Теңіздей терең Мархабат

М.Байғұттың "Ақтолғай" эсселер жинағы

Ардагерлер кеңсінің құрылғанына биыл 25 жыл толу мерейлі датасы еліміз бойынша аталып өтілуде. Осыған орай ОҚО ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бірқатар игі-шаралар қолға алынып отыр. Соның бірі өңіріміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлердің еңбегін атап көрсетіп, БАҚ арқылы олардың есімдерін дәріптеу жобасы. Осы жоба аясында жарияланатын мақалалар легінің алғашқысын оқырманға ұсынып отырмыз.

2012 жыл.Қаңтар айының сегізінші күні. Жексенбі.Таңертең. Көшеде халық сирек.

Таңғы аяз бет қариды. Аялдамада көлік күтіп тұрғандар тоңғандарынан тосын қимылдар жасап, қыздырыңғысы келеді.

Кәдімгі қазақтың қара тілінің Пайғамбары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшемен шығыстан батысқа ортадан жоғары бойы бар, күртешесінің түлкі жағасын басына көмкере жапқан, қолында қара сөмке ұстаған адам аяғын жәймен басып келеді. Оқта-текте тайғанақтай қалса, қара сөмке көтеріліп барып төмен құлдилайды. Бірақ, жерге түспейді. Демек ол тайғанақтағанмен таймады. Жұмыс емес күні жылы үйінде тып-тыныш жатпай, ентелей басып, қаланың орталығына бет алған. Бұл кім?

Сон-а-а-ау өткен жылдың желтоқсан айының басында жауған қардың кейбір жайма-шуақ күндерде сәл-пәл ерігені болмаса, осы күнге деуір мұрты да сетінемей жетті. Қайта қардың үстіне қар қосылып, қалыңдай түсті.

Желтоқсанның 30-ында таң алакеуімде нән қара «Джиппен» Созаққа бармаққа, облыстық мәлихатқа депутаттыққа кандидат Бәтен деген азаматты жақтап, бір-екі ауыз сөз айтпаққа, қыстың қаһарынан қабағы қатуланған шолаққорғандықтардың бетін бері қаратып, ептеп-септеп жүректерін жібітбектікке сапарға шыққанбыз. Рульде көлік иесі -Серікбай, қасымда белгілі журналист – Талғат.

Қаншама уәдеге беріктігімізді білдірмекке алға ұмтылсақ та Шолаққорғанға жете алмадық. Ұйытқи соққан боран, тірсектен асып, тізеге жақындаған қар Шаяннан өте кері қайтарды. Қайтуға мәжбүрледі.

Міне содан бері Одаман сайы, Алғабас, Бөген аймақтары, Шақпақ жолы нөпір қардың астында қалып, бірде ашылып, бірде жабылып жатты, дәл бүгінгі күнге деуір. Түлкібастың Шақпақ ата, Шақпақ баба ауылдары да қаһарлы қыстың қыспағында қалды.

… Осындай қыстың аязды таңында жолға шыққан Мархабат кеше ғана шағым айтып телефон соққан азаматпен «Егемен Қазақстанның» атынан кездеспекке бара жатқан кезі еді бұл жүріс. «Кейін келіңіз, дүйсенбіде жолығайық» деуіне де әбден болатын-ды. Алайда адам тағдырын бірінші кезекке қоятын Мархабат олай ете алмады. Қарлығаштың қанатымен су тасығанындай болса да, адамға көмек қолын созуды парызым деп санаған ол Желтоқсан мен Қ.Рысқұлбеков көшесінің қиылысындағы кеңсеге де келіп жетті.

Мархабатыңыз осындай жан. Адам тағдыры десе, қоғамның кейбір менменшілдерінен қиянат көргендер болса, қаламын қолына алып, қас батырларша қаһарлана шығатын шақтары аз емес. Халық, қалың жұртшылық осы мінезі үшін де, осы қайсарлығы үшін де аға газеттің аға жорналшысын жақсы көреді, құрмет тұтады.

