1978- 85 жылдары облысымызды басқарған Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осынау қосарлана келіп отырған мерейлі қос дата қарсаңында тұрақты оқырмандарымыздың бірі Сайрам ауданының тұрғыны Батырбек Есенбеков деген азамат редакциямызға Асанбай Асқаровтың «Көзқарас» атты кітабын алып келді. «Бұл кітапты маған Асанбай ағамыз 1997 жылы қолтаңбасын беріп, өз қолымен ұсынып еді. Кеңестік кезеңнің солақай саясатының кесірінен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматты қолдап, республикалық басылымда сол кезде мақала жазғаным да бар. Кейін аптал азамат ақталып шыққанда Алматыға арнайы іздеп бардым. Бұл кітап сол кезеңнен қалған ескерткіші еді. Сіздердің оқырмандарыңызға қызықты болар, осы кітаптан үзінді жарияласаңыздар екен» деп өтінішін білдірген оқырманымыздың тілегін біз де қабыл алдық. Сізге де ұнайды деп сенеміз, оқырман. Назарларыңызға Асанбай Асқаровтың «Көзқарас» кітабынан үзінді ұсынамыз.
Өмірде көп нәрсе уақыт өте келе белгілі болады. Біршама ғұмыр кешкен, қамшының сабындай ғана өмірде көпті көрген адам әр нәрселерге кезінде лайықты бағасын бере алмайды. Кейін жас ұлғайғанда, өткен күндер жайлы ойланады да, ерекше бір қорытындыға да келеді.
Әрбір адам жеке-дара тұлға ретінде зерттеп-зерделеуге баға жеткісіз материал да бере алады. Әрине, әрбір адам әр нәрсені әр қилы тұрғыда байқап, көруі де мүмкін. Соған орай, естелік айтушының да белгілі бір нәрсеге көзқарасы мен ой-пікірі де әртүрлі болады. Олардың бір-бірімен сәйкес келуі де екіталай. Кей жағдайларда мүлде қарама-қайшы келіп те жатады. Ал енді өзіме келетін болсам, бұл кітапта адам психологиясы мен адамгершілік мәселесін зерттеуді мақсат етіп отырған жоқпын, тек өз замандастарым жайлы ой толғамақпын.
Бізді еңбек етіп, тіршілік еткен кездеріміз біріктірді. Жарты ғасыр бір ұрпақтың өмірінде зор белес болып табылады, оның үстіне ол эволюциялық қана емес, оған керісінше, буырқанған революциялық кезең еді. Қазір көптеген адам біз өмір сүрген кезеңді жамандап, өткеннің қателіктеріне өздерінің қатысы жоқтай етіп дәлелдегісі келеді. Сонда олар қайда болып, қайда жүреді екен? Мейлі, бұл жайт олардың өздерінің ар-ожданына жүктелсін дейік. Біздің әрқайсымыз өзіміздің қоғамдағы орнымызды, сол кездердегі және қазіргі жағдайымызды сын тұрғысынан бағалауымыз керек. Ең қиыны — адамның көзқарасының тұрақты болмағаны. Және мұндай адам кез келген қоғамдық формацияда да қауіпті.
ХХ ғасыр қай жағынан алып қарасаңыз да аумалы-төкпелі әрі бір қалыпты емес, қатал да романтикалық жағдайларға толы. Империяның дами алмағандығы, реформаның қысқалығы, өркениет жолмен жүре алмаушылық… Қарапайым халықтың наразылығының өсуі. Қандай жолмен және қандай тәсілмен өтсе-дағы аумалы-төкпелі кезеңнің көптігі. Демек, ХХ ғасырдағы адамдардың өмірлерінің онша тәтті болмағанын да айта кету керек. Осындай жағдайдағы адамның сезімі де үнемі қауіп-қатерге толы болып отырды. Ал адамның жан-сезіміндегі қауіп пен қатер — ең үлкен жау. Міне, осындай жағдайда аға ұрпаққа және біздің ұрпаққа өмір сүруге тура келді. Адам өмірді білуі керек және ақыл-ой адамды сол өмірдің жолдарымен алып жүруі қажет. Онсыз өмір сүру құр әншейін жай ғана, дәлірек айтқанда, бей-берекет өмір сүру ғана. Біздің әрқайсымыз өзіміздің өмір сүру барысымызда айтарлықтай білім жинап, өткенді ой елегінен өткізіп, оларды адамның санасында қорытқан жағдайда ол болашақ үшін пайдалы әрі бағалы болмақ.
