Тағы да төрт қыз тастанды атанды

Шымкентте болған оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Белгісіз біреулер балалар үйінің ауласына 4 бірдей қыз баланы тастап кеткен. Тіпті қолдарына тілдей хат та ұстатса керек. Онда тастандылардың апалы-сіңлілі екені жазылған. Соған қарағанда тасжүрек ата-ана перзенттерінен бас тартқан болуы мүмкін деп күдіктенеді мамандар.

Ардан безген ата-ана төрт баланы алдымен Шымкенттегі бөбектер үйінің алдына тастап кеткен. Болған жайды жасырғысы келді ме екен, кім білсін, мекеменің мамандары тілшілерді мекемені камераға түсірмеуімізді талап етіп қарсы алды.

Ақерке және Ұлбосын — қыз балалардың үлкені. 6 және 4 жастағы бүлдіршіндер бір аптадан бері балаларды бейімдеу орталығында жүр. Қыздар тегін біледі. Мүсірәлиева — қыздардың тегі осылай аталады. Қос қыз өздерінің осындай күйге түсуіне ата-аналарының ішімдікке салынуынан көреді.

Үйдің үлкені Ақеркені сөзге тартқанымызда анасының аты Әсел, әкесінің есімі Қанат екенін айтты. Оларға қайта барар ма едің деген сұраққа балақай «жоқ» дегенде таңданғанымызды жасыра алмаймыз. Сөйтсек, балалардың айтуынша, олардың ата-аналары ішімдікке салынған жандар екен. Сол үшін де бүлдіршіндер бейімдеу орталығындағы қамқор апаларының аялы алақандарынан кеткісі келмейтін сыңай танытты.

3 және 2 жастағы Гүлзима және Арайлым атты кенже қыздар балалар аурухасына жіберілген. Олар қазір профилактикалық тексеруден өтіп жатыр. Медбикенің мәлімдеуінше, балалардың денсаулығында кінәрат жоқ. Сап-сау.

Қыздардың ата-аналары табылмайынша, тастандылар орталықта болады. Егер төрт қыздың туыстары табылмаса балалар үйіне жіберілетін болады. Айтпақшы мұнда тағы апалы-сіңлілі Мүсірәлиевалардан бөлек, ата-анасы қалдырып бір қыз бен ұлбала бар. Полицейлер қызбаланың анасын тапқанымен безбүйрек ана бауыр етінен бас тартып жатыр. Онымен қазір психологтар жұмыс істеуде.