Жолкіренің мәселесі қашан шешіледі?

Шымкентте шілде басталғалы жаңалық көп. 1-шілдеден қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттады. Енді автобустар мен бағыттағы таксилерге 45 теңгеден төлейміз.  

2 күннен бері қалалықтар қоғамдық көліктерде жолақыны 10 теңгеге артық төлеуде. Бұл шешім осыдан бір ай бұрын қалалық маслихаттың сессиясында қабылданған-ды. Қаншама уақыттан бері көтеріліп келсе де, жолкіренің қымбаттауын тұрғындар әртүрлі қабылдады. Бірі бензин ақысы арзандаған тұста неге жолақы көтерілді деп түсінбеушілік білдірсе, бірі қалтаның қағылғаны қағылған, тағы барлық зат та, қызмет те қымбаттай береді деп ашынады.

Қала тұрғындарын бәрінен де, қоғамдық көліктерде жүрудің қауіптілігі ашындырады. Жолкіре қымбаттағанға қызмет сапасы да сәйкесінше бола ма деген сауалдарды жиі қоюда. Расында да, авторбус немесе газельге мінген әрбір тұрғын бір рет болса да жүргізушілердің теңге қуып көшелерді жарыс алаңына айналдыратынын жақсы біледі.

Ал тасымалдаушы компаниялар басшылығы жолкіренің көтерілуіне оңай қол жеткізген жоқ. Бұл тығырықтан шығып, жыртығымызды жамауға да жеткіліксіз дейді «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы.

«Южавтотранс» қауымдастығының ұсынысымен көтерілген баға, мұнан соң қазан айында тағы өзгермек. Яғни, күзде жолаушылар автобустар мен шағынавтобустарда жол жүргені үшін 50 теңгеден төлейді.