Монополистер тұрғындарға 2,5 млрд. теңге қарыз

Шілденің аптап ыстығына тұтылып, қашып тығылар жер таппай жүрмісіз? Онда жаздың шуаққа толы осы күндерін есте сақтап қалуға тырысыңыз. Кім біледі? Биыл тағы да дәл былтырғыдай қыстың қақ ортасы болғанша пәтеріңізге жылу бармай, бүрсеңдейтін шығарсыз… Айтпақшы, үш айдан соң, нақтысы осы жылдың 1 қарашасынан бастап жылу жүйесіне «дифференциалды тариф» деген жаңалық енеді.

Бұл монополистердің қолдан ұйымдастырып отырған ісі емес. Үкіметтің ықпалы арқылы болып отыпған жағдай. Жыл басынджа еліміздегі энергия көздерін үнемдеу және оның пайдасын арттыруға қатысты арнайы Заңға өзгерістер енген болатын. Сол заңға сәйкес, көпқабатты үй тұрғындары 1 шілдеден бастап тұтынған жылуының ақысын дифференциалды тариф бойынша төлеулері қажет. Яғни, үйіңізге жылу қуатын өлшейтін құрылғы орнатылса, жылу үшін төлейтін теңгеңіз бұрынғымен салыстырғанда 2 есеге дейін арзандайын деп тұр. Шымкенттіктер пайдаланған жылуының ақысын тек жылу беру маусымында ғана төлейтіні белгілі. Ал жаңа тариф 1-қарашадан бастап, біртіндеп жүзеге аспақ.

Шымкентте 1700 дей көпқабатты тұрғын үй болса, соның 15-шағынауданда орналасқан №5-үйіне ғана жылу есептегіш құрылғы орнатылыпты. Есептегіш қондырғы жылу беру маусымының төрт кезеңін басынан өткеріп үлгерген. Бұдан әрі де қызмет етуге жарар ма еді, әттеген-айы сол, жарамдылық мерзімі бітіп қалыпты. Ал біздің алып шаһарда есептегіш құрылғыны тексеретін мекеме жоқ боп шықты. Осы мәселе туралы «3-Энергоорталық» АҚ-на үй төрағасы Иван Максимов қанша рет арызданғанымен, нәтиже шықпаған. Ал есептегіш құрылғыны жасап шығаратын «ДАСУ» фирмасы Алматы қаласында орналасқан. Құрылғыны жөндетуге Алматыға барып-келуге үй тұрғындары қаржымыз жетпейді дейді. Иван Андреевичтің сөзіне сенсек, 320 мың 500 теңгеге, не болмаса, 2 мың АҚШ долларындай қаржыға түскен аспап өз құнын бірінші жылу беру маусымында-ақ ақтаған.

Расында да, қымбат қондырғына орнатуға әрбір көпқабатты үйдің тұрғындары келісе қоюы екіталай ғой. Егер бір үй кемінде 120 пәтерден тұрса, онда әңгіме басқа, ал бір шаңырақ астында небары 8 не 10 пәтерден болса ше… Жылу есептегіш құрылғының құнын тұрғындар қайдан жинап берсін?!

«Сапасыз әрі уақытылы берілмеген жылу үшін шымкенттіктердің төрт жылдан бері төлеп келе жатқан қаржысын есептесек, жалпы сома шамамен 2,5 млрд теңгеге бір-ақ шығады екен. Олай болса, «3-Энергоорталық» АҚ мұндай есептегіш құрылғыларды әрбір үйде тегін орнатып беруі тиіс, — дейді бұрын осы мекеменің жоғары лауазымды қызметкері болған Әбсаттар Душанов. — Дифференциалды тариф — бұл Жер бетіндегі жылу көздері азайып келе жатқан шақта жақсы ойлап табылған тәсіл, сондықтан оны үнемдеу керек, — дейді ол.

Әрбір үйге бір-бір жылу есептегіш құралынан орнату — бұл мәселені түбегейлі шеше қоюы мүмкін емес. Мұны сотта Иван Максимов монополистке дәлелдеп те берген. Тұрғынның айтуынша, қазандықтан үйлерге берілген жылудың температурасы 70 градустан көтерілмеген. Ал, жылуға ақы төлеу жөніндегі түбіртекте бұл көрсеткіш 126 градус деп жазылған. Яғни, пәтерлерге жылудың дұрыс бармауы орташа есеппен 30 пайызды құраған. Осындай уәждерімен Максимов сотта жеңіп шықты. Мойындау керек, жалпының сөзін сөйлеп, соттасу кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Демек, үй төрағасының бұл ретте табандылығын байқауға болады.

Сондықтан, үй төрағасының пікірінше, жылу есептегіш құрылғының пайдасын төмендегі екі шарт орындалғанда ғана сезуіміз мүмкін екен. Яғни,
1. Монополист қандай да бір сылтауларды айтпастан, нормотивті жылу беру жүйесін қамтамасыз етуі тиіс.
2. Шымкентте жылу есептегіш құрылғысын орнатып әрі қызмет көрсететін арнайы мекеме құрылуы қажет.
2012 жылдың күз мезгіліне дейін әрбір үйге есептегіш құрылғы орнату — ашығын айтқанда, әзірге бұл орындалмас міндет қана. «Алғашқыда 100 құрылғы орнатса да, жетіп жатыр», — дейді Ә.Душанов. — Алайда, бұл құрылғылардың біреуі міндетті түрде «3-Энергоорталықтың» тұтынушыға аттанған жылу құбырына орнатылуы керек. Сонда ғана қала тұрғындары жылу туралы шынайы көріністі көре алады!».

Есептегіш құралды алу үшін қаржы қайдан бөлінгені жөн?! Қазақстанның өзге қалаларындағы азаматтардың айтуынша, көпқабатты үйлерге аталған құралды орнатуды жергілікті билік несие алу көмегімен шешіпті. Біздікілер де солай еткені жөн. Және мұны 1 қарашадан соң емес, соған дейін жасауы керек.

Ә.Душановтың айтып отырған 2,5 млрд. теңгесі қайдан шыққан қаржы дерсіз? Түсіндірейік. «3-Энергоорталық» АҚ жылу беру маусымында ай сайын шымкенттіктердің мойнына орташа есеппен 400-450 млн. теңге жүктеп қояды. Бұл санды 0,3-ке (бұл пәтерге жетпей, жолда жоғалып кеткен жылу көрсеткіші) көбейтейік. Онан соң жылу беру маусымының ұзақтығын да ескерейік. Енді «3-Энергоорталық» АҚ-ның қала жұртшылығын соңғы төрт жылдан бері «жылытып» келе жатқанын ескерсек, жаңағы айтып отыр 2,5 млрд. теңге өзінен-өзі шыға келеді. Мекеме ең аз дегенде бес мыңдай үйге жылу есептейтін құрал орнатуға міндетті. Енді түсіндіңіз бе? Жылуберушілерге біз емес, олардың өзі бізге қарыз екенін ұмытпаңыз.

Мұнымен келіспейтіндер редакцияға келіп дәлелдеуіне болады. Шынайы шындық пікірталаста туатындығын ескерсек, ортаға салып ой бөлісуге сонополист пен тұтынушыға, екі тарапқа да мүмкіндік беріп отырмыз.