Ғаламтор арқылы оңай олжаға қол жеткізетіндер көбейіп кетті

232

Ақпараттық технологиялар дамыған сайын интернет алаяқтық түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Ал олардан зардап шегушілер де қомақты қаржысынан айырылып қалып жатыр.

Интернет алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шыңғыс Жайлаубек.

Жалпы 2021 жылы өңірде 334 интернет алаяқтығы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Олардың басым бөлігі Түркістан, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш аудандарында орын алған. Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, БАҚ арқылы және әлеуметтік желілер арқылы аталған қылмыстардың алдын алу бойынша мақалалар мен роликтер таратуда. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын, жүретін қоғамдық орындарда, көшелерде тақырыптық бильбордтар ілінуде. Учаскелік полиция инспекторлары да халыққа жадынамалар таратуда.

Сондай-ақ интернет алаяқтарымен күресте қырағылық танытқан полицейлер, күдіктілерді дер кезінде құрықтауда. Мәселен, Кентау қалалық ПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша белгісіз біреу оның атынан онлайн-несие алып, 135 мың теңге шығын келтірген. Біраз уақыт өткен соң берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек беруін полицейлерден сұраған. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады.

Аталған қылмыстық істі полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Дәл осындай жағдай Ордабасы ауданында да болған. Жәбірленушінің атынан белгісіз біреу 880 мың теңге несие алған. Бұл іске қатысы бар күдікті әйел ұсталды.

Бүгінгі таңда техника дамыған сайын, ғаламтор арқылы өз олжасына оңай қол жеткізетіндер көбейіп жатқаны анық. Олар қарапайым телефоннан-ақ жоспарларын жүзеге асыруда.

Сондықтан полиция қызметкерлері әрдайым интернет алаяқтардан абай болу керектігін ескертеді және қауіпсіздікті сақтау бойынша бірнеше кеңестер береді.

Яғни (банк қызметкерімін) немесе (OLX, Колесо) қосымшаларында сізге күмән келтіретіндей қызмет ұсынса, ақпардың нақтылығына және заңды екендігіне көз жеткізіңіз!