Қазақстандық спортшы Илья Ильин теңдесі жоқ ауыр атлетші екендігін дәлелдеді. 18 жасында төрткүл дүниеге танылып, Чемпион атанған Илья екінші рет Олимпиада жеңімпазы атанды. Қазақстанымыздың еншісіндегі бесінші алтын медальді тағынған спортшымыз «Гиннес» рекорд кітабына енген. Ол осыдан төрт жыл бұрын Пекиндегі Олимпиада ойындарында жасаған рекордын қайта жаңартты. Ол жұлқа көтеруде 185-ті, ал серпе көтеруде 233 келіні бағындырды.
94 келі салмақта бағын сынаған өзге ауыр атлетшілер де осал емес еді. Өңкей мықтылар жиналған ойында тек үздіктердің үздігі ғана алға суырылып шықты. Екі дүркін Олимпиада Чемпионы атанған Илья Илин әлі де бабында екендігін, жеңісті ешкімге бермейтіндігін көрсетті. Еш қиналмай, абыржымай, саспай зілтемірді бағындырған біздің жерлесіміз марапаттау кезінде кеудесінде еліміздің күн шапағаты мен қалықтаған қыранның бейнесі салынған киім үлгісін киіп, мақтанышпен әнұранды орындады.
Ал қазақ баласы Алмас Өтешов та барынша намысқа тырысып, әдемі өнер көрсетті. Ауыр атлетшіміз серпе көтеруде соңғы мүмкіндігін жіберіп алып, жетінші орынға тұрақтады. Әйтпесе бестікке кіретін мүмкіндігі болып еді.
Әлем халқы осылайша қазақстандық ауыр атлеттердің алып күш иесі екендігінің куәсі болды. Ал Илья әлемдік спорт тарихында Олимпиада ойындарының екі дүркін Чемпионы ретінде мәңгі қалатын болады.
Қазақстан Илья Ильин жеңіп алған алтын медаль санын қосқанда сегізінши орынға бір саты көтерілді. Ендігі үміт бокс пен күрес спортында.