Шымкентте «Арыс жағасында» ретро-фестивалі өтті

407
Шымкентте дәстүрлі "Арыс жағасында" ретро-кеш өтті

Сағыныш әндер. Танымал жұлдыздар. Шәмші әлемі. Бұл күні “Арыс жағасында” ретро-фестивалі Шымкентте кезекті шымылдығын түрді. Мәртебелі кеш белгілі композитор Сейдоллла Бәйтерековтың шығармашылығына арналды.

Ақнұр Жаппарқызы: “Қуаныштымыз, әрине. Шәмші ағамыздың туған күнінде “Шәмші аллеясы” гүлзарында керемет кеш өтіп жатыр. Бәрінен бұрын мынадай мерекелік ретро кешті көремін деп ойламаған едім. Тек көгілдір экраннан ғана көретін жұлдыздардың біздің алдымызда ән салғанын көру – үлкен қуаныш біз үшін. Ал Сейдолла Бәйтереков турасында айтатын болсам, бұл сазгер – өте салмақты еді. Иісі қазақ мойындаған өнер иесінің бүгінде ерекше еске алып отырмыз, міне. Көзімізге жас алып, Ұлы сазгердің ұлылығын тағы да мойындамасқа лаж жоқ. Сондай-ақ мен ғана емес, келген көпшілікте тәнті болуда. Сондықтан, бұл ретро кеш есімізде мәңгі сақталады деп ойлаймын.”

Бекназар Бимұрзаев: “Бүгін бізге мереке, той! Себебі, ретро-кеш бізге меркелік көңіл күй сыйлады. Иә, расында да мұндай кешті сағынып қалыппыз. Ретро-әндерді тыңдап, рухани ләззат алудамыз. Жастық шағымыз еске түсіп дегендей… Отбасымызбен, яғни балаларымды алып келдім бүгін. Таңданатыны сол – менің кішкентай балаларымның өзі мына әндерді білетіндей, өзінше қосылып қояды. Бұны көргенде Ұлы сазгерлердің талантына тәнті болдым. Демек, қазақтың әндерінің шарықтауына сеп болған сазгерлерге деген құрмет әлі жеткіліксіз деп ойлаймын. Анығырақ айтсам, композиторлар біз көрсетіп жүрген құрметтен жоғары бағаға лайықты.”

Үшінші рет қолға алынған шара Шәмші аллеясын әнмен әлдиледі. Халық әртісі Роза Рымбаева да арнайы келіп, кештің көркін кіргізді. «Бұл фетиваль ерекше» деген өнер иесі алған әсерін жасырмады.

Роза Рымбаева, ҚР халық әртісі: “Шымкентке келген сайын ерекше бір әсермен қайтамын. Олай дейтін себебім де белгілі. Көптеген өнер иелері мен сахна саңлақтары осы Шымқаладан шыққаны жасырын емес. Ал Сейдолла Бәйтерековтың әндерінің өзі, табиғатының өзі ерекше сезімге толы. Мұны мен ғана емес, осында жиналып отырған жұртшылық та растайды. Қазақтың сазгерлері арасында да айрықша орынға ие композитор халқына қаншама әндер сыйлап үлгерді. Айта өтейін, Сейдолла – өте қарапайым әрі ақ көңіл жан. Салмақтылығмен ерекшеленетін. Жалпы айтқанда, бұл кісінің әндері қандай болса, өзі де сондай адам. Сондықтан, Сейдолла Бәйтерековке арналған кетер жалғасын табады деген сенім мол. Әндерін орындауға біз де ынтызар екенімізді жасырмаймыз”.

Мәдина Сәдуақасова «кештің ерекше сезімге толы» екенін айтады

Мадина Сәдуақасова, әнші: “Мен Сейдолла Бәйтерековтың көптеген әндерін орындап жүрмін. Барлығы да ерекше еңбектер. Халық айтады ғой “жүректен шыққан дүние жүреке жетеді деп”. Міне, сондықтан сазгердің әндері мәңгілік! Мәселен, бүгінгі атаулы кеште өздеріңізге белгілі актер Азамат Сатыбалды екеуміз сахнада қойылым қойып жатырмыз. Яғни, Азамат — Сейдолла ағамызды сомдаса, мен Ләззат әпкеміздің рөліндемін. Алайда, жұртышылққа жұмбақтығымен ерекшеленсін деп менің есімімді Әлия деп атап жатыр. Сайып келгенде, бұл ретро-кеш біздің есімізде мәңгі жасайды. Көпшілік таң-тамаша болып өнер иесінің әндерін тыңдап отыр. Оңтүстіктің қаншалықты құрмет көрсететініне өзіміз де куә болудамыз. Шымкенттегі шараның ерекшелігі де сол – әнді тіпті түрегеліп ерекше сезіммен тыңдайды. Осыған қарап-ақ өнер иелеріне деген шексіз құрметті аңғарасың”.

Қазақ вальсінің падишаһы Шәмші Қалдаяқовтың туған күнінде осылайша сазгердің әндері шырқалды. Ауқымы кең шара апта бойы жалғасын табады деп күтілуде. Сейдулла Бәйтерековтың жүрекжарды туындыларына деген көпшіліктің ықыласы осылайша байқалды кеш барысында. Ендеше, елі үшін өшпес өнермен есте қалған сазгерлер туындыларын тыңдап, дәріптеу – баршаға тиесілі үрдіс.