Жақында «Егеменнің» бір бетін алып, әйдік мақала шықты. Авторы кім дейсіз ғой? Мархабат Байғұт. «Беретінін бермесең…» деп аталады. Оқыдық. Бүгінгі өмірді соншалықты дәл Мархабатша жазу осындай болу керек шығар. Қоғамды жайлаған, тіпті асқынған дерт көз алдыңа бар болмысымен тұра қалады. Ішті қазандай қайнататын дерт, оған қарсы күресуде небір мүйізі қарағайдай тәртіп сақшыларының дәрменсіздік танытатыны, тіпті «алтын көрсе періштенің жолдан тайғанындай» өздері соңынан еріп кететіні мақалада кестелі оймен көркемделген.

«…Бәріміз жабылып жүріп, әзер дегенде кенже қызымызды оқытқан ек… (дейді Мархабатты ақ қар, көк мұзда ағалап шақырған әлгі жігіт. Автор). Бізден де бір оқыған адам, жоғары білімді маман шықсыншы деп. Екі жыл болды бітіргеніне. Қайда барса да қабылдамайды. Бүкіл аудан көлемінде біздің қыздың мамандығы бойынша талай-талай орындардың босағанын, талай-талай қыздардың қабылданғанын жүдә жақсы білеміз. Бірақ, біздің қызды алмайды. Шешесінің шашы ағарып бітті. Бірдеңе беру керек екен дейді. Жүдә жоқ емеспіз, біраз қара-құрамыз бар. Кімге, қалай берудің ретін таппаймыз. Түсінесіз ғой сіз. Бізді. Ауданға айта аласыз ба? Беретінін берер ем…»,-дейді.

Тілші, жазушы, қоғам қайраткері Мархабаттың алдына келіп, көмек сұраған, әбден барар жер, басар тауы қалмаған бейбақ, амалы жоқтығынан. Мархабат ағасының ондайға жоқтығын, қаруы тек қалам екендігін қайдан білсін. 66 жыл өмірінде біреудің ала жібін аттамаған Мархабат, бірде-бір әкімге мұндай мәселе жөнінде аяқ баспаған Мархабат әлігі інісінен қинала кешірім сұрап, шығарып салады.

Ия, тәуелсіздіктің туы көк аспанымызда 20 жыл желбіреп, Қазақстанымызды, қазағымызды бүкіл әлем танып, мойындап отырған шақтағы осы «Беретінін бермесең…» дерті індетке айналғанын мойындамасқа шараң жоқ. Бұл өзі қазақ елі үшін қара дақ болып жабысқан қасірет болды. Мархабат осы қасіретті дөп басып, 16 миллион отандастарымызға ашына жеткізіп отыр, әкімдерден де, жағалылардан сескенбей халықтың жанайқайын жайып салған Мархабатқа қалайша риза болмасқа.

«Беретінін бермесең…», «Беретінін берер ем…» ауруының асқынған жақтары да осы әкімдердің айнала төңірегінде тұтасатынын түсініксіз деуге әддіңіз кем-дүр. «Командалық» әдіс кесепатқа айналған жерлер жетіп-артылады. Кадрлар іріктеу мен тағайындауда мемлекетшілдікті, елшілдікті, отаншылдықты ойлау емес, келешекті кемелдікпен көздеу емес, көрешекті ғана күйттеп, тек өзіне, өздеріне өлердей берілгендерді «беретінін беріп тұрғандарды», «науаша құятын» құлқындарды өсіретін өзімшілдік дерт дендеді…» Қазіргі өміріміздің келеңсіз көрінісін, ащы шындығын Мархабатша жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Ол өзіне ғана тән көркем тілді көкжиегі кең көркем оймен толықтырып, бүгінгі билік басындағылар мен оған барғыштарды тәубесіне келтіретін, имандылыққа, адалдық пен тазалыққа шақыратын «Беретінін бермесең…» мақаласы арқылы небір кемеңгер ғұламалар айта бермейтін, небір көзсіз батырлар соқтыға бермейтін, қоғамдық маңызы аса зор мәселені ортаға салып, адамзатқа жүрек талмасынан да қауіпті осы дертті сылып тастауға бүкіл елді шақырып отыр.

