«Менің Қазақстаным» ән байқауына қатысты баспасөз-мәслихаты өтті

500
"Менің Қазақстаным" байқауына қатысты баспасөз-мәслихаты өтті

Жаттанды сценарий, өзгеріссіз сахна. Бұл көрініс Шымкентте шымылдығын түрген кезекті конкурста тағы қайталанды. Қаламызда Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» ән байқауы өткен болатын. Аталған конкурсқа Оңтүстік өңірінің 25 жас әншісі атсалысты. Өнер додасынан соң, баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.

Қалдыбек Құрманалиев, сазгер: “Таңданатыны сол – Шәмші иісі қазақтың Ұлы сазгері. Анығырақ айтсақ, қазақ вальсінің падишаһы. Сондықтан күллі қазақстандық құрмет көрсетуі маңызды. Бірақ байқайтыным, бұл шараның қолға алынғанына да біраз жыл болды. Ал республикалық “Менің Қазақстаным” ән байқауы өте төмен дәрежеде өтіп жүр. Биыл Өскеменде өтеді делінді. Бірақ дәл осы Республикалық байқауды Шымкентте өткен шарамен салыстыруға келмейді. Сондықтан, осы орайда дәл ұлы сазгердің жерлестері секілді ешкім Шәмшіге құрмет көрсеткен емес. Бұл – ащы болса да шындық! Жасыратыны жоқ, Республикалық байқауға мемлекет тарапынан көзделген қаражат бөлінбейді. Салдарынан, сапасыз ән кеші жалғасын табуда. Мен бұл пікірімді тіпті республикалық телеарналар алдында айтқанмын. Министр ұялғанынан орнына қояр деген үміт болды, әрине. Бірақ, Министрдің жұмысы да болмады, қайта түк білмегендей “бейғамдық” түр танытты. Мен шәмшітанушы ретінде айтарым да осы, халық перзентіне лайықты құрмет көрсетілсе! Себебі, ұрпағы үшін Ұлы еңбектер қалдырған қазақтың қарапайым баласын тірісінде қадіріне жете алмағанымыз жасырын емес. Тарихқа аты алтын әріппен жазылуы тиіс тұлғаның еңбектерн бағалап, рухына лайықты құрмет көрсету – бізге, жастолқынға артылған жауапты жүк. Жауапкершілікті мойнымызбен көтере білейік, ағайын!”.

Шәмші шығармаларын зерттеп жүрген сазгер Қалдыбек Құрманалиев “Менің қазақстаным” республикалық ән байқауының деңгейі төмен екенін растап отыр. Жасыратыны жоқ, мәртебелі кеш – ұлы сазгерге деген құрметтің дәрежесін көрсетсе керек. Сондықтан, ең болмағанда республикалық конкурс өз атына сай жоғарғы дәрежеде өтуі қажет-ақ. Бүгінде Арыстың аруын, Сыр қызының сұлулығын әнімен жеткізген сазгердің құрметіне арналып Оңтүстікте ән байқауы өткізіліп-ақ жүр. Халықтың жүрегіне жылулық ұялататын, иісі қазаққа ортақ мәнді әндерін бүгінде көпшілік шарықтата шырқаудан жалықпақ емес. Алайда жылдағы жаттанды сценраий мен өзгеріссіз сахна сол қалпы. Дегенмен ерекшелік бар биыл дейді мәдениет басқармасының басшылығы.

Күлия Айдарбекова, ОҚО мәдениет басқармасының бастығы: “Бұл кеш Ұлы композитор Шәмшінің құрметіне арналған. Сондықтан, Шымқаланы әнімен тербеуі заңдылық. Туған өлкесінен шыққан өскелең ұрпақ та Шәмші әндеріне сусындап өседі. Ендеше, бұл байқау жаңа жұлдыздарды дүниеге әкеледі. Сонысымен де ерекше. Бірақ бұл жылғы байқаудың өзгеше-басқаша екпінмен өткенін байқадым. Сол себепті жаңарулар бар деп айта аламын”.

Ляззат Бәйтерекова, “Менің Қазақстаным” ән байқауы қазылар алқасының мүшесі: “Шәмші – ән әлемінің билеушісі. Мойындау керек, бүгінде дәл осы байқаудан талай таланттар түлеуде. Сондықтан, “Оңтүстік – өнер ордасы” екенін ескерсек, дәл осы сөз дәл осы байқауда дәлел болып отыр. Қаншама талантты жастарды көріп, еріксіз көзіме жас алдым. Себебі, Шәмшінің әнін дәріптеп, шарықтата шырқайтын ұрпағы барда Ұлы Сазгердің Ұлылығы биік болмақ”.
Қазақ вальсінің падишаһы Шәмші Қалдаяқовтың өмірден өткеніне – 20 жыл. Әу бастан ән әлеміне өзіндік өрнегімен келген сазгер қандай құрметке болсын лайық. Бастысы, Халықтың жүрегіне жылулық ұялататын сазгер әні жұртшылық жүрегінде мәңгі жасай бермек. Ал атаулы датаға орайластырылған ән кеші 2 күн бойы Шәмші әлемі гүлзарында өтеді деп жоспарлануда. 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=qmd_TAaaD0w[/youtube]