«Үлкен айуанға алып келіңдер!»

«О, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танимысың сен мені? Мен қазақтың баласы»
«О, тәкаппар дүние,  Маған да бір қарашы. Танимысың сен мені? Мен қазақтың баласы»
«О, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені?
Мен қазақтың баласы»

Тоқсаныншы жылдың жаз айы. КСРО-ның дағдарысқа ұшырап, еліміздің экономикалық хал-ахуалының тығырыққа тіреліп тұрған кезі.

Келіншегімнің төркіні Өзбекстанның Бұхара облысы, Газли қаласында. Кезекті еңбек демалысымды алып, келіншегіммен қайынжұртқа жол тарттық. Қолымда ата-бабадан мұра болып қалған домбыра, сырт көзге қараған адамға:

«О, тәкаппар дүние, 

Маған да бір қарашы.

Танимысың сен мені?

Мен қазақтың баласы» – дегендей, ала тақиялы бауырлас өзбек жерінде тарихтан сыр шерткендеймін.

Кештетіп Газлиге де жеттік. Келіншегімнің туысқандары сағынып күтіп отыр екен, құшақ жая қарсы алып, мәз-мейрам болуда.

Газли қаласын өзбек жері демесең, негізгі тұрғындары қаракөз қазақтар, ата-бабамыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін бойларына сіңіріп осы уақытқа дейін қастерлеп келе жатқан қазақы жұрт. Олай дейтінім, әрбір үйдің ауласында ою-өрнектермен нақышталып жасалған алты, сегіз қанатты ескіден келе жатқан ақбоз киіз үйлер, кимешек, камзол киген апаларды, қазақтың тақиясын киіп, үстіне шапан ілген ер-азаматтарды көргенде, япырмай, осы мен қайда жүрмін дегендей ерекше бір күйге бөленесің.

Барған күннің ертесіне өзбек елімен көршілес жатқан бауырлас түрікмен жеріне, Газошақ қаласына келіншегімнің бөлелерінің ауылына сапарға шықтық. Сапарымыз оң болып, үлкен тойдың үстінен түстік. Газошақ қаласының 20-жылдық мерекесі, орталық алаңда бірқатар түрікменше, қазақша киіз үйлер тігілген, осы қалада тұратын барлық ұлт пен ұлыс бір кісінің баласындай тойлау үстінде, әр-әр жерде оркестр, ансамбльдің сүйемелдеуінде әндер айтылуда, менің делебем қозып, сырт елде жүрген қазақ бауырларыма арнап ән салғым келді, білмеймін неге екенін ретін келтіре алмадым. Жат жер болған соң қысылған шығармын.

Орталық алаңда түрікменнің халық ақыны атақты Мақтұмғұлының ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, түрікмен елі өз ұлтының нағыз патриоттары екенін және ұлтын қатты құрметтейтіндігін аңғардым.

Ертесіне бізге арналған дастарқанға барлық ағайын-туыс, бауырлары жиналып, өздерінің түпкілікті атамекені Қазақ жері екенін білдіріп, біздерге қызығып, қызғанышпен қарап, жүректерінің төрінде жатқан төркінді сөздерін ортаға салып, сырларын ақтарып жатқан кезде қорабында үнсіз жатқан домбыраны еріксіз қолыма алып, жан бітіріп, құлағын бұрап, бір-екі шертіп қалғанда, құлақтың құрышын қандыратын қоңыр үнге үнсіз құлақ түргендер маған қарай жалт қарасты.

Шабыттың келгені ме білмеймін, өзіме лайықты қоңыр дауысыммен, қазақи дауыспен олардың жан дүниесін түсінгендей домбыраға қосылып тоқтамастан екі-үш ән салдым.

Сол-ақ екен, келіншегімнің үлкен бөлесі Әділхан:

– Уа, күйеу жігіт, мұндай өнерің бар екен, неге ерте айтпадың, манағы алаңда өзіңе ән айтқызып, сырт жерде жүрсек те, бір жасап қалатын едік қой, – деп орнынан тұрды да, – оқасы жоқ, бүгін кешке мына Шарлауық деген көрші ауылда Базарбай бидің үйінде үлкен той бар, іздесек таба алмайтын, шақырсақ келе алмайтын сонау атамекеннен келген киелі қонақсың, сол тойдың құрметті қонағы боласың, – деді де, көлігіне мініп, байқадым сол ауылға сүйінші сұрауға кетті-ау деймін…

Кеш болып қалды, Әділхан екі езуінде күлкі, қуаныштың күлкісі, менің қал-жағдайымды сұрап, асты-үстіме түсіп жатыр. Шаршап қалма, мен сенің мақтауыңды жеткіздім, тойыңа арнайы атамекеннен атақты жырауды шақырттым дегендей мақтанышпен ойларын айтып келе жатты. Қалай болар екен жұрттың алдында, ондай ысылып айтып жүрген әнші емеспін, неде болса нар тәуекел, мұра болып қалған қара домбыраның рухы қолдасын деп, бір Аллаға сыйындым.