Мархабаттың журналистика саласындағы бір қыры осындай. Ержігітті мақтағанда «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді емес пе? Ел мақтаған, жұрт жақтаған Мархабат та дәл сондай. Бүгін Мархабаттың үш қырын сөз етуді жөн көріп отырмын. Қалған бес қыры мен бір сырын жетпіске толған кезге қалдыра тұралық. Құдай қалап, Алла жар болса, оныңыз да қырдың ар жағында. Жақындап қалды.

Қош, сонымен екінші қыры – жазушылығына қадам басалық.

Түлкібас ауданын тұтас Швейцария деп атайды. Швейцарияның қандай екенін көрмедік, ал көргендердің аузының суы құриды. Міне, осындай ғажайып, керемет өңірде өмір есігін ашқан Мархабаттың жазушы болмауы мүмкін емес сияқты. Ал, Пістеліні көрсең, оның тамаша саф ауасын жұтсаң, биік жоталарында сайран салып ойнасаң, доланасының тәтті дәмін татып, пістесінің тіл үйірер дәнін шақсаң, жәннаттың қақ төрінде отырғандай сезінерің хақ. Мархабат жаныңды тебірентер таңғажайып табиғаттың мөлдірін жүрегімен түсінген, оны аяулы анасындай аялай білген, туған жерінің тұнығын бойына сіңіре білген азамат.

Сондықтан да жас шағынан-ақ қолына қалам алып, ой өрнектерін қағаз бетіне түсіре білді. Бала жүректің балапан сезімдеріне толы қарлығаш хаттар Пістелінің биігінен алғаш рет қанат қағып ұшқанына сәл-пәл ой жүгіртсең, жазушы Мархабаттың қайдан пайда болғанына қаныға түсесің.

Бұл күндері сол қанат қатайды. Қатайып ғана қоймай, ыстықтағандарға салқын самал сыйлады, күнге күйгендерге көлеңке болды, дауылдатқан борандарда қалқанға айналды. Қазақтың қарапайым сөзінің бал-шырындарын халқына рухани азық ретінде тарту етті.

Мархабат Алматы мен Астанада тұрмай-ақ қазақ әдебиетінің танымал тірі тұлғалары Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Шерхан Мұртазаның, Дулат Исабековтің, Бексұлтан Нұржекеұлының, Төлен Әбдіковтің қатарларынан ойып тұрып орын алған, әбден орныққан, халық мойындаған жазушы.

Менің зайыбым – Құттықыз қырық жылға жуық кітапханада қызмет жасады. Қаламгерлердің еңбегін халыққа жеткізуші болды.

– Оқырмандар Мархабаттың, Дулаттың, Бексұлтанның, Шерхан ағаның кітаптарын өте көп сұрайды. Тіпті солардың кітабына жаным ашиды. Мұқабалары түтеленіп, парақтары мыржым-тыржым болса да, оқуға құмар. Парақтарын кілейлеп, мұқабаларын реттеп отырамыз. Ал, кейбір жазушылардың кітабын тірі адам сұрамайды. Сөреде тұрып ескіреді. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Көңілі қалар,- дейді ғой дастархан басындағы әңгімеде. Шын мәнінде қай жазушының қандай дәрежеде екеніне, төрелік айтатын кітапханашылар екеніне дауласа қоймайтын шығармыз.

Мархабат Байұттың әр жылдары жазған «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Ауыл әңгімелері», тағы басқа кітаптары суреткердің биік тұлғасын кең байтақ елімізге мәшһүр еткен шығармалар. Оның қай дүниесі болса да халыққа түсінікті әрі жеңіл, көркем тілмен өрнектелген. Мархабаттың арлы, кіршіксіз таза қаламынан өмірге жолдама алған әгімелері мен повестері оқырмандар қауымына риясыз қызмет жасап келеді. Оның шығармаларында қылаудай да жасандылық жоқ. Нағыз өмір. Табиғилығы соншалық, шығарма қаһарманымен бірге жүресің, бірге тұрасың, бірге қуанасың, бірге қайғырасың. Жазушыға, шығарма авторына бұдан артық бақыттың керегі де жоқ. Осындай зор қошеметке ие болып отырған жазушыларымыздың бірі әрі бірегейі де Мархабат.

