Жуырда тек республикаға ғана емес, кезінде одақ көлеміне аты әйгілі болған, «Манкент» шипажайында демалудың сәті түсті. Алғашқы кезде тек демалыс орны ғана болып ашылған бұл «Манкент» қазір ем іздегендердің дертіне дауа боларлық шипажайға айналған. Әсіресе, мұнда жүйке жүйесі мен тірек қозғалысы сондай-ақ, урологиялық аурулармен ауыратындар өте көп келеді екен. Шипажайға келушілердің қатары қай мезгілде болмасын пәсең тартып көрген емес. Әсіресе, жаз айларында мұнда келіп демалып, ем алатын тынығушылардың саны анағұрлым арта түседі. Мысалы, біз барған кезде 700-ге жуық адам демалып жатты.
Жалпы жағдай жаман емес. Соңғы жылдардың өзінде жаңадан бірнеше жатын жайлар салынып, демалушылардың дұрыс тынығуы үшін толық мүмкіншілік жасалған. «Ас-адамның арқауы» — демекші, мұндағы дастархан мәзірі де өте бай. Сіз ұнататын тағам түрлерінің қай-қайсысы болса да осы жерден табылады. Қысқасы, мұндағы демалушылар бұл жағына дән риза.
Алайда, шипажайда көпшілік қауымның көңілін көншіте бермейтін мәселелер де баршылық екен. Мысалы, саз-сезім, ән-көңілдің ажары десек, бұл шипажайда демалушыларға бірден-бір қажет мәдени қызмет көрсету ісіндегі кейбір кемшіліктер көңілге қобалжу тудырып жатты. «Өркен» өнер тобы тынығушыларға келіп арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, көпшіліктің алғысына бөленгені болмаса, ал, қалған күндері қашан кешкі дискотека басталғанша шипажай ішін тыныштық билеп тұрғаны. Ал, сонау Астана, Атырау мен Ақтөбе, Қызылорда мен Алматыдан әдейі ат арытып, демалу үшін келген қонақтар, тіптен, өзіміздің де ертелі-кеш тамақтың алды-артында тынығып отырып: «Шіркін-ай, осындай бір сәтте бой сергітіп, көңіл шалқытар қазақтың тамаша бір ән-күйлері болса ғой» — деп армандаумен болдық. Әншейінде әнші де биші де Оңтүстікте көп деп мақтанамыз. Шипажайға келіп демалушыларға мәдени бағдарламалар ұйымдастыруға болады ғой. Ал, кешкі дискотекадағы музыканың басым көпшілігі шетелдің даңғырасымен бас қатырады. Осы жағына көңілі толмаған көпшілік қаншама ескертіп, қазақ әуені мен билеріне сұраныс білдіріп жатқанымен бұл өтінішке құлақ асар жан табыла қоймады.
Екінші бір әттеген-айы, бірқатар корпустар, әсіресе, коттедждердің бөлмелеріндегі кереуеттердің тым ескі екендігімен тұрмай, олардың тіптен пәс, өте жатаған түрі келушілердің көңілін қобалжытып, көбісі орын ауыстырудың қамымен айналысып кетіп жатты.
Үшінші әттеген-айы, қайда барсаң да алдыңнан шығатын жас балалардың айқай-шуы. Шыны керек тынығушылардың мазасын алумен болды. Ем алып жатсаң да, демалып жатсаң да осы бір бүлдіршіндердің жылап-сықтауы мен оған кейіген ата-анасының ащы дауысы тіптен түн ұйқыңды төрт бөліп жібереді.
Міне, шипажайдан көріп-білгеніміз осы болды. Ендігі жерде бұл демалыс орнының тиімділігін арттырамын деген шипажай басшыларының осы бір айтылған жайларға баса көңіл бөлгендерін қалап оралдық.
Серікбай ТҰРЖАН, журналист.
Бәйдібек ауданы