Шарлауық аулына да келгенше Әдекең ол ауылда 12 би бар екенін, той жасап жатқан Базарбай сол ауылдың бас биі екен, бірлігі мықты, берекелі ауыл екенін мақтан қылып айтып келе жатыр. Екі ауылдың арасы онша қашық болмаса да, көруге асыққан құштар көңіл алыстатып жібергендей күй кештім.

Келіп жеттік-ау әйтеуір, қараңғы түн, электр жарығымен той болып жатқан үйдің айналасы жарқырап тұр, тойға келген адамда есеп жоқ, барлықтары бізді күтіп тұрғандай жамырай қарасты.

Бір кезде оқыс дауыстан селт ете қалдым. «Қазақстаннан келген жырауды кіші айуанға алып кіріңіздер» дегенді түсінбей қарап, оқыстан тоқтап, айуаны несі екен деп іштей ойға кеткенімді күтіп алған ер-азамат бірден түсініп, сәл жымиды да үйге алып кірді. Кіші айуан деген 50 шаршы метрдей келетін кіші қонақ бөлмесі екен, өзбек еліне сіңісіп кеткен бе, қонақ бөлмені айуан деп атап кетіпті. Үлкен дастарқан жасалған төрге шығарды да бір өзімді қалдырып кетті.

Шамалы уақыттан кейін ауылдың он екі биі, той иесі Базарбай және жолдасы Әділхан кіші айуанға кіріп, бірін-бірі таныс-тырып, өз ризашылықтарын, елге деген сағыныштарын жеткізіп жатты.

Шамалы уақыттан кейін тойға жиналған халықтың алдында ән айтасың, демалып ал дегендей қошемет көрсетіп, мені біраз уақытқа оңаша қалдырды.

Кенеттен тағы да бағанадағыдай оқыс дауыс естілді. «Қазақстаннан келген жырауды үлкен айуанға алып келіңдер. Ауылдың түйе балуандарын жіберіңдер, қошемет көрсетсін» – деді. Сол-ақ екен, еңгезердей екі жігіт, қолдарында сүлгі, мені орнымнан қолтықтап тұрғызып, үлкен айуанға алып барды. Үлкен айуан дегеніміз алды ашық, бірақ төрі бар сәкіге ұқсас, 80 шаршы метрдей орын екен.

Төрге қалың кілемнің үстінде қазақша оюлармен өрнектелген мамық көрпешеге отырғызды. Екі жағымда екі-екіден құс жастық, манағы екі палуан жігіт сүлгілерін қолына алып мені желпу үстінде, айналама қарасам, құжынаған халық, мына құдайы қонақтан қандай үн шығар екен, біздің жан дүниемізді баулап алатындай әні бар ма? – дегендей іштей үн қатып тұрған сияқты.

Домбыраның құлағын жай ғана күйіне келтіріп, шет жерде атамекенін аңсап, сағыныштан жарыла жаздап тұрған қандастарыма көз тастап, алыстағы қазағымның кең даласына оймен көз жүгірттім. Құлағыма «өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деп бабалардың үні жеткендей болды.

Айтылған ән, айтылған терме домбыраның сазды әуенімен қандастарымызды кең байтақ еліміз – Қазақ жеріне қол бұлғап шақырып жатқандай…

Қоштасар кезімде үлкен-кіші, кәрісі, бірі қолымнан алып, бірі бетімнен, бірі маңдайымнан сүйіп, елге ыстық сәлемін айтып қимай қоштасты.

Міне, осы сәт әрқашанда менің жадымнан шығар емес, кешегі күнге ой тастап, ертеңгі күнге көз тастап қарасам, еліміз бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған егемендігін алып, тәуелсіз еліміз Қазақстанның көк байрағын аспанда желбіретіп, шет жерде жүрген қандастарымыздың өз отанына оралуына үлкен күш-жігер жұмсады.

«Елу жылда – ел жаңа» дегендей еліміздің экономикасын нығайтып, іргелі біртұтас өркениетті елдердің қатарына қосылуына шет жерден атамекенге қайтып қоныс тепкен қандастарымызда аянбай еңбек етіп, бір қазанда біте қайнасуда.

Қазағымыздың жоғалғаны табылып, төрт құбыласының түгел болуы ел тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Ерғазы Түбеков