Ал «Әдебиет пәнінің періштесі» атты классикалық повесінің негізгі кейіпкері – жалындаған жастық шағында, кездейсоқ жағдайда өмірден озған, болашағынан үлкен үміт күттірген ұлы Баубек. Тұраркент пен Азаттық арасы небәрі 4-ақ шақырым. Осы жол Баубек үшін азап жолы, өлім жолы болды. Повесті «толқымай, тебіренбей, тітіркенбей, түршікпей оқу мүмкін емес»,- деп жазады жазушы Сайлаубек Жұмабек. Сайлаубекше айтқанда оның әрбір жолдарын көзіңе жас алмай, табиғаттың дүлей күшіне өшпенділігің арта түспей оқи алмайсың.

Мархабат «Әдебиет пәнінің періштесіне» барлық махаббатын, сүйіспеншілігін арнағаны шығарманың өн бойынан асқақ сезіліп тұрады. Бұл повест қанша трагедияға, мұңлы сезімге, тулаған шерге толы болса да қазақ әдебиетінің мақтанышына әлдеқашан айналды. «Ана тіліміздің ең мәйектерін тауып, ұлтына ұсынуы,-дейді пешенемізге сыймай, дүниеден ерте кеткен әдебиет майталманы Сайлаубек Жұмабек. Мархабаттың шығармашылығына сараптама жасағанда,- тіліміздің тереңдігін, ғажайып сұлулығын, кіршіксіз тазалығы мен мөлдірлігін жеткізуі оны хас таланттың иесі екендігін шүбәсіз дәлелдейді». Мархабаттың жазушылығын қанша дәріптеп айтқанменен дәл Сайлаубектей жеткізе алмаған соң, екінші қырына беретін сипаттаманы осы жерден доғара қойғаным жөн болар.

Мархабат – белгілі қоғам қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Бәйдібек, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы. Бұл атақтар оған тегіннен-тегін, бостан-босқа беріле салмаған. Еліміздің қоғамдық жүйесінің түрлі салаларына белсене қатысып, жастар, өзі қатарлас құрбы-құрдастар арасында мәдениеттілік, парасаттылық, адалдық пен тазалық, отансүйгіштік, тәлім-тәрбиелік тақырыптарда өткізген әңгіме-дүкендері өте қызықты, әсерлі әрі мазмұнды болатынына талай рет көзіміз жетіп, куәсі болғанымызды мақтан етеміз. Оқырмандармен болатын сан түрлі кездесулерде білім мен ілімнің қазынасы, қайнар көзі кітап туралы айтқан орамды ойлары баршамыздың жүрегіміздің тереңінде жатқан нәзік сезімдерімізді оятып, жастарды жігерлендіріп, білімге құштарлығын арттырып, ой-санамызға ізгіліктің нұрын себелейді. Әлемде адамның жан-дүниесіне азық болар имандылықты, ибалықты, рухани тазалықты уағыздайтындар адами қасиеттің ең ұлыларын еншілегендердің қатарына қосылады. Біз әңгіме етіп отырған Мархабат – осындай дәрежеге көтерілген тұлғалардың бірі.

Облысқа әкім болып тағайындалған Асқар Исабекұлы Мырзахметов ең алғашқы халықпен кездесуін қасиетті Түркістан қаласында «Ырыс алды -ынтымақ» жиынынан бастағаны баршамызға мәлім. Осы жиынды тұңғыш жүргізген, содан кейін тұрақты иесі атанған да Мархабат Байғұт еді. Қазір «Ырыс алды – ынтымақ» форум дәрежесіне көтеріліп, оның әр қалалар мен аудандарда ізбасарлары өмірге келді. Облыста атқарушы хатшылық Махаңның еншісіне тиді. Мұның алдында облыс жұртшылығы «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген тамаша кездесулердің Шымкентте өтіп жүргендігінің куәсі болған. Оған елімізге белгілі тұлғалар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, ақындар, небір жақсылар мен жайсаңдар шақырылып, соларды сырлы да салиқалы сауалдарымен әңгімеге тартып, ғажайып жауһар ойларын ортаға салуға, сөйтіп кездесудің келелі өтуіне де мұрындық болған Мархабат екендігін халық ұмыта қойған жоқ.

