Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 85 жыл

1141
9-ақпан - Мұқағали Мақатаевтың туған күні

9 ақпан – Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай өңіріміздегі барлық оқу орындары мен білім ошақтарында түрлі әдеби кештер мен мүшәйра ұйымдастырылды. Жастар бар ғұмырын поэзияға арнаған лирик ақынның өмір жолымен танысып, өлеңдерін насихаттады. Көзін көрген ел ағалары естеліктерімен бөлісті.

9-ақпан - Мұқағали Мақатаевтың туған күні
9-ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

«Өлсе, өлер, Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім» деп, өз шындығын өзі жырлаған ақын жас ұрпаққа том-том туынды қалдырып, қара өлеңнің әдемі өрнегін көрсетіп кетті. Әжесінің тәрбиесінде болған ақынның алғашқы өлеңдері де қырманның басында дүниеге келген екен.

Көзі тірісінде бірнеше кітабы жарыққа шыққан лирик заманында құрметке бөленбеді. Алайда оның шеберлігіне тәнті болған қаламгерлер мен үзеңгілестері жоғары бағасын берген.

Талай ақынжанды жастың қиялына қанат бітіріп, шабыт берген сыршыл қаламгердің өлеңдерін студенттер де жігерлене оқиды. Жыл сайын Мұқағали Мақатаевтың туған күнін атап өтуді әдетке айналдырған өлеңсүйер жастар әдеби сазды кеш ұйымдастырып, ақынның сөздеріне жазылған әндерді шырқайды.

Кешке Мұқағалидың көзін көріп, әңгімесін естіген зиялы қауым өкілдері де көптеп жиналады. Солардың бірі – жазушы, публицист Мархабат Байғұт. Ол жастарған ақын жайлы әдемі естеліктерін айтып берді.

45 жылдық ғұмырында сан түрлі тақырыпта қалам тербеген Мұқағали – жастардың сүйікті ақыны. Оларды жырларымен жігерлендіріп, ұрпағын патриоттық рухта тәрбеиелей білді. Қара өлеңнің қадірін білетін қазақ барда артын қалған мұрасының өлмейтінін де айтып кеткен. Сондықтан болар, қаламы мен қағазын қару еткен ақынның сыршыл поэзиясы әлі талай жасай бермек.

Махаббат Әбдешова