«Бақытты көздер үшін жақсылық жасауға асығайық». Осындай ұстаныммен Шымкентте қайырымдылық сайты іске қосылды. Бұл веб-порталға қыруар қаржыны талап ететін күрделі ем-дом жасалуы тиіс науқас баласына ата-анасы көмек сұрап, хабарласа алады. Ал ғаламтор бетін ашқан әрбір адамның мұқтаж жандарға қол ұшын беруіне мүмкіндігі бар. 

Бауыр еті – баласы ажал аузында тұрғанда кімде-кім болса да жанұшырып көмек күтетіні белгілі. Ал мына жандар қалталы азаматтар мен мұқтаж жандар арасында алтын көпір болмақ. «www. happy-eyes.kz» қайырымдылық порталының ашылғанына 1 айдан енді ғана асты. Ондағы мақсат – науқас балалар жайында ақпар жинап, олардың мұңын жаны жомарт азаматтарға жеткізу.

Михайл Ким, «www. happy-eyes.kz»  сайтының жетекшісі: «Әрбір бала бақытты дені сау болып өмір сүруге лайықты деп ойлаймын. Өзімнің де 2 балам бар. Ал Оңтүстікте ем алып, шет ел асып ота жасатуға қаржысы жетпей өлім аузында тұрған сәбилер қаншама. Оларға көмектесу үшін біз бірнеше балалар үйін де аралап қайттық. Соңында науқас балаларға арнап сайт ашуды ұйғардық. Біз ешқандай пайда көздеп отырғанымыз жоқ. Ол ақшалар тікелей баланың есепшотына түсетін етіп ұйымдастырғанбыз».

Ғаламтор арқылы балаларға көмек көрсету оңай. Қаржыңызды барлық реквизитттері жазылған банк есеп-шотына аударуға болады. Ал көмекке мұқтаж ата-аналар баласының денсаулығы жайындағы анықтама алып келуі тиіс. Алаяқтықтың алдын алу үшін барлығы жіті қадағаланады дейді мұндағылар. Қазір порталда 2 балғын туралы жазылған. Олардың бірі – Максим Домарацкий.

Игорь Домарацкий үлкен отбасым болса деп армандайтын. Қазір оның 4 баласы бар. 13 жылдан соң жары араға 2 жыл салып қос егіз тапқанда қуанышы қойнына сыймай қуанған. Бірақ, алғашқы егіздің сыңары – қыз баласы даун синдромымен туылса, екінші егіздердің бірі сал ауруымен дүние есігін ашты. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, енді кенжесі Максим ақ қан дертіне шалдығыпты. Қазір ол анасымен Алматыда емделуде.

Игорь Домарацкий, Максимнің әкесі: «Жарты жыл бұрын Максимнің көз алды ісіп тұратынды шығарды. Ауруханаға тексерілгенімізде лейкемия, ақ қан деген диагноз қойылды. Ем қабылдап, енді жұлын ауыстыру қажет деп жатыр. Израйлде жасайды екен ондай отаны. 65 мың АҚШ доллары қажет. Сал баламды емдеп жүрген едік. Енді ол жайына қалды. Барлық ойымыз әзірге осы Максимді аман алып қалу. Көмек қайдан кеп қалар екен деп, ғаламторды да шарлап осы сайтты таптым».

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі 4 айда 11 науқасты шетелге емдеуге жіберген. Оның 5-уі осы ақ қан ауырумен ауыратын балалар. Ал Максимге кезектің қашан жетері белгісіз.