін. Қазақстанның  дамуына үлес қосуды көздеп отырмын».

Нұрсұлтан Тукебаев: «Ия, расында да бүгінгі күн — ерекше күн мен үшін. Себебі, 4 жыл бойы өзім күткен қызыл дипломға қол жеткіздім. Енді осы өзім жұмыс жасап, отбасымды асыраймын. «Еңбектің наны тәтті» демей ме қазекең?! Десе де дәл қазір анда немесе мұнда жұмысқа кіремін деп айта алмаймын. Алдағы уақытта түйіндемемді таратып, сол бойынша жұмыс іздейтін боламын. Келер күннен күтерім көп. Сондықтан, алған білімімінің дәлелі ретінде, шәкірт тәрбилеп, міндетті түрде нәтижесін көрсетемін».

Сәулеш Тілеуова, куратор: «Менің көңілім босап отыр. Себебі, 4 жыл бойы көзалдымда оқып, білімдерін жетілдіріп отырған жастар бүгінде — жас маман болып, оқу ордасынынан түлеп ұшып отыр. Әбден бауыр басқан студенттерімді әрине қимаймын. Десе де «жиі-жиі келіп тұрамыз, сіздерден алған білімімнің нәтижесін көрсететін боламыз», деп оқытып-тәрбиелеген шәкірттерім жұбатып жатыр. Осыларға қарап отырып, өзімнің де мектепті, жоғарғы оқу орнын тәмамдаған шақтарым ойыма оралып отыр. Бұл да болса өмірдегі маңызды қадам жасауға жолдама береді ғой. Сондықтан студенттеріме ақ жол тілеймін!»

Айта өтейік, 3000-ға жуық шәкірт тәрбилеп отырған жоғарғы оқу орны жылдар бойы өз ғимараты мен атағынан айырылған болатын. Десе де қазіргі уақытта институт өңірде беделі үстем оқу орны болып жұмыс атқаруда.