Қазан революциясы идеясымен тәрбиеленіп, қалыптасқан және еңбек еткен біздің әрқайсымыз жаңа қоғам орнату жолындағы кемшіліктерден тыс қала алмаймыз және сол кемшіліктерге жауап беруге тиістіміз. Бәлкім, бар кемшілікті баяғыда өліп қалған әлдекімдерге жаба бермей, халыққа шындықты айтып беруіміз де дұрыс болар.
Адамның болашағы жас кезінде қаланады. Балалық кез-өмірдің тамаша шағы. Мен әкемнің үйінен жасы келіп қалған, басқа ауыл адамдарына ұқсамайтын бір кісіні көргенде алты жаста ғана едім. Көктем кезі қандай рақат, қазақтар бұл уақытта қыстауын қалдырып, жайлауға шығып, кәдімгі дәстүрлі үйлерінде отыратын. Айнала-төңірек теп-тегіс, алуан гүлдерге бөленген. Бәрінен де көздің жауын алатын даланың қызғалдақтары қандай! Қазақтар дәстүр бойынша ру-руымен тұратын. Рулардың араласуы сирек кездесетін. Кейде басқа рудың бірнеше отбасы басқа бір руға қосылып, ағайындай болып кететін.
Біздің рудың көктеуі Шуға барып құятын шағын ғана Қорағаты өзенінің сол жағында болатын. Кең көсілген тамаша өңір Мойынқұмның жиегіне дейін созылатын. Адамның басын айналдырып жіберетін әр алуан шөптің иісі, әсіресе жас жусанның жанды жадыратар иісі қандай десеңізші! Тап-таза дала, көгілдір аспан, әр алуан шөптің хош иісі, қозы мен құлындардың кісіней жарысқаны… Бұл барып тұрған симфония еді!
Сол қонақтың біздің үйге келуі көктемнің осындай бір күніне сәйкес келген-ді. Күн батуға айналып қалған кез болатын. Алыс кеңістікте қызыл-жасыл бояу пайда болып, әлгі түс даланың жарқыраған реңімен астасып, адам айтса нанғысыз бір керемет әсемдікті көздің алдына әкелгендей еді.
Қонақты біздің үйге Түркісіб құрылысында істейтін үлкен ағам Құлназар ертіп келді. Ол кезде оның жасы жиырма екіде болатын. Әлгі адамның жасы біразға келіп қалған, еуропаша киінген екен. Әкем мен шешем қуаныса құшақтаған. «Қайдан жүрсің, қандай тағдыр айдап келді? Ой, айналайын, сені де көретін күн бар екен-ау, Қареке-ай!» десіп жатты. Қонақты даланың бар салты бойынша қарсы алды. Қой сойылып, есіктің алдында аса үлкен жез самаурындар да қайнап жатты.
Көлдей ақ дастархан жайылып, оған толтырыла бауырсақ, үйдің ірімшігі, құрт-май, мейіз, науат салынып, қымыз да құйыла бастаған кезде, кәдімгідей кеш те болып қалған-ды. Бір сөзбен айтқанда, бұл қонақтан еш нәрсені аяп жатқан үй жоқ. Ішімдік қана қойылған жоқ-ты. Ол кезде қазақтың негізгі бөлігі ішімдік ішпейтін. Оны ішу күнә саналатын, әрі менің ата-анам құдайға сенетін де, бес уақтылы намазын қаза етпейтін.
Қазақтың қонақ күту дегені ерекше бір салтанат. Үйдің иесі түксіз қалса да, қонақты күтуге міндетті еді. Егер өзіңде жоқ болса, ағайындарыңнан сұра, олар сені ұятқа қалдырмайды, ата-баба дәстүрі солай.
