Мәдина Сәдуақасова жаңа клип түсіруді жоспарлап отыр

Өнерсүйерқауымға «Махаббат жалыны», «Сүйген жүрек», «Сарбаздар» әндерімен танылған әнші Мәдина Сәдуақасова бүгінде Қазақстанның жарқын жұлдызына айналды. Өзіндік ерекше талантын танытып, қазақтың халық әндерін дәріптеп жүрген өнер иесі Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне әндер жаздырыпты. Әнші оңтүстікке арнайы келіп, шығармашылық жолындағы жаңалығымен бөлісуді жөн көрді. “Оңтүстікте өтіп жүрген ән кештері мен өнер басқосуларына жиі келіп тұрамын. Себебі ыстық ықылас, құрметпен қарсы алатын көпшілікке келіп өнер көрсету – менің жаныма ерекше серпіліс сыйлайды” деген Мәдина Сәдуақасова өнер өлкесіндегі соңғы кездері тапқан олжасын айтуды ұмытпады.

Мәдина Сәдуақасова: «Айтатын саған сырым бұл» әніне бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмын»

Мәдина Сәдуақасова, әнші: «Елімізде осы айда көптеген шаралар өтті. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың туған күнін өз дәрежесінде атап өттік. Сонымен қоса, «Арыс жағасында» атты белгілі сазгер Сейдолла Бәйтерековтың шығармашылығына арналған ретро-фестивальде де арнайы рөлді сомдап, көпшіліктің қошеметіне ие болдым. Лондон олимпиадасынан келген жеңімпаздарымызға арнап, арнайы кеш ұйымдастырылды. Сол жерде де лайықты құрмет көрсеттік деп ойлаймын. Еліміздің мақтанышы болған олар 29-шы орынды 12-баспалдаққа көтерді. Ендеше, қуанып жүргенімді айтқым келеді. Илья Ильин де Қызылорданың перзенті. Сондықтан, жерлесімнің жеңісін мақтан тұтамын! Ал шығармашылығымдағы жаңалығыма тоқталатын болсам, жуырда жаңа бейнебаяным жұртшылыққа жол тартады. Осыдан тура 6 жыл бұрын «Сүйген жүрек» әніне бейне клип түсірген болатынмын. Сол уақыттан бері, клип түсірген жоқпын ғой. Сондықтан болса керек, толқып, алаңдап тұрғанымды жасырмаймын. Тыңдарман-көрермендерім бар дегендей… Бірақ байыппен, ақылға салып түсірмекпін. Жауапты жұмыс екенін түсінемін, себебі халықтың көңілінен шығу үшін, әрине. Ал бұл әннің сөзін қазақтың Ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жазған. Әнінің авторы – Ғалымжан Искеев. «Айтатын саған сырым бұл» өлеңін алғаш оқығанымда-ақ менің айтатын әнім екенін бірден ұқтым. Сол себепті бейнебаян түсіруге бел байладым. Ендеше, патша көңіл төреші-халық бағасын бере жатар. Сонымен қоса қыркүйек айында жаңа альбомым жарыққа шыпақ. Бұл таспада тек жаңа әндерім жазылады. Ал таспаның тақырыбы әзірге құпия болғанын қалаймын. Алайда, қандай туынды жасасам да барлығын халықтың сұранысына ие болып, үдесінен шығу үшін, жұртшылықтың артқан үмітін ақтау үшін екнін шегелеп айтқым келеді».

Лирика мен патриоттық тақырыптағы әндерді орындап, жұртшылықтың жүрегінен орын алып жүрген Мәдина Сәдуақасова алдағы уақытта бейнебаяндар түсіруді жоспарлап отыр. Сондықтан, патриоттық мейлі лирикалық тақырыпты болса да терең түсініп, халықтың жүрегіне жеткізуде шеберлік танытып жүрген талант иесі осылайша Оңтүстік өңіріне арнайы ат басын бұрып, жағымды жаңалығын жеткізді. Ендеше, әншінің аталған әндерді орындауда өнерсүйерқауым өз бағасын береді деген сенімдеміз.