Сайрам ауданы Манкент ауылдық округіне қарасты шаруашылық үшін қазір қызу науқан. Көкөністер кезегімен пісіп жетілуде. Мырзалиевтер отбасы картопты жинауға кіріскен. Мұнда шаруашылықтың алты мүшесінен бөлек маусымдық жұмысқа тартылған жалдамалы азаматтар да бар. Үлкендерге каникулға шыққан балаларда көмектесуде. Диқандарды мазалап отырған мәселелердің бірі сақтайтын қойма жоқтығынан өнімдерін тым арзанға сатуға мәжбүр болуы. Картопты 25 теңгеден босатудамыз, ол біздің шығынымызды өтемейді дейді шаруа.

Шавкат Мирзалиев, «МанкентАгро» әлеуметтік-тұтыну кооперативіне қарасты шаруашылықтың төрағасы: «Сатуда күрделіктер бар. Егін басына келіп алып сатарлар арзан бағаға алып кетеді. Өзіміз сатайын десек, оған рұқсат керек, тасымалдау үшін көлік қажет. Ерте көктемнен қамданамыз, таң сәріден  күн батқанша еңбектенеміз. Алайда оның шарапатын толық көрмей отырмыз. Егерде қоймамыз болғанда, сақтап, күзде, қыста сатсақ күн көрісімізге жетер еді».

Шаруашылық «МанкентАгро» ауылдық тұтыну кооперативінің құрамында. Сондықтан да барлық қордаланған мәселені кооператив басқармасы шешуге тырысады. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қоймасын салуға жергілікті билік көмек көрсетпесе, шаруалар шығынға белшесінен бататыны анық дейді кооператив басшысы.

Батырбек АНАРМЕТОВ, Сайрам ауданы «МанкентАгро» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы: «Облыс әкімдігі алдында 5 мың тонна өнімді сақтайтын  қойма қажеттігін айтқан болатынбыз. Алайда, әзірге  нәтиже жоқ. Еккен өнімдерін тым арзанға сатып, шығындарын  диқандар өтей алмай отырған жағдайы бар. Манкенттің өзіне жақсы қойма керек».

Көктемгі дала жұмыстарына үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанаржағар май шаруаларға бөлінеді. Биыл диқандар алдын жанармайдың 1 литрін 72 сосын 76 теңгеден сатып алды. Кооператив шаруашылықтарға 50 тонна жанаржағар май үлестірді. Алайда ұсақ шаруашылықтар үшін оны сатып алу тиімсіз.

Батырбек Анарметов: «10-15 теңгеден төмен сатады. Ол тиімсіз. Егерде жанаржағармайды 30-40 теңгеден төмен бағамен сатса, бұл шаруаларға жақсы қолдау болатын еді. Ұсақ шаруашылықтар 10-20 литр үшін бекетке барып, шығындалғанша алмағанымыз».

«МанкентАгро» ауылдық тұтыну кооперативі 1200 шаруа қожалықтарын біріктірген. 2008 жылы құрылған өндірістік кооперативінің меншігінде бар 7 жарым мың гектар жер алқабының 2, жарымы суармалы, 4 жарымы құнарлы және 500 гектары жайылымға арналған. Біріккен шаруашылық тек көкөніс егіп қана қоймай, жүзім, алма бақтарын және де дәнді дақылдар бидай мен арпа егеді. Техниканың тапшылығынан өнімділік деңгейі төмен.Шаруашылықтардың басым бөлігі аталарымыздың қолданған тәсілін пайдалануда.

  Нұрлан Есіркепов, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ ОҚО филиалының бас маркетологы: «Лизингке техника сатып алуға «ҚазАгроқаржы» сияқты  құрылымдар көмектеспесе , кооперативтің өзі техниканы сатып алуға   қаржысы  жетпейді».

Тағы, күрделіктердің бірі тыңайтқыштың жетіспеушілігі. Шаруалар ташкенттік селитраның әр қабын 3 жарым мың теңгеге сатып алған, ал ресейлік тыңайтқыш тым қымбат. Ал өзіміздегі ҚазАзоттың өнімі республиткадаға қажеттілікті өтей алмайды. Кооператив басқармасы тарапынан жақында жердің құрамы тексертіліп, фосфордың жетіспейтіні анықталыпты. Ал калий мен азот жеткілікті мөлшерде екен. Шаруалар аммикаты селитрадан гөрі калий, фосфор минералды тыңайтқыштардың қажеттілігін айтуда. Шаруа аянбай еңбек етеді, алайда бейнетінің зейнетін әлі де болса толық көре алмай келеді. Биліктегілер, сала министрліктері, қаптап кеткен түрлі агрокешенді құрылымдар осы мәселеге назар аударса екен.