Абыройың қандай, ақсақал?

Абыройың қандай, ақсақал? Облысымызда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Ырыс алды ― ынтымақ» форумының тақырыбы қазыналы қарттықтың атақ-беделіне ойысты. Төрт жыл бұрын Түркістаннан бастау алған қоғамдық форумның осыған дейінгі кездесулері жастар тәрбиесі, ағайын арасындағы алауыздық, рушылдық сынды мәселелерге бағытталған болатын.

Жұма күні кешкісін Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында қаузалған тақырып көп айтыла бермесе де, көкейді тескен сұрақтардың бірі еді. Алдыңғы буын арда азаматтардың беделі бүгін неге түсіп кетті? Екі ағайын арасындағы дауды бір ауыз сөзбен шешкен кешегі ауызы дуалы қарияларымыз қайда? Кейінгіге үлгі болар ақсақал-қарасақалдарымыз «100 грамдатқыш» әдетінен не себепті арыла алмай жүр? Дер кезінде көтерілген тақырып аясында ортаға тастар сауал көп, мәнісін айтып, ой бөлісетіндер аз.

Асқар  МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімі

— Форумның көтерген тақырыбына біз дайындалып келуіміз керек сияқты. Махаң (Мархабат Байғұт) бірнеше рет ой тастады. Осыған пікір білдіріңіздер. Не істеуіміз керек деді. Иә, ақсақалдың беделін арттыруымыз үшін не істеуіміз керек? Менің ұсынысым, егер БАҚ-тан арнайы айдар ашу керек болса, оны қарастырайық. Жоқ, болмаса, елімізге белгілі ел ағаларының пікірін газет бетіне шығаруды ұйымдастырайық. Осы форумның барлық аудан, қалаларда филиалдары бар. Ардагерлер кеңесімен бірлескен жұмыс жоспарын бекіттік. Дегенмен, алға қойған мақсат толық орындалған жоқ. Жиындарда жақсы сөз бен ойлар айтылады. Бірақ оның қайсыбірі жүзеге асып жатыр дей аламыз?! Сөзіміз шындыққа қаншалықты жанасады? Мәселе сонда.

«Пайғамбар жасынан асқан кейбір ақсақалдарымыз «ата» деген сөзді естісе, шошып, шоршып түседі. Әне бір келіншек, мені «ата» демесе екен деп тұрады», — деді форумның тұрақты жүргізушісі Мархабат аға Байғұт. Мойындайықшы… Несін жасырамыз?! Қыз көрсе қутыңдап тұратын ақ самайлы аталарымызды күнде болмаса да, күнара кездестіріп қаламыз. М. Байғұттың сөзіне облыстың 15 ауданынан келген игі жақсы ду күлісті. Жетіскеннен езу тартқан жоқ, әрине. Бет күлді. Бірақ, іштің жылағаны анық.

Әбілқасым ДОСБОЛОВ , облыстық мәслихаттың депутаты

— Көп ағаларымыз «Өз жағдайым жақсы. Қалғаны өзі білер…» деген сияқты ақыл айтуда қалыс қалып, бұғып жатады. Жастардың да кейбірі айтқан ақылды тыңдайды, кейбірі «не жұмысың барға» басады. Аз айт, көп айтайық, ақсақалдың абыройы түсіп барады. Мұны мойындау керек.

Ақсақалдар жіберіп жатқан ағаттықтың бірі — жағымпаздық делінді бір кезде. Бұл да рас. Еске түсіріңізші. Бір ауылға бір Мырқымбай әкімсымақ бола қалса, жатып алып жағымпазданатын қариялардың ісіне Сіз де куә болдыңыз ғой. Осы жалтақтықтың түбі ары кеткенде «басекеңмен» жақын болу арқылы тегін қол жеткізетін бір мәшине шөп шығар. Не болмаса, сол сықылды ардан садаға кеткір бұ дүниенің күйбеңі болар, алтын басты қор еткен. Төрінен көрі жақын қарияға жараспайтын осы психологиядан арылуымыз қажет екенін ескертті М. Байғұт. Түсіндіруінше, қариялар бетің бар, жүзің бар демей тіліп айтуы қажет. Ақиқатты жақтауы керек ақсақалдар. Жағымпаздық аға буыннан өтіп, орта буыннан асып, жастарға да жұғып жатқанын кей ділмарсыған шешендер дәлелдеп жүр.

