Қарттарым, аман-саумысың?!

Қалқабек қарияның мұңы көп
Қалқабек қарияның мұңы көп

Шымкент қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде 265 азамат тұрады. Оның 100-і орыстар, 90-ы қазақтар. Әсіресе қарттар көп.

Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз, даналығынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр бұл. Осы бір көнеден келе жатқан үйлесім мен үлкенді сыйлау дүниетанымы бүгіндері өзгеріске ұшырап, қарияны сыйлаған дәстүр ескінің сарқыншағы іспетті ақырындап, ғасырлардың қойнауына еніп бара жатқанын байқамау мүмкін емес.

Кейінгі кездері қариялылыққа мойынсұнбайтын, «анау-мынаудан» тартына қоймайтын, елдің емес, дәулеттінің сөзін сөйлейтін қарттар арамызда тым көбейіп кеткені көңілге кірбің ұялатады. Аталы сөзден гөрі әңгімелері үйдегі шайпаулықтан, ауылдағы өсек-аяңнан әрі аспайтын, қолында билігі барларға жайылып жастық бола кететін шал-шауқандар қазақ түсінігіндегі «қарияның» құнын ептеп түсіруде. Десек те, ата-ананы сыйлаудан, «мынау кісі қария ғой» деп кішіпейілдік танытудан қалып бара жатқанымыз да өтірік емес. Сыйлау былай тұрсын, қазыналы қарттарымызды қарттар үйіне апарып тастау-дан да именбейтін қатыгез, безбүйрек ұлтқа айналып кеткендейміз.

Жақында Шымкенттің іргесіндегі Чапаевка елді мекенінің аумағында қараусыз қарттарға арналған, «Қарттар үйі» деп айдар тағылған мекемеге бас сұғып қайтқан едік.

Нұрғали Ешенқұлов, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінің директоры: Қарттар үйін мекен ететіндердің басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Шынын айту керек, соңғы жылдары бізге келетіндердің арасында қазақтардың саны артып келеді. Қынжылтатын, ұлт бетіне салық болатындай-ақ жағдай. Амал не, барар жер басар таулары болмаған соң қабылдаймыз. Көбіне бала-шағасы керек етпей, үйіне сыйғызбай әкеп тастап жатады. Айында-жылында бір келіп кетеді. Мүлде келмейтіндері де бар. Қарттардың осындай аянышты қалпын көрген соң қолымыздан келгенше жағдайларын жасап, көңілдерін көтеруге тырысамыз. Ас-ауқаты, жатын орыны барлығы да талапқа сай. Дегенмен бұл жер қариялар үшін өз үйіндей болмайды ғой».

Аталмыш мекеме 1965 жылы тұрғызылған екен. Сол уақыттан бері бұл шаңыраққа кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсіз. Қарттар мен мүгедектер үйінің директоры Нұрғали Ілгербайұлы Ешенқұлов деген азамат. Мекемені біруақ өзі аралатып шықты. Мұндағы жанары жәутеңдеген, назары пәс тұрғындарды көріп көңіліміз құлазығаны рас.

Қарттар үйі о бастан 280 орынға лайықталып, типтік негізде салыныпты. «Бүгінде 265 адам осы жерде тіршілігін жалғастыруда. Оның 100-ден астамы – орыс ұлтынан болса, 90-ы қазақтар, қалғаны өзге ұлттың өкілдері» – дейді директор.

Қарттар үйін аралай келе көңілді бірден мұң басты. Көз алдымда – көңілсіз бейне, сұрықсыз тағдыр. Назары пәс, жаны жүдеу жандар. Бұл жерден ата-анасын аялап бақпақ түгілі, «арбаға байлап қойып баға алмаған» баласы құрысын деп отырған қарттарды көрмейсіз. «Іштен шыққан шұбар жыланына» жаман сөз жуытқылары келмейді.

Қарттар үйін аралай жүріп неше түрлі тағдырларға кезіктік. Жас кезінде әлемді жалпағынан басса да ендігі өмірлері іштей өкінішпен, күйінішпен өтіп жатқанын мұң толған көз жанарларынан-ақ байқайсың. Әжім басқан жүздерінен «қайран өмір, қайран жастық шағым-ай, келмеске кеткен дәуренім-ай» деген сағыныш сезімін көрмеу мүмкін емес. Бейшара қарттардың әлгіндей солғын түрін көріп тұрып, осының осылай болғанына қыры кеткен тәрбие мен қатігез қоғамның әрекеті кінәлі демеске лажың жоқ. Тек ақша табу мен жеңіл өмірді ғана мұрат тұтатын батыстық көзқарастың қазақы қоғамды, әсіресе жастар жағының дүниетанымын адам танымастай етіп өзгерткені себепші дегің келеді де тұрады. Осындайда ұлы Абайдың «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деген даналығы ойға еріксіз оралады.

Безбүйректіктің кесірінен талай қазақ қарттары үйіне сыймай тентіреп осында жүр. Кейбіреуінің балалары айында-жылында бір келіп, төбе көрсетіп, үлкенді сыйлаған сыңай танытып кететін көрінеді. Ішінен шыққан баласын көріп, немересін бір иіскеуге асығып отыратын қамкөңіл шеше мен тілеуқор әке осыған да тәубе дейді. Қанша қатыгездік жасаса да баласына деген махаббаты шексіз. Кейбіреулері перзентін кінәлағысы жоқ. «Бәріне анау, әйелі құрғыр кінәлі ғой», «заман кінәлі» деп, өз баласына шаң жуытқысы келмейтінін қайтерсің. Ана мен әкенің балаға деген махаббаты не деген шетсіз, шексіз еді деп таң қалғаннан басқа амалың жоқ мұндайда.