Иә, қарапайым халыққа рухани азық болар, қалың елге ой салар әсерлі кездесулер мен үлкен жиындарда Мархабаттың шешіле сөйлеп, елдің еңсесін көтеретін, билік басындағылар мен қалталы қазақтарға тәлім-тәрбиелік өткір сөздері шын мәнінде оның шешендігін, парасаттылығы мен мәдениеттілігін, азаматтығын дәлелдей түседі.

Биылғы ақпан айының ортасында Шымкентте дәріс алып, діни әрі рухани білімдерін жетілдіріп жүрген ауыл молдаларымен кездесу болды. Басында дін жолындағы азаматтарға не айтамыз деп қинала барған Мархабат сол отырыста айрықша шешілді. Рухани азықтың асыл қазынасы – кітап туралы айтқан әрбір сөзі нысанаға дөп тиіп, қазақтың ұлылары Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың, Шерхан мен Әбіштің шығармаларын жатқа айтып, әсіресе олардың дінге байланысты жазған туындыларын әңгіме арқауына айналдырып сөйлегенде мен оны маған белгісіз тағы бір қырынан танығандай болдым. Бұл – нағыз шеберлік. Ғұламалық. Имандылық. Молдалардың әдеби кітаптарға деген құштарлығы әлденеше рет артқандай болып сезілді маған. Мархабаттың білімдарлығына олар да, мен де риза болып тарқастық.

Еліміздегі діннің өзі сан саққа бөлініп, берекесі кетіп, бәтуаға келмей жатқан кезде дәстүрлі дінімізді ұстаған, соны насихаттап жүрген молдаларды да қамшылап қоймаса болмайды. Әйтпесе, ислам дінін ішінен ірітіп, маған ғана сеніңдер, Құдайға апарар даңғыл жол менікі, деп көкитін әулиелер мен көріпкелдер көбейіп тұрған заманда елді бірлікке, ынтымаққа, көргенділікке, отаншылдыққа, әдептілікке, мейірімділікке, жоғары парасаттылыққа тәрбиелейтін «Ырыс алды-ынтымақ», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» сияқты игілікті іс-шараларды, әсіресе, жастар арасында көбірек ұйымдастырып тұру – өмір қажеттілігі. Міне, осы кезде көзі қарақты, көңілі ояу, ойы көркем, кісілігі мол азаматтар көмекке келсе, Мархабат секілді абыройы асқақ, ар-ожданы, намысы биік, ең-ең деген ер тұлғалар тізгінді мықтап қолға алса, алар асумыз да, бұзар қамалымыз да оңайлай түседі.

Идеологиясы әлі қалыптаса қоймаған, діні табалдырықтан енді аттап төрге жетуге талпынған қарашаңырақ Қазақ еліне мемлекетімізідің тұтастығын, ұлтымыздың мүддесін көзінің қарашығындай сақтайтын, өзінің мүддесінен жоғары санайтын, кім айтса да «ләппай» деп жағымпаздана шабатын емес қайсарлығымен, табандылығымен қара халықтың қамын ойлайтын қайраткерлер дәл қазір бізге ауадай қажет. Олар бар. Бірақ аз. Сол аздардың қатарында Мархабаттың барына, оны халықтың өзі мойындап отырғанына қуанамын. Дүние кімге керек емес. Бай болғысы келмейтіндер жоқ. Алайда, қанағатты пір тұтып, қолдағы барын ұқсатып жұмсайтындарды өмірдің өзегі десек, сол өмір өзегі, халқының тірегі, көркемсөздің хас шебері – Мархабат десек қателеспейміз.

Мұхиттай терең ойдың иесі – Мұхтар Әуезов екендігіне көзіміз әбден жеткен болса, ал теңіздей терең ойдың иесі – Мархабат Байғұт екендігіне ешкім де шүбә келтіре қоймас.

Иә, Оңтүстікті Мархабатсыз, Мархабатты Оңтүстіксіз ойға елестету мүмкін емес. Өйткені бұл екі есім қаншама дараланып тұрса да біріне бірі қуат беріп, бірін-бірі толықтырып тұр.

Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі