Қарттарға құрмет жалғасын табуда

Ардагерлерді ардақтаған жиынға негізінен білім саласында елеулі еңбек еткен ұстаздар мен медицина саласының білгірлері шақырылды
Ардагерлерді ардақтаған жиынға негізінен білім саласында елеулі еңбек еткен ұстаздар мен медицина саласының білгірлері шақырылды

Бүгін Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрында ардагерлерді ардақтаған мерекелік шара болып өтті. Шаһарда ескерткіші орнатылған әрбір баһадүрдің тарихи сәттерінен сахналық қойылымдар қойылып, ұлттық рухты асқақтатты. «Қамқорлық» білім қызметкерлерінің қауымдастығы ұйытқы болған кездесуге негізінен ардагер педагогтар мен медицина саласының білгірлері, бас-аяғы 200-дей қарт шақырылды.

Нәбира ЖҮЗБАЕВА, «Қамқорлық» білім қызметкерлері қауымдастығының төрайымы: «Қазақ халқының анасы мен атасы қарттар үйінде күн санап көбейіп барады. Симай жатыр. Жалпы баланы жүйелі тәрбиеге баулымаудан болып жатқан салдар деп ойлаймын мен мұны. Сондықтан да жастарымыз үлкенді сыйлай білуі тиіс. Біздің осы шараны ұйымдастыруымыздағы басты мақсатымыз да осы».

Мафрат ОРЫНБАЕВА, зейнеткер: «Біз азайып бара жатқанымызбен, біздің орнымызды басып келе жатқан жастарға мен сенемін. Өмір — өзен дейді. Көш керуендей көшіп бара жатқан асыл қарттарымыздың жақсы қасиеттерін жастардың бойынан көрсем деймін. Және соларға үлгі-өнеге болатын қарттарымыз аман-есен жүре берсін».

Бұл күні талмай еңбек еткен 30-ға жуық ардагер ұстазға облыс әкімінің алғыс хаты тапсырылды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар береке мен бейбітшіліктің нышаны ретінде әрбір қарияға ақ дастархан мен көгершін сыйлады. Қаперіңізде жүрсін, облысымызда 180 мыңнан аса қазыналы қартымыз бар.