Қариялардың жағдайын, тұрмыс тіршілігін көрмек боп жағалай жүріп келе жатып, орындықта шуақтап отырған тақиялы ақсақалға жолықтық. Бөлмесіне кіріп, анау-мынауды әңгіме қылдық. Қария «мына жердегі жағдайым өте жақсы, күтіміміз де, денсаулығымыз да дұрыс, тамаққа тоқпыз»-дейді. «Мен өзім Ленгірден боламын. Сонау соғыс жылдары жас бала едік. Егіс ектік, 18 жыл бойы агроном, сельсоветте хатшы болып еңбек еттім. Еңбектің де зейнетін көрдік. Бірақ Құдай қосқан қосағымыз екеуміздің маңдайымызға бала сүю бақыты жазылмаған екен. Кемпір қайтыс болған соң, әкеміз бір, шешеміз басқа бауырымның үйінде бірнеше жыл тұрдым. Ауру, сырқау шалды кім жақтыра қойсын. Сыйыса алмадық. Дәлірек айтсам сыйғызбады.

Содан, осы жерге әкеліп өткізді. Келген кезде дірілдеп, өз аяғыммен әзер жүріп келген болатынмын. Осы жерге келген күннен бастап жағдайым күрт дұрыстала бастады. Мына балаларға дән ризамын. Жағдайымыздың бәрін жасап жүгіріп жүреді. Әйтеуір көңілімізді көтерем деп әлек. Кір-қоңымызды жуып, жатын орнымызды мұнтаздай таза етіп қояды. Туыстарым келіп кетіп тұрады анда-санда. Өз ішіңнен шыққан балаң болмаса бәрі де бекер екен» — деп Қалқабек қарияның жанарына жас үйірілді. Одан әрі тәптіштеп әр нәрсені сұрай берудің өзі күнә болар еді. Жасыңыз жүзге жетсін, денсаулығыңыз сыр бермесін деп жылы қоштасып шығып кеттік.

Бірін-бірі тапқан қос мұңлық Өмірәлі ата мен Нина апай

Мекеме бастығы әңгіме барысында қарттар үйінде 30 қария мен 30 әжейдің отбасын құрғандығы туралы әңгіме айтқан еді. Енді сол «жас жұбайлардың» біреуімен тілдескім келді. Мені ертіп жүрген кадр бөлімінің маманы Айнагүл апай «үйленгендеріне 1 жыл да толмаған жұп бар, мен сені соларға апарайын» деп ұзын дәліздің бойындағы бір есікке кіргізді. Екеуі де бөлмелерінде екен. Жасы жетпіс екіге келген шымкенттік қарияның есімі Өмірәлі, өзінен тура бір жас кіші жұбайының аты Нина. Алғашқыда әжейді орыс деп ойлағанмын.

Сөйтсем, удмурт ұлттың өкілі екен. Екеуі үстіміздегі жылдың ақпан айында отау құрса керек. «Қартайғанда ең болмаса сыр бөлісіп, нанымызды, асымызды бірге ішіп, қайғы мұңымызды бірге бөлісейік деп шештік» дейді Өмірәлі қария. Одан әрі сөзін жалғап, «менің негізі 3 балам бар. Кенжем қолымда қалған еді. Үйлендірдім. Әп-әдемі келіншегі, алты бірдей балалары бар. Бірақ жұмыссыздықтың кесірінен жағдайымыз оңалмай-ақ қойды. Мені күтіп, бағу былай тұрсын, ішіп жемге азық таба алмай қалдық. Менің зейнатақым қайда жетеді дейсің. Одан қалса ұрыс-жанжал көбейіп кетті шаңырақта. Сосын көздеріне күйік болғанша, осында келіп тыныш өмір сүрейінші деп шештім. Келгенім жақсы болған екен. Келе салып мінеки, үйленіп те алдым. Күтіміміз құдайға шүкір, өте жақсы».

Нина апаның да өмір тарихында қуаныштан гөрі қайғылы күндердің көп болғандығын аңғардық. О бастан құрсақ көтермеген апамыз бұдан бұрын екі мәрте тұрмысқа шыққан екен. Екінші күйеуі қайтыс болған соң оның алғашқы әйелінен туған бала-шағасы үйіне сыйғызбапты. Ақыры, азар беріп, 2006 жылы осы жерге әкеп тастаған екен. «Тағдырдың тартуы шығар, Құдай Өмірәлідей замандасыма жолықтырды» деп Нина әжей жылы жымиыс танытты. Дегенмен, жүздерінен үлкен қуаныштың, шаттықтың табы да білінбейді. Онысын айтпай-ақ түсінуге болар еді. «Қанша күн өміріміз қалды дейсің» деген «қариялық көзқарас» пен болашаққа деген үміттерінің тым көмескі екендігі ашылып айтпаса да жүздерінде жазылып тұрған еді.

Қариялардың жайын «қарттар күні» ғана ойлайтынымыз бар. Сол күнді сылтауратып, майда-шүйде сыйлық жасағансып, көңілдерін аулағанситынымыз да өтірік емес. Әйтеуір өлместің күнін кешіп, ана жаққа кететін күнін күтіп жүрген ақсақалдардың тағдырлары аянышты-ақ. Безбүйрек баласы мен келініне сыймай, ел аман, жұрт тыныштықта үйінен безген қарттардың мына күйін ешқайсысымызға бермесе екен дегеннен өзге тілек жоқ. Бәрміздің де ертең тірі болсақ қария болатынымызды, іштен шыққан баламыз осылай қарттар үйіне әкеп тастаса нендей күй кешетінімізді бір құдай білсін. Әйтеуір ондай қасиетсіз ұл-қыздан Тәңір өзі сақтағай.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.