Қазақ көші қаңтарылып тұр

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды

Әлем қазақтарының басын бір шаңыраққа қосқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай, жер-жерде бәтуалы басқосулар, жиын-тойлар дүркіреп өтті. Алыстағы ағайындардан, Ресей, Қытай, Германия, Швеция, Норвегия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы 20 қазақ мәдени орталықтарының өкілдері арнайы ат арытып жетті.

Әр елге тарыдай шашылған қандастарымызды отанға шақыру – бұл ұлт мүддесі, сыртқы саясатымыздың негізгі басым бағыттарының бірі болатын. Ең алғашқы құрылтай Алматы қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп, онда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Осы жиында Елбасымыз қауымдастықтың төрағасы ретінде бірауыздан сайланды. Одан бері 20 жылдың ішінде дүниежүзі қазақтарының басы 4 рет қосылыпты.

2002 жылы 2-інші құрылтай Түркістанда өтсе, 2005 жылы Астана қаласында үшінші рет ұйымдастырылды. Соңғысы былтыр көктемнің соңына қарай Елордада өткенін білесіздер. Әсілінде, қауымдастықтың негізгі миссиясы ― шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында байланыс жасау. Сонымен қатар жүрегі қазақ деп соғатын әлем қазақтарын елге шақыру, олардың мұң-мұқтажын зерттеп, зерделеу мағыналы басқосудың негізгі мақсаттарының бірі.

Хош, әр бес жыл сайын өтіп тұратын құрылтай қазаққа не берді? Алдына үлкен мақсат қойып, жатжұрттағы қандастардың жыртығын жамауға әрекет жасаған үкіметтік емес ұйым өз миссиясын атқара алды ма? Біле-білсек, бүгінде 5 миллионға жуық қазақ өзге елдің суын ішіп, ауасын жұтып жүр. Статистер 20 жылдың ішінде 1,5 миллион отандасымыздың елге оралғанын айтады. Яғни, 300 мыңнан астам отбасын қарсы алыппыз. Ал қалған ағайындардың қашан өтерін бір Алла біледі. Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы талқылану үстінде.

Мойындау керек, бүгінде шетелден келетін қазақтардың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуда түрлі кедергілерден жаны қиналып жүр. Әсіресе, Қытай, Моңғолия, Түркия қазақтары құжат дайындаудан әбден мезі болған. Құрылтай өткізуді даңғара жиналысқа айналдырғанымызбен, басым бағытты жүзеге асыруда немқұрайлылыққа ұрынып жүргендейміз. Мұндай пікірді көптеген қоғам қайраткерлері мен саясаткерлері де қоштайды. Мәселен, зиялы қауым өкілдерінен Мұхтар Шаханов, Смағұл Елубайдың көштің қаңтарылып тұрғаны хақында дүркін-дүркін мәселе көтеріп жүргенін белгілі.

Ең алғашқы құрылтай Алматы қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп, онда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.

Рас, елге асыққан туыстарды отанға өткізу де оңай емес. Олардың шетелде қандай күй кешіп жатқандарына бір сәт үңіліп көрдік пе? Көптеген қазақ диаспораларының қысымға ұшырап жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Бүгінде әлемнің 40-тан астам мемлекетінде қазақтар қоныстанған. Олардың басым бөлігі қоңсы елдерде. Соңғы мәліметтер бойынша Өзбекстанда 1,5 миллион, Қытайда 1,5 миллион, Ресейде 1 млн.-ға жуық, Моңғолияда 140 мың, Түркіменстанда 80 мың, Қыр­ғыз­станда 45 мың және Иранда 15 мыңдай отандасымыз бар. Жат елде қазақ мәдени орталықтары ашылып жатыр дегенімізбен, қазақ мектептерінің халі аянышты күйде.

