Әмеңгерлік оқиғасы

158

Редакциямызға хат жолдаған оқырманымыз әмеңгерлік оқиғасын баяндапты. Хикаяны қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Сәлеметсіздер ме?
Айтайын деген оқиғам — әмеңгерлік дәстүрі жайлы болмақ.
Сіңлім тұрмысқа шыққаннан кейін 6 жылдан соң күйеуі қайтыс болды. Сіңлім небәрі 28 жаста болатын. Екі баласы бар: біреуі 6-да, екіншісі 3 жаста.
Қабырғамызды қайыстырған бұл қаза бәрімізге ауыр тиді. Әсіресе, сіңлім өмірі тоқтап қалған сияқты күй кешті. Бәріміз оның өмір сүруі үшін Жаратқанға жалбарындық.
Шыны керек, күйеуі қайтыс болған соң өзі де өліп қала ма деп қорықтық. Себебі олар өте бақытты еді. Айналасындағы адамдар оларға қызыға-қызғана қарайтын. Күйеубаламыз да қарапайым отбасынан шыққан тәрбиелі, ақылды жігіт болатын. Әйелі мен балаларына өте жақсы қарайтын.
Ата-анамыз да оны өзінің туған ұлынан кем көрмейтін. Сондықтан да бұл қаза бәрімізге ауыр тиді. Көндіге алмадық, әсіресе сіңлім көп уақыт ес жинай алмай қалды.
«Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген сөз бар. «Тірі адам тіршілігін жасайды деп те айтамыз. Сіңлім балалары үшін өмір сүрді. Тұрмысқа шыққалы жұмыс істемеген. Үй ханымы болды. Оған күйеуі жұмыс істетпеді емес, ол өзі қыз кезінен-ақ „Егер болашақ күйеуім бар жағдайымды жасап, отбасына жеткілікті қаржы тауып отырса, мен жұмыс істегім келмейді“ деп айтатын.
Тілегі қабыл болып, жолдасы қатты байып кетпесе де отбасын асырай алды. Әйелі балаларына қарап, үй тірлігін істеп отыратын. Сіңліме „жоғары мектепті босқа оқыдың ба, жұмыс істеп, ортаға араласуың керек“ деп қанша айтсам да қаламады.
„Күйеуім аман болса, бізді асырайды, сендер араласпаңдар“ деп жауап беретін. Оның қалауына да араласқымыз келмеді. Өздері бақытты болғаен соң, ештеңе айта алмадық. Осылайша бақытты шағында бір күні жан жарынан айрылды. Сіңлім үшін өте қиын кез басталды.
Ол ата-енесінің қолында тұруын жалғастырды. Күйеуінің қырық күндігі өтіп, арада біраз уақыт өткенде енесі күтпеген ұсыныс айтқан.
Бір күні сіңлім үйге жылап-еңіреп келді. Сөзінен түсінгеніміз — ата-енесінің айтқанын естігенде біреу төбесінен мұздай су құйғандай болыпты.
Күйеуінің 3 жас үлкен ағасы бар еді. Әлі үйленбеген. Енесі соған әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығу жағын ойланып көруін айтқан.
Бұған қатты ашуланған сіңлім балаларын алып, заттарын жинап, үйінен кетіп қалған. Сол үйге бармайтынын айтып, „осындай ұсынысты баласының әруағынан ұялмай қалай айтты“ деп еңіреді.
Оны тыңдаған ата-анам да ештеңе демеді. Себебі оған қазір не айтса да тыңдамайтыны анық еді. Сөйтіп арада 2 ай өтті. „Сіңлімнің ашуы қайтты-ау“ дегенде қайынағасы келді.
Түсінгеніміз: ол кісі әменгерлік жолмен інісінің әйелін алуға келісімін берген. Сіңліммен жеке сөйлесуге келіпті. Сіңлім сөйлесуге шықпады. Тек бөлмесінде отырып, „Сен менің қайын ағамсың, осы кезге дейін „қайын аға“ деп алдыңнан кесе көлденең өткен емеспін, қалай ғана келініңе үйленуге келісіп отырсың» деп айқайлады, жылады.