Қымыз ішкеннен кейін адам таза ауада біраз серуендеу керек. Сонан кейін барып, ұлттық тағам-қазақша ет келеді. Осылайша мол тағамнан кейін шай беріледі. Мен әкемнің жанында көпке дейін отырдым. Ақыр аяғында шыдай алмай ұйықтап кеттім. Бұл адам біздің үйде екі күн қонып, ақыры сол келген қалпы кетіп қалды. Жылдар өтіп жатты, кейін өскеннен кейін білдім, менің жас кезімде соншама әсер еткен адам-әйгілі Әділбеков Қарабай екен. Әділбек Әулиеата уезіне белгілі бай адам еді. Оның бес баласы болатын. Әділбектің кіші баласы Жайнақ менің әкем Асқардың қарындасына үйленген-ді. Ал, оның інісі Қарабай білімді, интеллигент адам еді. Санкт -Петербург қаласындағы мұғалімдер семи-нариясын бітіргеннен кейін Меркіде мұғалім болған. Жібек жолы бойында екі үйі бар еді. Бұл үйлер кейін кеңес өкіметі кезінде де көп қызмет етті, оларда балалар бақшасы орналасқан-ды.
Қарабай Әділбеков кеңес өкіметін қабылдай алмады, большевизмге қарсы болды. Ол көбіне эсерлер жағында, алаш-ордашылармен де байланысы бар еді. Сол жылдары өз көзқарасы үшін большевиктерге ұнамайтын болған-ды. Сол жылдары Қарабай қуғынға түсіп, қамалған да. Менің жақындарымның құдасы Қарабай сол күйі жоқ болып кетті. Оның тағдырының немен тынғанын осы күнге дейін ешкім білмейді. Үлкейгеннен кейін менің анамды іздеп келген Қарабайдың әйелін көрдім. Сымбатты, жасы келіп қалғандығына қарамастан бұрынғы сынын жоғалтпаған татар әйел менің шешемнің бөлмесінде отырды. Мен ол кісімен ізет білдіре амандастым, маған басын изеп қана жауап берді. Бір таңғаларлығы, көптен кездеспеген, жасы келіп қалған екі адам бір-біріне сондай биязы сезіммен және құрметпен қарағандай еді. Олар менің әкемнің қарындасы арқылы туысқан болып отырған-ды. Сол бір жылдары аса бай Әділбек пен орта шаруалы Асылбек туыстасып кеткен-ді. Асылбек бұл өңірді байлығымен емес, сөзімен сыйлы болған. Ол барынша әділ, дүниеге сатылмайтын адам еді. Ресми жағынан сайланбағанымен, халық би санайтын. Адамдар арасындағы дау-дамай сол кісі арқылы шешіліп, оның әділдігіне ел риза болатын. Қарабай еуропалық білім алған интеллигент адам-ды. Ол қазақ даласында жаңа туа бастаған буржуазияның, ақпан және қазан революциясының мәнін жақсы білетін. Бастаушысы орыс буржуазиясы болған ақпан революциясының мақсатын, оның монархияны уақытша өкіметпен ауыстыру үшін жасалғанын ол жақсы түсінді, жақсы қабылдады. Тек ол ғана емес, Ресейдегі ақпан революциясын барлық қазақ интеллигенциясы империяны оның шет аймақтарымен қоса демократиялық жаңа жолға түсірудің басы деп білді. Бірақ уақытша өкіметтің құлап, 1917 жылдың қазанында билікке большевиктердің келуі бұл сенімді ақтамады. Кеңес өкіметін еңбекшілер қабылдады. Ақыл-оймен бе, стихиялы ма, оны түсіну қиын еді. Бір нәрсе анық еді, қазан кедейлердің жағында болды, метрополияның езгісінен азат етті. Ең бастысы, олардың жолы болды, қанаудың қамытын тастады. Бірақ көпшілік кедей социализмді түсінбеді. Көптеген зиялылар алғашқы кездері аумалы-төкпелі хал кешіп, кейіннен кеңес өкіметін құрысуға белсене қатысты. Ал бір бөлігі большевизмді қабылдай алмады. Солардың бірі-Қарабай Әділбеков еді.
