«Қазақтың аты-жөнін «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын!»

«Қазақтың аты-жөнін «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын!»
«Қазақтың аты-жөнін «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын!»

Жаза-жаза жауыр болған тақырыпты тағы да сөз еткелі отырмыз. Жетпіс жыл киген отарлық сананың қамытын бұзып-жарып шығуға тәуелсіз болған 21 жыл өтсе де шамамыз жетпей жатқан сияқты. Әйтпесе 1917 жылы бірінші жалпықазақ съезінде  Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан сөз алып: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп,   «-ов, -ев», – деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп үндеу тастап, арнайы қаулы қабылдаған еді. Ұлт болып ұйысуға жол сілтеген ұлттық идея орыстандыру саясатының қыспағына қамалмағанда  бұл мәселеге бүгінде бас қатырмас па едік, бәлкім… Әлихан атамыздың бастамасынан  бері де бір ғасырға жуық уақыт өтті. Әлі күнге дейін фамилиямыздағы -ов, -ова, -ев, -ева жалғауларынан арыла алмай келеміз. Қосақталып бірге жүр. Түйін болса, тарқатылған жоқ.

Көпен Әмірбек, сатирик, жазушы

– Тәуелсіздік алмай тұрған жылдары Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болды. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген кеңестік ұранды алып тастағанда біраз журналистердің екі көзі тас төбесіне шықты. Сосын «-ов, -ова, -ин, -ина» деген орыстың фамилиясын алу, алмауды өздерің біліңдер» деді де, бірінші рет Мұртазаев емес, Шерхан Мұртаза деп газетке қол қойды. Сол сол-ақ екен бәріміз ата-тегімізге жабысқан «-ов»ты арам бездей сылып тастадық.

Былтыр Шымкент қаласының экс-әкімі Арман Жетпісбай қарамағындағы шенеуніктерді жинап алып: «әз-Наурызды «-ов», «-ев» жалғауынсыз қарсы алайық!» деген ұсыныс тастап еді «Біздің отбасымызда барлығы да тегін қазақшалап, «-ев», «-ева» жалғауынан баяғыда-ақ арылған», – деп ағынан жарылған басшының бастамасын іліп әкетер ешкім болмады. Әкім-қараларға «-ев», «-ов» жалғауынан арылса тақтарынан тайып қалатындай көрінді ме, көпшілігі үнсіз қалды. Арман Шәріпбайұлы сияқты біраз жыл бұрын қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай да Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасарлығына «-евсіз» келіп жұртты сүйсіндірген еді. Ал қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде ешкімнен тайсалмай, өз тегін қазақша жаздырған Бауыржан Момышұлының ерлігі көпке қашанда үлгі. Иә, үлгі. Бірақ біздер сынықтан сылтау іздегенге құмармыз. Жалқаулық дерті меңдеп алған бойымызды. Үйде отырып, жеке куәлікті қазақшаға ауыстырудың машақаты көп деп байбалам саламыз.

Біле білсек, ел Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат — ов, — ев, — ова, — ева, — ин, — и, — ины, — на, — овна, — евна, — ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген.

Бізде көп адамдар жеке куәлікті өзгертсек, осыған сәйкес барлық құжаттарды — диплом, үй-жай, көлік, басқа да мүліктердің құжаттарының бәрін ауыстыруға тура келеді. АХАЖ бөлімдерінен, басқа да мекемелерден анықтама алу үшін жүгіріп, сергелдеңге түсеміз деп ойлайды. Бірақ осы Жарлықтың 3 тармағында тегі мен әкесінің атын қазақшалау азаматтардың жеке басының субъектілік құқығына ешқандай кесірін тигізбейтіні көрсетілген. Яғни басқа ешқандай мүлікке қатысты құжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ, тек жеке куәлікке байланысты сәйкес жеке сәйкестендіру нөмірі, салық төлеушінің нөмірі және жеке әлеуметтік код нөмірі ғана ауыстырылатын көрінеді.

Қазіргі ереже бойынша «-ов» және «-ев» жалғауларынан арылғысы келетін азаматтар екі түрлі нұсқа таңдай алады екен. Бірі – тегінің түбірін қалдыру, екіншісі – «-ұлы», «-қызы» деген сөзді жалғау.

Ендеше тегімізді қазақша жаздырып, ала-құлалықтан арылатын кез жетті. Бала-шағамыздың тегін жаздырарда осыны естен шығармайық.

Әйгерім Бегімбет

 

Сіз не дейсіз?

Балқия Көмекбаева, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы

– Көрші елдерді алып қарайтын болсақ, армян халқында Джигерханян, Саркесян,  Петросян деген әйгілі фамилиялар кең тараған. Грузиндерде ұлы деген мағынаны білдіретін, «дзе» қосымшасымен жалғанатын Шевернадзе, Кикабидзе, Меладзе дейтін және ұлы, баласы дейтін мағынаны білдіретін «швили» сөзі қосылып жазылады. Корей халқында Пак, Ли, Чоль, Цой деп қысқаша фамилиялар көп кездеседі. Мұның бәрін мысалға келтіріп тұрғаным, кісі есімдері бұл сол ұлттың төлқұжаты. Қазір біз Саркисьян дейтін болсақ, грузин ұлтының өкілі екенін бірден танимыз. Сол секілді біз де туу туралы куәлік пен жеке куәлік алғанда «ұлы», «қызы» деп қазақы дәстүрге сай құжат толтыруымыз қажет. Облысымызда 2011 жылы дүние есігін ашқан 78 801 сәбидің 67 532-сінің (85,7%) тегі туу туралы куәліктері қазақша толтырылған. Ал осы айдың 9 айында туылған 61 452 баланың 54 692-сінің (89%) тегі қазақша жазылған. Қуантатын көрсеткіш.

 

Майра Қаһарманқызы, Шымкент қалалық АХАТ бөлімінің жетекші маманы

–Жыл басынан бері бізге тегін ауыстыруға 247 адамнан өтініш келіп түсті. Фамилиядағы жалғаулардан арылудың ешқандай қиындығы жоқ. Ол үшін ата-ананың жеке куәлігі, өздінің туу туралы куәлігі мен үй кітапшасын алып келіп, бізге өтініш жазса болды. Бізде қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған. Олар барлық қызметтерді қарастырады деп ойлап, көп адамдар сонда барады. Екі-үш күн кезек күтеді. Кеңес алып, шаруасын ол жер шешпейтін біліп, бізге келемін дегенше уақыттарын жоғалтады. Адамдардың «сандалып жүрміз» – дегендері осы мәселеден туындап жатыр.