Әмеңгерлік ұсыныстың өзі маған сорақы сияқты көрінді. «Сіңлімнің қалауына құрмет танытыңыздар» деп ол кісіні шығарып салдым.
Түсінгенім: әке-шешеміз де әмеңгерлікке қарсы емес. Сіңлім үшін әрі балалардың өз жұртынан жат кетпеуі үшін осы шешімді құптады. Бірақ соңғы шешім сіңлімде еді. Әкем қызымен сөйлесу сәтін күтті. Тағы бір ай өткен соң, онымен сөйлесті, ата-анасы ретінде бұл шешімге қосылатынын, осылай болғаны балалары үшін де, өзі үшін де ең дұрысы болатынын айтты. Әкеммен сөйлескеннен кейін сіңлім де ойлана бастады. Содан кейін ата-енесі келді. Бәрі дастархан басында отырып тағы сөйлесті. Ол кезде әмеңгерлік жолмен үйленіп жатқандар біздің отбасында ғана емес еді. Айналамыздан сондай әңгімелерді әлсін-әлсін естіп тұратынбыз. Әсіресе оңтүстік ауылдарында бұл дәстүр сақталғанын да еститін едік. «Бірақ ешқашан бұл жағдай басымызға түседі» деп кім ойлаған.
Келісім беруін қалаған сонша көп адамның өтінішінен кейін сіңлім де келісті. Күйеуі қайтыс болған соң 7 ай өткендеол қайын ағасына әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шықты. Қайын ағасы үйленбеген, шағын кәсіп жүргізетін адам болатын. Інісін де, оның балаларын да қатты жақсы көретін.
Білуімізше, ата-анасы оған інісі қайтыс болған соң қырқы өтпей жатып, келінін әмеңгерлік жолмен әйел қылып алуын айтқан. Ол кісі інісінің балалары үшін көп ұзамай-ақ келісімін берген екен. Қазір олардың отбасын құрғанына 15 жыл болды. Алғашқы бірнеше жыл бір-біріне үйрене алмай қиналды. Кейін келе күйеуіне сіңлім де бауыр бас бастады. Екеуі отбасын құрған соң екі жылдан кейін бала көтерді.
Қазір 5 баласы бар. Екеуі бірінші күйеуінен, қалған үшеуі де екінші күйеуінен. Бақытты өмір сүріп жатыр. Ата-енесі де өте жақсы адамдар. Сіңлім әмеңгерлікпен тұрмысқа шығар алдын «Бұрын үйленбеген адам, інісінің әруағын сыйлап, оның балаларын ойлап, солай жасамасын. Мен балаларымды өз жұртынан алыс ұстамаймын» деп қанша айтты. Бірақ ол бұл өзінің шешімі екенін, бұған ешкім мәжбүрлемегенін айтып түсіндірген еді. Қазір олар өтте үлгілі, жарасымды жұп. Бұрын оның келіні болған деп ойламайсың.
Иә, «әмеңгерлік жолмен отбасын құрғандардың бәрі бақытты болып кетеді» деп айта алмаймын. Сондай кісілердің арасында ажырасқандары да қаншама. Мен де «біраз уақыттан кейін ажырасып кетер ме екен» деп ойлағанмын. Екі тарап та басқалардың ақылын тыңдап ғана үлкендердің қалауын орындап жатқан сияқты көрінетін.
Таңдауының еш маңызы жоқ сияқты үлкендердің бұл іске араласуына ашуланғаным да бар. Алайда сіңліме қашан да қолдау көрсеттім. Соңғы шешімді өзі қабылдайтынын, оның шешімін жездесі екеуіміз қашан да қолдайтынымызды айттық.
Өзі қатты қаламаса да, ана болған соң, балалары үшін сол кезде үлкендерді тыңдады. Шүкір, қазір бақытты. Соған қуанам. Жақында тұңғышын ұзатып, той жасады. Жаратқан бақытын ұзағынан етсе екен. Ешбір ана да, бала да жыламаса екен.

Ońtústik Rabat газеті, №3 (19.01.2023)