Мәселен, Ресейде бүгінде екі қазақ мектебі жабылудың сәл-ақ алдында тұр. Ондағы ағайындардың айтуынша, қазақ мектебін бітірген түлектер жергілікті жоғары оқу орындарына түсе алмай қиналып жүр. Ресейдің Алтай өлкесі Керей ауылындағы қазақ мектебінде бүгінде бар-жоғы қырық бала білім алады екен. Сондықтан, ормандай ұлыған орыстардың қонысына қазақ мектебін салу күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Шығысымыздағы қоңсы елдің өзге ұлт өкілдеріне озбырлық көрсетуі БАҚ беттерінде дүркін-дүркін жазылып та жүр. Қазақ мектептерінің есігіне құлып салудан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуі де ойлантарлық. Сонымен қоса, Қытайдан келген қандастардың жиі-жиі көтеріп жүрген мәселесі – Үрімжі мен Бейжіңде қалың қазақтың визаға қолы жетпей сабылып жүргені. Жалпы, мұның астарында Қытайдың сұрқия саясаты тұрғанын аңғару қиын емес.

Моңғолиядағы бауырларымыздың жағдайы да күрделі. Ұлан-батор қаласындағы қазақ мәдени орталығының бастығы, медицина ғылымдарының докторы Асай Рәбіштің мәлімдегеніндей, елде қазақ тілді БАҚ- тардың халі мүшкіл. Қаржы тапшылығынан төл тіліміздегі баспалар тарап кетіпті. Байқағанымыздай, өзге елдердегі қазақ диаспораларының ахуалы алаңдатарлық. Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қазақтардың елге қотарыла көшу ниеті болғанымен, екі ел арасында құжат мәселесі әліге дейін оң шешімін таппаған. Айта берсек, жүрек ауыртар мәселе көп.

20 жылдың ішінде дүниежүзі қазақтарының басы 4 рет қосылыпты

Жалпы, қазақ көшінің тоқтауына не кедергі? Қоғамда бұл мәселе жөнінде әр түрлі әңгіме бар. Қазақ баспасөздерінде өз қандастарымызды өзіміз кері итеріп жатқандығымыз хақында айтылып та, жазылып та жүр. «Нұрлы көштің» тұсалғаны, мемлекеттік қазынадан берілетін квотаның мардымсыздығын айтпағанда, оралман ағайындарды өзектен тебетініміз қалай? Осы тұста қауымдастықтың төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің дөрекі мәлімдемесі ойымызға оралады. Талғат мырзаның «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заңды сөз еткен аты дардай жиында қызды-қыздымен «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер. Жөні жоқ есіріп, құтырмаңдар» деп мәлімдеуі оралмандардың наразылығын тудырды.

Басқа басқа емес, қауымдастықтың тізгінін ұстап отырған азаматтың осылай дегенінен көпшіліктің тіксініп қалғаны рас. Ал Көші-қон комитетінің бұрынғы басшысы Қабылсаят Әбішев те қандастарды қажытатын сөз айтқан еді. Ол шеттен келген оралмандардың 99%-ы сауатсыз деп, қандастардың «қарғысына» ұшыраған-тұғын. Міне, мәселе қайда жатыр? Шындығында солай ма?

Әрине, олардың бәріне топырақ шашуға болмайды. Олардың арасында еңбекке қабілетті, зиялы қауым өкілдерінің қатары көп екенін статистика деректерінен аңғарамыз. Мәселен, ел аумағындағы еңбекке қабілетті 448 459 оралманның 224 000-ы (50,0 %) жұмыс істейді екен. Ал 179 000-ы өзін өзі жұмыспен қамтыған. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 5500- ге жуық студент оқыса, дайындық курстарындағы олардың саны 160-ты құрайды. Әскер қатарында қызмет етіп жүргендері қаншама. Айта өтсек, 620 қандас ҚР Қарулы Күштерінің қатарында қызмет атқарып жүр. Ғылым мен білімге ден қойғандары да баршылық. Олардың арасында 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты бар болса, 40777-сі жоғары білімді, 2509-ының аяқталмаған жоғары және 93600-інің орта арнаулы білімі бар.

Осыншалықты қарымы бар бұқара қауымды «аутсайдерлер» деп атағаны көңілге қонымсыз, әрине. Осындай жаңсақ мәлімдемелердің кесірінен алыстағы ағайынды үркітіп, көңілдеріне қаяу түсіріп алуымыз да мүмкін жәйт. Сондықтан да бұл мәселеге атүсті қарамай, көштің бойына қан жүгіртудің жолдарын іздестірсек ұтарымыз көп еді.

Тағабай ҚАСЫМ