Облыс әкімдігінде А.Мырзахметовтың төрағалығымен жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) жасау тәртібі және облыс көлеміндегі құрылыс нысандарының ережелері бойынша арнайы мәжіліс өтті.
Аталған жиынға облыс әкімнің орынбасарлары мен салалық басқарма басшылары аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары және тиісті салалық бөлімдердің меңгерушілері мен жауапты мамандар қатысты.
Облыс басшысы күн тәртібінде қаралған мәселе туралы бюджет тарапынан құрылыс саласына бөлінген қаржыларды заң аясында тиімді пайдалану жайын айтып, облыс аумағында құрылыс жүргізу барысында орын алған бірқатар кемшіліктерге тоқталды.
Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиев 2010 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған №459 әкімдік қаулысының орындалуы туралы хабарлама жасап, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау кезінде қаулыда нақты көрсетілген мерзімдердің көбіне сақталмайтынын алға тартты.
Облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бастығы Қ.Жамашевтың хабарлауынша, бүгінде облыс аумағында 200-ден астам техникалық бақылаушы тіркелген. Алайда, халық арасында «ТехНАДЗОР» болып сіңіп қалған мекемелердің жұмыстарында бірқатар шикіліктердің көптеп кездесетіні кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, құрылыс нысандарының сапасына бақылайтын техбайқаушылардың жеткілікті деңгейде жұмыс жасамайтыны, нысан құрылысында ақау пайда болса, олардың жауапкершіліктен бас тартатыны талқыланды.
Қаулымен бекітілген регламентке қатысты қандай да бір ұсыныс барын сұраған облыс басшысы құрылыс саласындағы барлық кемшіліктердің осы саладағы жауапты мамандардың жауапсыздығы мен сауатсыздығынан орын алатынын айтты. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы сапаны бақылаудың төмен деңгейде екендігіне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы қаулыда көрсетілген регламент талаптарын түсіндіру үшін аудандар мен қалаларда арнайы семинар ұйымдастыруды, құрылыс саласына жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен құрылыс бөлімі мамандарының біліктілігін сараптау мақсатында қайта аттестациядан өткізуді тапсырды.
Сонымен қатар, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жер телімдері шешілмеген нысандардың жобаларын бюджеттік комиссияның қарауына ұсынбауды жүктеген облыс басшысы жобалық-сметалық құжаттардың әралуан әзірленетініне тоқталып, жұмыс барысында жіберілген кемшіліктер бойынша қызметтік тексеру жүргізуді, құрылыс басқармасының штаттық бірлігін және типтік құрылысқа қажетті мәселені қайта қарауды, егер бағалар көтеріліп көрсетілген болса, бірде-бір жобаны бюджетке енгізбеуді қатаң тапсырды.
Жиын соңында бүгін талқыланған өзекті проблемалардың алдағы кездегі әкімдік отырысында қайта қаралатыны ескертілді.