Шымкент-Шардара бағытындағы тасжолдың үстінде қайғылы жол апаты орын алды. Ұзын ата ауылынан қалаға бет алған «Форд Транзит» автокөлігі Бадам елдімекені тұсына жеткенде Камазбен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан 11 адам көз жұмды. Тағы 8-і ауруханаға жеткізілген.
Ұзын ата ауылының тұрғыны Қазыбек кеше қалаға жолға шыққан. Ол қаладағы бір оқу орнының студенті. 22 жастағы жігіт жолаушы тасымалдайтын көліктің артқы жағындағы орындығына отыруды әдетке айналдырғын екен. Алла сақтап, кешегі жол апатынан аман қалып отыр. Осылайша қалаға шаруаларымен келген жігіт ауруханадан бірақ шықты.
Жолаушы тасымалдап жүрген автокөліктің иесі де сол ауылдың тұрғыны. Олар сол күні таңертеңгі сағат 6:30-дар шамасынан Ұзын ата ауылынан Шымкентке қарай бет алған. Ішіне 18 жолаушы мінген көлік сағатына 100 шақырымдай жылдамдықпен келе жатқан. Кенеттен жолдың үстіне шыға келген сиырды айналып өтпек болып, жолдың қарсы бетіне өтіп кетеді.
Шұғыл шақырту алған құтқарушылар оқиға орнына тез арада келіп жетті. Қатты соққыдан темір үйіндісіне айналған көліктің ішінен 10 адамның денесін алып шығу оңай болмаған.
Қараусыз жайылып жүрген сиыр мен жүргізушінің жол жүру ережесін сақтамауы кесірінен ондаған отбасы қара жамылды. Тағы 8 адам ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты деп отыр.
Дәрігер-травматолог: «Кеше бізге 8 науқас ауруханға түсті. Оның 5 еуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Жалпы науқастардың жағдайлары бірқалыпты».
Айта кету керек, қаза тапқандардың арасында 15-17 жастағы жеткіншектер де бар. Әзірше 6 адамның жеке басы анықталған жоқ. Қазір орын алған қайғылы жағдайға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.