Жастардың жүгенсізденіп кетпеуі үшін оларды еңбекке баулу қажет. Сонда ғана аға буынның өнегелі өмірі кейінгіге үлгі болмақ. Мінберде сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболовтың ұсынысы осындай. Форумға Сарыағаш қаласынан келген қария Рақымберді Оспановтың пікірінше, өз заманында адал тер еңбегінің арқасында атақ пен абыройға ие болған кәсіп иелерінің үлгілі тағдырын жастарға насихаттау керек. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дербісәлі Сексенбаев аталы сөз айтып, бәтуәлі бата беру үшін он екі мүшең сау болғанда ғана мүмкіндігің болады деп ойлайды. Сондықтан, өңіріміздің қадірлі қариясы баршаны салауатты өмір салтын құруға шақырды. Форумдағы негізгі баяндаманы оқыған облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов «Журналистік этика кодексін» жобасын бірлесіп дайындауға шақырды.

Рақымберді ОСПАНОВ , Сарыағаш қалалық ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің төрағасы 

— Сарыағашта әртүрлі кәсіпті меңгерген ақсақалдардың арқасында түрлі еңбек топтары құрылған. Жастардың арасында өз еңбек кәсібін сол ақсақалдардың басып өткен еңбек жолын білу арқылы ұйымдастыруды аудандағы әрбір ақсақал мойнына алған. Бәлкім өзге өңірлерде осылай етер.

Тоқетері, дәстүрлі форумда ақсақалдықтың абырой-беделін көтеретін арнайы формула ұсынылған жоқ. Қоғамдық кездесудің жаттанды болып, тек ресми түрдегі іске айналып бара жатқанын «Ырыс алды — ынтымақ» форумының төрағасы Асқар Мырзахметовтың пікірінен де аңғаруға болады. Өйткені, ол басын «Тақырыпқа дайындалып келу керек! Ауданнан келетін азаматтар ұсыныс берсе, пікірлерін ортаға салса» дегенді ашып айтты. Кездесуде бірінші басшы азғындалып бара жатқан қоғамымыздың көрінісі ретінде кеше жанған «Бекжан» базарындағы айқай-шуды мысалға келтірді. Небір қилы заманды бастан өткерген қазақ аналары көлденең келген кесірге неге сабыр сақтап, төзімділік танытпайды деп қынжылды.

Мақпал  ЫБЫРАЙЫМ

Тілші түйіні:

Облыстың аудан, қалаларынан жиналған 350-ден аса игі жақсыдан осы жолғы тақырыпқа қатысты ой-пікірін білмекке асықтық. Өкінішке орай, тұщымды түйін айтады деген біздің қарттарымыз көңілді су сепкендей басты. Олай дейтініміз, замандасының кей қылығын сынап, ащы да болса, шындықты айтады деген ақсақалдарымыз, одан гөрі жастардың тәрбиесіне қатысты аузымыз қалып алып кеткен жаттанды сын-пікірлерді айтуды әдетке айналдырып алыпты. Түсінеміз, жастарға көңіл толмаушылық — қай ғасырда болмасын кездескен. Десе де, «өзгені сынағанша, өзіңді түзе» деп жұрт бекер айтпаса керек. Біз күткен форумда аға буынның ой айтуға келгенде белсінделік танытпауы қынжылтты. Ұзын-сонар баяндама оқып, жеткен жетістіктерді көпіріп, жұртты құр шаршатқанша, өзекті әңгімені төтесінен бастап, ұлттың болашағын сөз еткеніміз дұрыс болары ма еді деген де ой келеді санаға…