Өткен демалыс күндері Шымкенттегі кей дүкендерден нан табылмай, ұн бағасы күрт көтеріліп кетті. Бұрын 2400-2500 теңгеден саудаланып жүрген І сұрыпты ұнның құны бақандай 700-1000 теңгеге қымбаттады. Нан өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер біраз әбігерге түсті. Наубайханашылардың біразы осы аралықта жұмысын уақытша тоқтатып та үлгерді.
Наубайханалардың жабылуы шаһар тұрғындарының нан іздеп сабылуына негіз болды. Бірінші сұрыпты ұн бағасы 3400-3500 теңгеге көтерілді. Жоғары сұрыпты ұн да осы шамада. Ал нанның бағасын көтеруге болмайды. Өз кезегінде «Нан» наубайханашылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әбумәлік Көмекбаев, егер облыстық билік талап етіп отырғандай, нанды пісіріп, 35 теңгеден сататын болса, әр қап ұннан 513 теңгеден шығын көретінін айтады.
«Біз ондай қадамға бара алмаймыз, себебі, бұл біздің жеке бизнесіміз ғой. Қандай амалмен болсын нарықта қалуға тырысамыз. Сондықтан, бұрынғы ұнның қоры аяқталған наубайханаларды жауып, жұмысын тоқтатуға тура келеді», — деді ол.
Нан сатушылардың да бұл орайда айтары бар. «Пайдаға кенеліп жатқан біз емес, оны өндірушілер» дегенді алға тартқан олар ұнның қымбаттағанына өздерінің де разы еместігін байқатты.
Шымкенттегідей нан тапшылығы мен ұн бағасының күрт өсуі Мақтаралда да белең алған. Базарда қап-қап болып үйіліп ұн тұр. Бірақ, сатып алушыдан гөрі жай бағасын сұрап, басты шайқап кетіп жатқандар көп.
Мәселені шешуге білек сыбана кіріскен жергілікті билік бір шешімін тапқандай. Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөліміндегілер енді бар қиындық артта қалды деп отыр. Алдағы күндері нан бағасын көтермей ұстап тұрған, билікпен арнайы меморандумға отырған наубайханаларға жеңілдетілген бағада ұн таратылады.
Бұл мәселені оң шешу үшін облыс басшылығымен де наубайханалар өзара меморандумға қол қойды. Бірақ, наубайханалардың барлығы бірдей ұнмен қамтылмайды. Арзан бағадағы өнімді тек ресми түрде келісімдері барлары ғана ала алады. Айта өтейік, қазір облысқа арзан бағадағы астық та жеткізіліп жатыр. Оның әр тоннасы 28 мың теңгеден. Бұл олар үшін әжептеуір жеңілдік. Себебі, қуаңшылыққа байланысты бидайдың түсімі аз, ал барының бағасы қымбат. Бейресми мәліметтерге сәйкес, астықтың тоннасы 40 мың теңгеден бағаланып отыр.
Мұрат ТӨЛТЕБАЕВ, «Атамекен корпорациясы» ЖШС-нің директоры: «Нан жабатын наубайханаларға І сұрыпты ұн 2350 теңгеден, ал жалпы халыққа 2500 теңгеден сапалы ұн саудаланады. Сондықтан, халыққа ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Азық-түлік корпорациясының бидайы біздің халыққа жеткенше, біраз уақыт кетеді. Оған дейін біз өзіміздің қордағы бидайды тараттық. Осы он күн көлемінде ол бидай келіп қалуы тиіс».
Жангелді МАХАШОВ, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы: «Дүйсенбіден бастап, нан мәселесі реттеліп, барлық сауда орындарында, дүкендерде, базарларда сатылымға шыққан нанның көлемі арттырылды. Нанның сатылу бағасы 35 теңгеден болды».