Күнгейліктер мұзбалақ ақын Мұқағалидың туған күнін атап өтті

977

«Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!». 9 ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Айтулы датаның құрметіне орай, оқырмандары қаламгердің есімі мен еңбегін еске алып жатыр. Мұзбалақ ақынның мазмұнды әрі мәңгілік жырларын насихаттау үшін ұйымдастырылған әдеби кештерге біз де  қатысып, куәгері болып қайттық.

Әзиз Әртім – «Мұқағали оқулары» жыр-мүшәйрасының екі дүркін жеңімпазы. Жас ақын арнамыздың көрермендері алдында жеңіс төрін бағындыруы мен өткір өлеңдер жазудағы құпиясын жасырған жоқ.

Әзиз Әртім, жас ақын: «Жеңісімнің сыры – жасымнан Мұқаңның өлеңдерімен сусындап өстім. Әр өлеңі менің шығармашылығымды шабыттандырды, шындықты жазуыма үгіттеді. Кітаптарын жиі оқып, сырласатыным бар».

Көзі тірісінде бір той жасауды арман еткен ақынның туған күнін қаламыздағы №8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы да ұмыт қалдырмады. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар Мұқағалидың өлеңдеріне сусындап, бірауық жырларымен сырласып, жандарына жұбаныш тапты.

«Кей кездері жырларын оқып отырып, сол өлеңнің бойынан өзімді табамын. Қасиеттері мен адами құндылығы өзімнен аумайтын кейіпкерлерді көремін. Қандай қиындықтарды бастан өткерсем де, өмірге деген құлшынысымды оятатын қаламгердің мазмұнды еңбектері екенін ерекше атап өткім келеді», –  дейді 2-топ мүгедегі Нұрғали Тұрлыбеков.М.Мақатаев заманында жырларының осылай жұртшылық жүрегінде мәңгі жасауын арман еткен. 11 жасында әкесі Калининград майданында қаза тауып, бала Мұқағали әжесі Тиынның тәрбиесінде болды. Ақынның алғашқы өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” аудандық “Советтік шекара” газетінде жарық көрді. Заманында құрметке бөленіп, бағасына жетпеген ақын өскелең ұрпақ үшін өшпес – өміршең өлеңдерін жазып, қалдырды. Қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлға 45 жасында өмірден озған.