Жедел жәрдем келгенше қол қусырып отырмаңыз

Алғашқы көмекке зәру тұрғындардың қатары көбеюде

Әсіресе жаз маусымында жедел-жәрдем қызметіне жүгінетіндердің қатары көп болады дейді дәрігерлер. Өйткені бұл маусымда созылмалы, қантамыр жүрек аурулары өршіп, қан қысымы көтерілетіндердің қатары көбейеді екен. Оған түрлі салаттар мен тағамдардан, қауын-қарбыздан уланатындардың санын қосыңыз. Соған байланысты бір тәулікте 1200-1300-ге дейін шақыртулар түсіп, тұрғындар 103 нөміріне телефон шалып, жәрдем сұрайды екен.

«Біздің аумағымызда 120 000 халық тұрады. Әсіресе жазғы кезеңде қоңырау шалатындар өте көп болғандықтан, кейде үлгере алмай жатамыз. Әсіресе кешкі сағат 6 мен түнгі 24 сағат аралығында қарбалас кезең болады. Осы уақытта тұрғындар кешігіп жатыр деп, шағымданады. Ал біздің мамандарымыз алыс-жақын жерлердегі шақыртуларға да шығады»,- дейді шаһарымыздағы №3 жедел-жәрдем бекетінің меңгерушісі Рәзия Абытова.

Онымен қоса көп жағдайда дәрігерлер тұрғындардың нақты мекен –жайын таппай, адасатын сәттер болады. Сондықтан шақыртқан азаматтар күтіп алса екен дейді дәрігер. Қаламыздағы ең үлкен бекеттердің бірі саналатын мекемеде сегіз бригада жұмыс жасаса, оның біреуі кардиологиялық, екеуі педиатрлық бригада.

«Оңтүстікте бала өсімінің саны өзге қалалармен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін ескерсек, жаздыгүні балалар арасында аурулар бойынша шақыртулар да көбеюде. Әсіресе ішек аурулары мен қауын-қарбыздан уланған кішкентайларымыздың қатары азаймай отыр. Бүгінде олардың саны 150-ге жетті. Сондықтан ата‑аналар балаларын тамақтандырарда абай болса екен дейміз»,‑ деді Рәзия Қамбарқызы.

Алайда әрбір азамат алғашқы көмек көрсетудің ең қарапайым әдістерін меңгеру керек. Олар жедел жәрдем келгенше қолдан келген көмегін жасай алуы тиіс.