Мал азығының құны аспандап тұр

Өңірімізде мал азығының құны соңғы екі аптада күрт қымбаттап отыр. Бүгіндері бидайдың бағасы 1 келісіне 53 теңге болса, кебек – 24 теңге, ал жүгерінің бағасы 63 теңгені құрайды. Сатушылар біз бағаны өздігімізден көтерген жоқпыз, жергілікті дихандар өнім бағасын өсірген соң біз де көтермелеуге мәжбүр болдық дегенді айтады. ОҚО Ауылшаруашылығы басқармасындағылар да бұл пікірмен келіседі. Солтүстік Қазақстандағы астықты өлкелерден бидай келгенше фермерлер мен мал иелері және құс өсірушілер мал азығын қымбат бағада алудан басқа амалдары жоқ.

ОҚО Ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Полатбек Тастанов «Бидайға келер болсақ біз әу бастан солтүстіктегі астықты аймақтан алыстағы облыспыз, және солай болып қала береді. Біз әрдайым сол жақтың көмегіне зәруміз. Қазір де солай. Егер де біз тек бидай егумен айналысып кетсек, тұтас елді жеміс-жидекпен, көкөніспен кім қамтамасыз етер еді?», – дейді. Десек те, облыстағы сала мамандары жұртшылықты сабырға шақырып, барлығы бақылауда екенін айтуда. Облысты ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ірі шаруашылықтарға қажетті жемшөп қоры әзірге жеткілікті екен. Солтүстік өңірлермен арзандатылған бағадағы жемшөп тасымалдау туралы келісім жасалу үстінде. Сондай-ақ, нан бағасын тұрақтандыру үшін алынған бидайдың кебегін ірі мал өсіруші шаруашылықтарға арнайы белгіленген бағамен 50 тоннаға дейін беру көзделген. «Біз оны алатындардың барлығын есепке алып, бақылауда ұстаймыз», – дейді П.Тастанов. «Осылайша ертеңгі күні бір жерлерде ет немесе сүт қымбаттай қалса бағаны кім көтергенін тез біліп, арзан бағамен берген жемшөпті қайтып алып қоятын боламыз. Бүкіл халықты болмаса да аз қамтылған отбасылары үшін жағдай реттелгенше әжептеуір көмек болары сөзсіз. Ал баға нарығындағы жағдай солтүстіктегі орақ науқаны аяқталып, біздің фермерлер мен солтүстіктегі бидай өсіруші диқандар арасында меморандум қабылданғаннан кейін барып дұрысталады»,-дейді облыстың бас аграриі. Қазірдің өзінде солтүстік өңірдегі шаруа қожалықтарымен алдын ала жасалған келісімшарт баршылық көрінеді.

Сөз соңында нан мен жемшөп бағасын ырықтандыру үшін облыста арнайы құрылған үйлестіру кеңесі жұмыс істеп жатқанын айта кетейік.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