Ол қазақ халқы, өзге де халықтар өзінің даму барысында мына төмендегі қоғамдық формациялардан: былайша айтқанда, феодализмнен капитализмге өтуі керек, большевиктер таңып отырған социализммен қазақтардың арасында еш байланыс жоқ деп ойлады. Жартылай көшпенді тіршілік кешкен халық және де көпшілігі сауатсыз халық социализмнің мәнін түсінбеді. Мұндай пікірмен кімдер санасты? Ешкім санасқан жоқ. Халықты өзі білмейтін, әлі де пісіп-жетілмеген қоғамдық процеске тықпалауға, социализмді жоғарыдан таңуға болмас. Революцияландыру нәтижесінде жіберілген кемшіліктер, жаңа қоғам орнатуда басқалардың таңған әдістері нәтижесін күттірген жоқ. Міне, бұл тәсілдердің классикалық теріс мысалы — адамдардың 1931-1933 жылдардағы өлуі, сол жылдары қазақтың жартысынан астамы аштыққа ұшырады. Бұл дегеніңіз барып тұрған қырып -жою болатын. Содан бері алпыс жылдан астам уақыт өтті. Әлгі қайғылы жағдай болмаса, қазақ халқы бірнеше есе өсіп, қазір 25 миллионға жеткен болар еді. Демек, халқы үлкен апатты басынан кешірді. Бұған кім кінәлі? Бұл сұраққа жауап берілуі керек. Жауап мына төмендегіше: ең алдымен халықты күнін көріп отырған малынан ажыратты. Тек қана байлар ғана тоналып қойған жоқ, орташалар да тоналды, ал кедейлер күн көрісі жоқ ұжымдарға тоғытылды. Халық сондай-ақ өзінің зиялыларынан айрылып, былайша айтқанда бассыз қалдырылды. Қараңғы көпшілік нені айтса, соны орындайтын тобырға, орталықтың айтқанынан шықпайтын мәңгүртке айналды. Мұндай саясаттың тамыры қайда жатыр? Бұл жерде жауып-жасыратын еш нәрсе жоқ, мұндай жексұрын саясаттың тамыры бұрыннан — империя кезінен келе жатқан-ды. Ол монархиялық империя кезінде қалыптасып, «бөліп ал да, билей бер» дегенді ұстанды. Өйткені жаңа заман орнатушылар санында шовинистік умен уланғандар да жетерлік еді. Шовинизм қалғып-мүлгіген жоқ, қайта революцияны құтқарушы ретінде әрекет етті. Әсіресе бұл жай империяның шеткері аймақтарында айқынырақ білінді. Шовинизмнің қай ұлтқа жатқанына қарамастан әрбір үстем тапта болатындығын айтуымыз керек. Ең қиыны шовинизм оянған кезде ашулы, жүген-құрықсыз кетіп, жас ұрпаққа да әсер етеді. Демек, патшалық империяның қаусаған жерінде ұлттық социалистік республикалар орнауы керек еді. Бірақ жағдай олай болған жоқ. Түрі түстелгенімен, мазмұн жағынан келгенде басқаша болды.
Ал қарапайым адамдар не істеу керек еді? Оның үстіне жиырмасыншы, отызыншы жылдары қаймағынан айрылған қара тобыр болса ше?
Өз халқының ар-намысын қорғап, тиісті пікірлерін ашық айтқандары үшін репрессияға ұшырағандарды қазір біз жоқтап жүрміз.
Халқымен жанымен де, тәнімен де бірге болғандар өмірден қорлық көріп кетті. Отбасы қаңғырып, балалары жетім болып, әйелдері лагерьге жіберілді. Барлық туысқандық байланыстары үзілді. Халық мақау адамның күйіндей ондаған жылдар жәбір-жапа шекті. Міне, осындай жағдайда қандай бостандық пен демократия жайлы әңгіме қозғауға болатын еді. Егер қандай нәрсені де ойланбай істесе, олардан нәтиже күтуге бола ма?
(Жалғасы бар)