Қасиетті жұма күні әлем мұсылмандары асыға күткен ұлық мереке басталғалы тұр. Жер-жаһанға ізгілік нұрын ала келетін Құрбан айттың дінімізде алар орны ерекше. Мұсылман жамағатын татуластырып, құлшылыққа үндейтін ғибратты мейрам елімізге құт болғай.
Мұсылман күнтізбесі бойынша Зулхижжа айының 10-шы жұлдызы Құрбан айттың алғашқы күні. Биылғы мереке жер-жерде аста-төк тойлануы тиіс. Мейрамның алдында алқалы жиынын өткізген Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет аймақтағы өкіл имамдарға осылай үндеу тастады. Негізінен, Құрбан айтты хал-қадірімізше атап өткеніміз жөн. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көптеп айтылады. Мәселен, Құран Кәрімнің «Кәусар» сүресінде: «Расында біз саған Кәусарды бердік. Ендеше, сен де (осы жақсылыққа шүкіршілік ретінде) Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп бұйырылған. Ал Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді. “Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”. Міне, осындай міндеттемелерден кейін құрбандық шалу күллі мұсылманға уәжіп амал.
Құрбандық шалудың түп-төркіні Ибраһим (а.с.) пайғамбардың кезіндегі оқиғадан басталғанын білеміз. Алла Тағала Ибраһимге (а.с.) баласы Ысмайылды құрбандыққа шалуды бұйырады. Жаратушы иенің бұйрығын жете түсінген Ысмайыл да «тәуекел ет, әке!», деп жүзі лыпылдаған пышаққа мойнын тоспап па еді. Бірақ Алланың әмірімен жүзі өткір пышақ қылдырықтай мойынды орып жіберуге пәрмені жетпейді. Дәл осы мезетте Алла тағаланың Ибраһимге рақымы түсіп, көктен қырық жыл жәннатта тұрған қошқарды Жебірейіл періште арқылы жерге түсіреді.
Осы кезден бері көкейінде Құдайға сенімі бар пенделер жылына бір рет құрбандыққа мал шалып келеді. Бір айта кетерлігі, Алла разылығы үшін құрбандыққа мал шалудың өз ерекшеліктері бар. Ең әуелі мұсылман болуы шарт. Одан кейін балиғат жасына жеткен, мереке кезінде жолаушы емес және қалтасында 85 грамм алтын, яғни 400 мың теңге қаржысы бар әрбір мұсылман бұл міндетті орындай алады. Мүмкіндік болса, әрбір пенденің құрбандықты өзі шалғаны – сауапты іс. Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа жарамды. Дін ғұламаларының айтуынша, сойылған малдың етін үш бөлікке бөліп, таратып беруі тиіс. Яғни еттің бір бөлігін өзің жеп, қалғанын ет жақын туыстарыңа және кедей-міскіндерге тарату ләзім.
Бекайдар ҚЫМБАТОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары, дінтанушы
– Мұсылмандар арасында құлшылықтың негізгі міндеттерін дұрыс түсінбей жүргендері бар. Ислам ауырлық емес, жеңілдікті қалайды. Құрбан айт мейрамында ең әуелі ниет-пиғылдың дұрыстығына мән берейік. Одан кейін құрбандықтарыңызды үш күннің ішінде сойып үлгерулеріңіз қажет. Үй-үйді аралап, мерекелеудің де жөні бар. Ең бірінші ескеретіні, ысырапқа жол берілмесе екен. Ал үй аралаушылардың әуелі қайтыс болған үйде Құран оқып бастауының ешқандай сөкеттігі жоқ. Дінімізде мұндай амалға рұқсат. Жасаған құлшылық ниеттеріңізді Алла қабыл етсін!
Дініміз исламда мұсылмандар үшін екі мейрам бар десек, соның бірі Құрбан айт. Таң қылаң бергеннен толықтай тазаланып, таза киініп, мешітке айт намазын жамағатпен оқу – әрбір жанның көкірек көзін ашып, сансыз сауап алуға жетелейді. Барша мұсылмандардың сәждеге бас қойып, Құдайға шын ниетімен жалбарынуы мерекенің негізгі амалы болмақ. Намаздан соң бір-бірін ұлық мерекемен құттықтаған пенделер мейрамның негізгі өзегі құрбандыққа мал бауыздауға кіріседі. Бұл амалды арнайы белгіленген орындарда атқарып болғаннан кейінгі мұсылмандардың көрші-қолаң, туған-туыстың үйіне қыдырыстауы мейрамның шырайын кіргізері хақ. Өйткені асыл дінімізде ауырып жатқандардың көңілін сұрау, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, жылы жұмсақ сөйлеу сауапты амалдардан.
Мерекеде ренжіскендер қайта табысып, жора-жолдастарына сый-сыяпат жасау ізгілікті іс. Ислам дінінде ауырлық жоқ екендігін қаперге алсақ, құрбандыққа мал союға шамасы жетпейтіндер мерекеде тазаланып, хош иіс себініп, құлшылықтың ақысын өтей алады. Ислам құндылықтарының ғибраты осы емес пе? Біле білсек, әлемнің көптеген елдерінде Құрбан айт күндері мемлекеттік мереке. Біз де мұндай сый-құрметтен кенде емеспіз. Бүгінде айттың алғашқы күні республика көлемінде демалыс ретінде белгіленген. Айт күндерінің демалыс екендігі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Құрбан айт күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды”, – деген хадисі де қуаттай түседі.
Қалтасында 85 грамм алтын, яғни 400 мың теңге қаржысы бар әрбір мұсылман бұл міндетті орындай алады
Расы керек, тағылымды амалды тойлаудың қаншалықты мол сауап екендігін көпшілік ұғына бермейді. Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттыратынын білдік. Енді көзі тірісінде құрбан шалған пендені ақиретте қанша сауап күтіп тұрғанын айта кетейік. Демек, құрбандық шалуда адамның ішкі ниеті, дінге бекемдігі, тақуалығы таразыға түседі екен. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Адам баласы Құрбан айт күні қан ағызудан сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді.
Сондықтан құрбандықтарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»,– дейді. Яғни, амалды шын ниетімізбен орындап қана сауапқа кенелеміз. Сондай-ақ Алла Елшісі (с.ғ.с.) Алла разылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін жеткізген. “Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – қылкөпірден өтердегі өз көліктерің”,– деп адамзаттың ардақты ұстазы құрбандық малының етті болу керектігін меңзеген.
Қадірлі мерекеде шынайы амал жасауға әрекет етіп, көл-көсір сауапты иемденуге ұмтылайық, қадірменді жамағат! Алла Тағала әрбіріміздің жасаған шынайы құлшылықтарымызды қабыл еткей!
Тағабай ҚАСЫМ