Сауаптан құр қалмаңыз

тарауих намаз

Сағындырып жетіп, қимай қоштасатын Қасиетті Рамазан айының алғашқы онкүндігі өте шықты. Ырыс-несібесі мол шуақты айды құлшылықпен өткізушілердің қатары көп-ақ. Лайым солай болғай! Дегенмен, сауабы мол айда тек ішіп-жеуден бас тартып, өзге құлшылықтарды ұмыт қалдырып жататынымыз рас. Оразада басқа қандай құлшылыққа көңіл бөлгеніміз жөн?

Қасиетті айда көзімізді, тілімізді харамнан тыйып қана қоймай, өзге құлшылықтарды да естен шығармауымыз ләзім. Соның бірі әрі бірегейі тарауих намазы. Тарауих намазы ер мен әйелге бірдей бекітілген сүннет намазы. Рамазан айының маңызды ғибадаттарынан саналады. Ол ай бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын жиырма рәкаттан оқылады. Негізінен тарауихты мешітте жамағатпен оқу абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде — кім Рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– деп, аталған құлшылықтың қаншалықты сауабы мол екендігін айтқан. Яғни, мешіттегі мұсылман жамағаты бір ай бойы Құран Кәрімді толық бастан аяқ оқып шығады. Облыстық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінде ізгі амал күнделікті оқылуда. Әсем әуезді қарилар Бабыр Мірсайтұлы мен Бахрам Диновқа сауаптан үміт еткен мешіт жамағаты дән риза. Намаздың алдында 15 минуттай облыстың бас имамы Бейбіт қажы Әліпбекұлы да жиылған жұртқа уағыз-насихат жүргізуде.
Сонымен бірге, Рақым айында теңдессіз сауапқа кенелтетін Құран оқудың сауабынан құр қалмайық. Үйде оңаша отырып та, мешітте Қасиетті Кітапты оқудың сауабы қаншалықты мол екенін көпшілік біле бермейді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген (Бақара 185)»,- делінген. Хадисте айтылғандай, Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша болмақ. Ораза: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім» десе, Құран « Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын» дейді екен. Жалпы, рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқығанның сауабы шексіз. Бұл пікірді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігіне қарасты Шымкент медресесі директорының орынбасары Нұрлыбек Гауһаров та қуаттайды. Оның айтуынша, араб тілін білмейтін жамағат Құранның қазақша аудармасын оқып-ақ мол сауапқа кенеледі.
Ендеше, облыс имамдарының қолға алған тағылымды іс-шарасын айта кетейік. Биылғы Рамазанды жоғары деңгейде өткізу үшін ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі келелі бастама көтерді. Жоғарыда айтқан пікірімізге сай, нұр шашқан айда облыс имамдары әуезді әндете Құран оқудан сайысқа түспекші. 25 — шілдеде басталған жарыс тамыздың 11-і күні мәресіне жетеді. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бастаманың дәл оразамен қоса-қабат өткізілуі бекер емес. Бұл Рамазанда Қасиетті Құранды мейлінше көп оқу, жас ұрпақтың бойына сіңдіру ниетінен туындаса керек. Сондықтан, құрметті бауырлар, қадірлі мерекені хал-қадірімізше мән-мағыналы етіп өткізуге ұмтылайық.

 

 

Тарауих намазының сауаптары

1- күні тарауих намазын оқыған момын анасынан жаңа туылғандай күнәдан тазарады.

2- күні егер ата-анасы мұсылман болса, олардың күнәлары кешіріледі.

3- күні бір періште: «Ия, Аллаһ, қабыл еткін амалын», – деп жария етіп айтады. Яғни, «Аллаһ тағала жасаған күнәларын кешті» деп айтады.
4- күні Таурат, Забур, Інжіл және Құран Кәрімнің (оқығанның) сауабын табады.
5- күні Аллаһ тағала Қағба бөлмесінің ішінде, Мәдина Мунаууараның және Мәсжид-Ақса мешітінде намаз оқығандай сауап береді.
6- күні Байтул-Маъмурды тауап еткен кісінің сауабындай сауап беріп және ол үшін тастар мен құмдардың барлығы истиғфар айтады.
7- күні Мұса (а,с) Пайғамбарды табады және Мұса (а,с)-мен бірге Ферғауын және Хаманға қарсы шыққандай сауапқа ие болады.
8- күні тарауих оқыса, Аллаһ тағала Ибрахим (а.с) Пайғамбарға берген сауаптай сауап береді.
9- күні Аллаһқа пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) құлшылық еткен болса, сондай ғибадат еткенмен тең болады.
10- күні Аллаһ тағала дүние және ахыреттің жақысылығын оған нәсіп етеді.
11- күні тарауих оқыса, дүниеден анасының қарнынан жаңа туылғандай болып шығады
12- күні тарауих оқыса, қиямет күнінде беті он төрт күндік айдай болып келеді.
13- күні кешінде тарауих оқыса, қиямет күнінде барша жамандықтан саламат болады.
14- күні тарауих оқыса, ахыретте періштелер келіп, «бұл кісі тарауих намазын оқыған» деп куәлік береді. Аллаһ тағала оысдан кейін есеп алмайды.
15- күні тарауих оқыса, періштелер ол кісіге салауаттар жібереді.
16-күні Аллаһ тағала тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруіне куәлік берер.
17- күні тарауих оқыса, барлық пайғамбарлардың сауабындай сауап береді.
18- күні тарауих намазын оқыса, бір періште келіп: «Ей, Аллаһ тағаланың құлы. Әлбетте Аллаһ тағала саған разы және ата-анаңада риза»- деп айтады.
19- күні тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оған Фирдауси атты жәннатты силап, оның мәртебесен көтереді.
20- күні тарауих намазын оқыса, қиямет күні Аллаһ тағала шахидтердің және жақсы салиқалы кісілердің сауабын нәсіп етеді.
21- күні тарауих намазын оқыса, Жәннаттан нұрдан жасалған үй сый етіледі.
22- күні тарауих намазын оқыса, қиямет күні баршща уаым-қайғыдан аман болады.
23 — күні тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала ол кісіге жәннаттан бір шаһар дайындайды.
24 — күні тарауих намазын оқыса, жиырма төрт дұғасын қабыл етеді.
25 — күні Аллаһ тағала ол кісіні қабыр азабынан құтқарады.
26- күні тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала 40 жылдық ғибадаттың сауабын береді.
27 — күні тарауих намазын оқыса, қияметте сырат (қыл көпірден) көпірінен құстай ұшырып өткізеді.
28 — күні тарауих намазын оқыса, Мекке- мәдина шаһарына мың рет қажылықтың қабыл болған сауабын нәсіп етеді.
29 — күні тарауих намазын оқығанға Аллаһ тағала «Ей, құлым, саған жәннаттың алуан түрлі жемістерінен нәсіп болар және салсабил суына шомыл, кәусар суын мейірің қанғанша ішерсің. Мен сенің Жаратушыңмын, сен Менің құлымсың»- деп айтқан.