«Бекжан» базарындағы өрттен зардап шеккен әйел есін жинады

297

Базардағы өрттен жүкті әйелдің қатты зардап шеккені белгілі болды. Қазір денесінің 40 пайызын күйік шалған сатушы ауруханада жатыр.

Ол апат болған күні таңғы сағат 4-тер шамасында сауда орнының екінші қабатындағы дүңгіршегіне барған, қайтар жолда жалындаған тілсіз жаудың құрсауынан әзер шықса керек. Сөйтіп денесін күйдіріп алады. Әбуйір болғанда өзі және құрсағындағы 8 айлық шарана аман.

«Мен өрт құшағында қалай қалып қойғанымды білмеймін,-дейді әйел.- Сол күні таңғы сағат төртте дүңгіршегімді ашуға келгенмін. Өрт бірден басталды. Ыстық  болғаны соншалық, демалу да мүмкін болмады. Өзімнің аяғым ауыр, шошынғаным соншалық қимылдай да алмадым. Сөйтіп жүріп, денемді күйдіріп алдым. Базардан әроең шығып, ауруханаға қоңырау шалдым».

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың денесінің 40 пайызын күйік шалыпты. Жағдайы ауыр болды. Бірден екі адамның өмірімен арпаласқан дәрігерлер, дер кезінде көрсетілген көмек, оның баласы мен өзін аман алып қалуға мүмкіндік берген.  Десе де, жағдайы ауыр. Күйік науқастың ішкі құрылыстарына да әжептеуір әсер етіпті.

Бақытжан Қаратаев, дәрігер: «Науқаста күйіктің екінші-үшінші  дәрежесі. Бұл дегеніңіз оның денесінің 40 пайызын күйік шалған деген сөз.  Науқас көп қан жоғалтқан. Күйік іштегі балаға зиян әкелген. Ол керекті дәрумендерін дер кезінде ала алмай жатыр».

Өрттен зардап шеккен әйел-Қырғыстанның азаматы. Ол Қазақстанға жұмыс жасау үшін келген. «Бекжан» базарында сауда нүктесін жалға алып тұрған.  Оның айтуынша, базар әкімшілігі, жанып кеткен тауары үшін 60 мың теңге беріпті. Өлім аузынан қалған әйелге ақша емес,  баласының өмірі маңызды. Сол себепті аман қалғанына тәубе етеді.

Еске сала кетейік, бүл алып базарды ауыздықтаған өрттен зардап шеккен екінші адам. Бұған дейін, өртте жанып кеткен бір адамның мүрдесі табылғанын айтқан болатынбыз.